Атырау, 23 қараша 12:20
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жан жылуы

3 999 просмотра

«28 ілмек» клубы жылы шұлық тоқып, мезгілінен бұрын дүниеге келген балаларға көмектескісі келетіндердің басын қосуда.

Барлығы 2012 жылы Астана қаласының №3 перзентханасынан қазақстандық фотожурналист Карла НҰР жүргізген репортаждан кейін басталды. Ол медициналық қызметкерлердің 500 грамдық нәрестені қалай күтіп-бағатындарын көрсеткен еді. Неонатологтардың айтуынша, дүниеге келген ең алғашқы сәтте дене салмағы өте төмен шақалақтардың бойындағы жылуды сақтап қалуға жұмыстану қажет. Сондықтан да кувез ішіндегі температураны сақтаумен қатар балалардың аяғына жүн шұлық керек екен. Аурухана бюджетінде мұндай шұлықтар алуға қаражат қаралмаған, сол себепті дәрігерлер жіп сатып алып, ұзындығы 7 см-ден аспайтын кішкентай шұлық тоқу үшін тәжірибелі тоқымашыларға тапсырыс береді. Шетелде осындай нәрестелердің аналары құрған қайырымдылық қорлары жұмыс жасайды. Олар перзентханаларды балаларға қажетті заттармен және ең кішкентай жөргектермен қамтамасыз етеді.

Клубты ұйымдастырушылар айтқандай, Қазақстанның барлық қаласында салмағы өте төмен нәрестелер жататын бөлім бар. Олардың салмақ жинап, адам болып кету пайыздары жоғары емес. Тоқыма шұлықтар мен басқа да жылы заттар осы үдеріске көмектеседі. «28 ілмек» клубының мақсаты – елдегі барлық неонатология бөлімдерін жылы заттармен қамтамасыз ету.

Карла Нұр осы нәрестелерге көмектескісі келетіндерді бірінші рет жинады. Алғашқы 35 жұп шұлық Астанадағы №1 Перинаталдық орталыққа жіберілді.

Бүгінде мұндай клубтар Астанада, Алматыда, Шымкентте, Петропавловскіде, сәуір айынан бері Атырауда жұмыс жасап жатыр. Карланы УГ-157/11 әйелдер түзету колониясындағы сотталғандарға «28 ілмек» клубы туралы айтып, дәріс өткізуге шақырды. Колониядағы әйелдер 14 кешен (бас киім мен шұлық), 10 жұп шұлық және екі бас киім тоқып, облыстық перзентханаға тапсырды.

Қаламызда осындай клуб ашуға «Ынтымақ» қауымдастығының еріктілері бастамашы болды. Олар әлеуметтік желілерде «Бізге қосылыңыздар!» деген үндеу тастады. Басында тоқып білу міндетті емес: білетіндер білмейтіндерге үйретеді, солай тізбектеліп жалғаса береді. Шұлық тоқуды ғаламтор арқылы бейне сабақтардан үйренуге де болады. Көпшілігі, кейін анықталғандай, мектеп жасында тоқыған екен, қазір дағдыларын қайта еске түсіріп, қолға алып жатыр. Алайда ұзындығы 4,5 см шұлық тоқу тәжірибелі тоқымашылар үшін де оңай шаруа емес екен, бұған үлкен шыдамдылық керек. Кездесуге келетін уақытың болмаса, үйден де тоқуға болады. Ең бастысы, арнайы гипоаллергендік жіп (100% акрил немесе 100% жүн, болмаса 50% акрил + 50% жүн) пайдалану қажет. Түкті, түбіт, махер және ангор жіптерін қолдануға болмайды – түк баланың аузына түсіп, өкпесіне кетіп қалуы мүмкін.

- Перзентханадағы дәрігерлер бізге мал жүнін пайдалануға кеңес берді. Балаларға шұлықтармен қатар кеудешелер де керек, - дейді ерікті Ирина КИМ.

Бұл іске Дәурен, Баха, Нұрсұлтан, Мирас сияқты басқа да жігіттер өз қол ұштарын тигізуде. Олардың, әрине, тоқу жағынан еш тәжірибелері жоқ, алайда балаларға көмектесуге деген ниеттері үлкен.

Ұйымдастырушылар «28 ілмек» клубының кездесуін айына екі рет ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қосылыңыздар!

 Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

15 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.