Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті түрлі салада уағдаластықтарға қол жеткізілген бұл сапардың маңыздылығын атап өтті. Ол екі мемлекет басшысының қатысумен өңдеуші өнеркәсіп саласында да бірлескен өндірістер ашуды қарастырған бірқатар құжаттарға қол қойылғанын айтты.
– Қытай өз инвестициясы есебінен Таразда глифосат өндіретін жобаны жүзеге асыруымызға көмектеседі. Алматы облысында мұнай-газ құбырларын шығаратын зауыт құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қостанай облысындағы Торғай көмір кеніші маңында жылу электр стансасын салу мәселесі мұқият пысықталды. Қарағандыда көмір өңдеу, одан газ, бензин, дизельді отын және карбамид өндіру жөніндегі инновациялық компания жұмыс істейтін болады. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жоспарланып отырған азот тыңайтқыштары өндірісі де ғылымды және мол капиталды қажетсінеді. Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта құруға қатысатын болады. Бұдан бөлек, біз Қазақстаннан жеткізілетін мұнай мен газ көлемін ұлғайту жұмысын жүргіземіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Тынық мұхитындағы Ляньюньган портында Қазақстанның терминалын ашудың маңызы жоғары екенін атап айтты.
– Ол контейнерлерді Қытай мен Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізуге мүмкіндік береді. Терминалдың бастапқы қуаты жылына 3 млн тонна болып, болашақта екі есе ұлғайтылады. Осылайша, еліміздің транзиттік әлеуеті толық пайдаланылатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға келетін қытай инвестицияларының жалпы көлемі 10 миллиард доллардан асатынын атап өтті.
– Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ҚХР тарапынан қолдау табады. Жаңа жобалардың барлығы Қазақстан экономикасын нығайтуға, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға қызмет ететін болады, – деді Мемлекет басшысы.