16 мамырда ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығыш апатының себептерін тексеру комиссиясының басшысы Александр Данилюк 7 маусымда тергеу нәтижелерін ұсынуы тиіс болатын.
«20-дан астам комиссия мүшелері апат себебі - жинау барысында кеткен өндірістік ақау деген тұжырымға келді, ол құбырсорғы агрегатының мойынтірегі торабының бұзылуына әкелді», - дейді Данилюк. - Бұл соңғы нұсқамыз, бұған алып-қосарымыз жоқ».
Естеріңізге сала кетейік, «Бриз-М» сына блогымен және «Экспресс АМ4R» байланыс серігімен «Протон-М» зымыран тасығышы 16 мамырда Байқоңырдан ұшырылған болатын. Үшінші саты ұшырылымның 324-ші секундында өз жұмысын бастады, ол 583-ші секундта жұмысын аяқтауы тиіс болатын. Ал оның ұшуы 546-шы секундта аяқталды; үшінші саты 37 секундты еңсере алмады. Телеметрия үшінші сатының басқару қозғалтқышында қысымның күрт төмендеп кеткенін көрсеткен.
Егер комиссия тұжырымы дұрыс болса, өндірістік ақауға кінәлілерді Хруничев орталығының филиалы болып табылатын Воронеж механикалық зауытынан іздестірген жөн. «Известияға» хабарлағандай, мойынтіректі сатып алу, орнату, сынақтан өткізуді осы зауытта жүзеге асырылған.
Ал Хруничев орталығы басшылығының дереккөзі комиссияның нұсқасын негізсіз деп санайды.
«Мойынтірекке қатысты нұсқа жасалған математикалық үлгіге мүлдем сәйкес келмейді. Бірақ бізде баламалы нұсқа жоқ. Шындығына келгенде, не болғанын біз өзіміз де білмейміз. Бірақ қозғалтқыш дайындалған Хруничев орталығы мен химиялық автоматика конструкторлық бюросы мойынтірек туралы нұсқамен келіспей отыр», - дейді олар.
Данилюк Хруничев өкілдерінің көзқарасын білетінін, бірақ қазіргі жағдайда ол маңызды емес екендігін айтты.
«Хруничев орталығы бұл жағдайда - мүдделі тарап, сондықтан апат себептерін тексеретін комиссияның құрамына олардың өкілдері қосылмады. Бағаны тәуелсіз сарапшылар берді, олардың арасында анау айтқандай келіспеушіліктер орын алған жоқ», - деп түйіндеді сөзін Данилюк.
Өндірістік ақау соңғы жылдары «Протон» зымырандарының апатына жиі себеп болуда. Соңғы жылдары қолайсыз жағдайлардың көпшілігі «Бриз» сына блоктарының штаттық емес жұмысы салдарынан орын алды. Көбіне талаптар омбылық «Полет» өндірістік бірлестігіне, сондай-ақ Хруничев еншілес кәсіпорындарының біріне қойылды.
2012 жылы тамызда ұшырылған «Протон» жоқ болып кеткеннен кейін «Полеттың» сапа және сертификат жөніндегі бас директоры Владимир Приходькин, сондай-ақ бас технолог, «Полет» бас инженерінің сапа жөніндегі орынбасары Сергей Анохин лауазымынан босатылған. Ал «Полет» ӨБ бас директоры Григорий Мураховскийге сөгіс жарияланған еді.
«Ресейғарыштың» апат себептерін анықтаудағы осы жолғы асығыстығы толықтай түсінікті: зымыран Федералдық ғарыш бағдарламасын іске асыру үшін де, коммерциялық ұшыру үшін де негізгі болып табылады. Ал апаттың себептері анықталып, өндірісте жойылмайынша, бірде-бір «Протон» ұшырылмайды. Егер комиссия жұмысы созыла беретін болса, ағымдағы жылғы барлық ұшыру бағдарламасы іске аспай қалады.
Сонымен бірге сарапшылар барлығын егжей-тегжейлі анықтамай, тұжырым шығаруға асықпауымыз қажет деген сенімде.
«16 мамырда орын алған апаттың себептері анықталмайынша, келесі зымыранды ұшыруға асықпаған жөн дер едім, - деді Циолковский атындағы Ресей ғарышкерлер академиясының корреспондент-мүшесі Андрей Ионин. - Себебі анықталмаса, мұндай жағдай келесіде тағы қайталануы мүмкін. 1999 жылы осындай жағдай болған: бір себеппен екі «Протон» құлады. Сол кезде комиссия ұшыру бағдарламасын жылдам қолға алу үшін қорытындыға қол қоюға асыққан болатын».
Дереккөз: ҚазАқпарат