- Мектептерде жыл сайын оқу жылы аяғында жөндеу жұмыстарына деп оқушылардан ақша жинай бастайды. Осы қаншалықты заңды? Егер заңға қайшы болса, неге бұл үрдіс тоқтамайды? Жалпы, мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаражат бөліне ме?
Телефон арқылы
Сұраққа облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ жауап берді:
- Білім беру мекемелерінде ата-аналардан жөндеу жұмыстарына деп ақша жинау заңсыз. Осыған қатысты облыстық білім беру басқармасының 2011 жылғы 4 тамыздағы №409 бұйрығы шыққан болатын. Бірақ соның өзінде мектептерде ақша жинау фактілері жыл сайын қайталанып отырады. Бұл жерде мұғалімдер мен мектеп басшылары ата-аналардың өздері ұсыныс жасады дегенді айтады. Бірақ бюджеттен жыл сайын жөндеу жұмыстарына белгіленген норматив бойынша қаражат бөлінеді. Мәселен, еденді сырлау, қабырғаны сырлау, әктеу жұмыстарына. Ал, есікті, терезені жыл сайын ауыстыра бермейді ғой. Сыныптағы мүлікті, терезе жапқыштарын, есіктер мен шкафтарды оқушылар мен мұғалімдер күтіп ұстауы керек. Ал, ақша жинау фактілерін тек Әкімшілік кодекске, мәселен, «Мемлекеттік ұйым басшылары немесе қызметкерлері ақша жинап, үкімет имиджіне дақ түсірді» деген секілді арнайы бап енгізу арқылы ғана жеңетін шығармыз.
2014 жылдың мамыр айында қаладағы 56 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 22 570,0 мың теңге бөлінген. Күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылмаған. Жылыой ауданындағы 21 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 6 155,7 мың теңге бөлінсе, күрделі жөндеуге 57 070,0 мың теңге бөлінді. Индер ауданында 16 мектеп бар, ағымдағы жөндеуге 6 865,0 мың теңге, ал күрделі жөндеуге 283 935,0 мың теңге қарастырылған. Исатай ауданы – 15 мектеп, ағымдағы жөндеуге 3 070,0 мың теңге, күрделі жөндеу жұмыстарына 290 788,0 мың теңге бөлінді. Қызылқоға ауданы – 17 мектеп, ағымдағы жөндеу жұмыстарына 4 950,0 мың теңге, күрделі жөндеуге 202 422,0 мың теңге қарастырылған. Құрманғазы ауданы – 37 мектеп, ағымдағы жұмыстарға 4 558,0 мың теңге, күрделі жөндеуге 337 472,0 мың теңге бөлінген. Мақат ауданы – 9 мектеп, ағымдағы жөндеуге 6 870,0 мың теңге бөлінген, ал, күрделі жөндеу жұмыстарына ақша бөлінбеген. Махамбет ауданы – 17 мектеп, ағымдағы жөндеуге 3 600,0 мың теңге, ал, күрделі жөндеу жұмыстарына 178 851,0 мың теңге қарастырылған. Облыстық мәндегі 8 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 651,0 мың теңге бөлінген. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат жергілікті бюджеттен, ал күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджет есебінен бөлінген. Ал, балабақшаларға биыл тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі: Атырау қаласындағы 35 балабақшаға 7 000,0 мың теңге, Жылыой ауданындағы 9 балабақшаға 2 230,7 мың теңге, Исатай ауданындағы 9 балабақшаға 544,0 мың теңге, Қызылқоға ауданындағы 12 балабақшаға 392,0 мың теңге, Құрманғазы ауданындағы 20 балабақшаға 972,0 мың теңге, Мақат ауданындағы 8 балабақшаға 4 367,0 мың теңге, Махамбет ауданындағы 15 балабақшаға 2 500,0 мың теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Тек Индер ауданындағы7 балабақшаға қаражат қарастырылмаған.