"160-бап - "шпиондық". Қазақ тілінде бұдан да дұрыс баламасы бар ғой. 266-бап - "бандитизм". Мен "бандитизм" сөзінің түрлі тілдердегі аудармасын қарап шықтым, тәжік, араб, тіпті белорус тілінде де "бандитизмнің" баламасы бар", - деп наразылық білдірді Сенат депутаты Қожахмет Баймаханов.
"Белорус тілінде "бандитизм" қалай аударылады?" - деп сұрады жоғарғы палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев. "Кейін айтамын", - деді оған Баймаханов.
Депутат "лидер" (ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі) сөзінің аудармасына да наразылық білдірді. "Біздің тіліміз бай, сөздік қорымыз мол", - деді сенатор.
Ал Қуаныш Айтаханұлы "личность" және "арест" сөздерінің қазақшаға дұрыс аударылмағанын айтты. "Қолданыстағы кодекстің редакциясы жаңа кодекс мазмұнына қарағанда мейлінше түсінікті", - деді ол.
"Личность" сөзінің аудармасы туралы депутат Нұрлан Оразалин былай деді: "Жобада бұл сөз "тұлға" деп аударылған. Тұлға - өз елінің халқына қызмет етуге ерекше үлес қосқан адам. Қылмыстық кодекс жобасында бұл сөз әрбір сөйлем сайын қолданылады және ол бастапқы мағынасынан айырылған". "Қылмыскер тұлға болып шыға келді", - дейді ол.
Айта кетейік, Google-дің сөздігі бойынша "бандитизм" сөзінің белорус тіліндегі аудармасы - "бандытызм".
Дереккөз: tengrinews.kz