«Атырау аңшылық итбегілер клубының» мүшелері (солдан оңға дейін) А. Нұрымов, Жомарт Біржанов және С. Халменов өз иттерімен бірге. Үстіміздегі жылдың қаңтарында облыс орталығында «Атырау аңшылық итбегілер клубы» қоғамдық бірлестігі тіркелді. Жаңа ұйым туралы клуб төрағасы Серік ХАЛМЕНОВ пен оның орынбасары Арман НҰРЫМОВ әңгімелейді.
С.Х. – Қазақта «Ит жақсысы - тазы» деген қанатты сөз бар. Кеңестік кезеңде иттің бұл тұқымы ортаазиялық құмай тазы атауымен тіркелді. Бірақ оны Халықаралық кинологтар федерациясының (FCI) классификациясына қоспады. Алайда, бұл мұндай тұқым жоқ дегенді білдірмейді.
Тазылар көбіне Қазақстанда кең тараған. Оны Ресейдің, Белоруссияның және Украинаның кинологтық клубтары да өсіреді. Бір айта кетер жайт, бұлар кеңестік кезеңде Қазақстаннан алынған тазы тұқымдастар. Орталық Азияда, Батыс Еуропада және АҚШ-та құмай тазы ұстайтын итбегілер де жеткілікті. Алайда, бұл тұқым әлемдік деңгейде танылмауына байланысты ол жерлерде құмай тазы парсы тазыларының тұқымдастары деп тіркелген. Қазір Ұлттық құмай тазы клубы және Қазақстанның кинологтар одағы «қазақ тазысы» тұқымын тіркеу үшін Халықаралық кинологтар федерациясына өтінім берді.
Тазыны көбіне қырғыз тайғаны, ауған бакхмулі, оңтүстік орыс дала тазысы сияқты тұқымдармен шатастырады. Кезінде кеңес ғалымы А.А. Слудский Қазақстан аумағындағы тазыны зерттеп, «Қазақ тазысы және онымен аң аулау» деген кітап жазған. Қазақ ССР-інде басылымға шығарылған «Саят» жинағында Ғ. Нұрпейісовтың, Ж. Бабалықұлының, А. Тұрдыбаевтың тазы туралы очерктері және М. Мағауиннің «Тазының өлімі» әңгімесі енгізілген. Менің отбасымда атам Ибн-Ғаббастың аңшы ағасы Байғожа мен оның Бүркіт атты тазысы туралы жазбаша және ауызша естеліктері күні бүгінге дейін сақталған.
Бұл тақырып мені қатты қызықтырды, сондықтан да 2007 жылы Ресейден оқу бітіріп, туған ауылым Ганюшкиноға қайтқаннан кейін Тазыларды іздеумен шұғылдана бастадым. Құрманғазы ауданында жүргізген іздестірулерім сәтті бола қойған жоқ, бұл жерден тек бірнеше қайын қапталдарды (тазының басқа тұқымдармен араласуынан пайда болған) таптым. Содан кейін ғаламтор арқылы Қазақстанның өзге облыстарындағы, Ресей, Белоруссия және Түркімениядағы тазы өсірушілермен таныстым. 2009 жылы Атырауға Алматыдан, Қарағандыдан және Санкт-Петербургтен алғашқы тазыларымды әкелдім.
А.Н. – Мен балық аулағанды жақсы көремін, алайда, 2010 жылдан бастап аңшылықпен де әуестене бастадым. Бала кезімде атамның ауылында көрген аңшы тазы ит әлі есімде. Тазы күшіктерін Павлодар облысындағы шаруа қожалығынан таптым. Бұл күшіктер қолыма тигеннен кейін ветеринар маманына бардым. Міне, сол жерде Серікпен таныстым, содан бері доспыз. Екеуміз тазыларымызды бірге өсіреміз, аңға бірге шығамыз.
Біздің басты мақсатымыз – ата-бабаларымыз қатты қадірлеп, бізге жеткізген осы тазы тұқымын әлемге мойындату. Мен Қызылқоға ауданындағы мұнай кенішінде жұмыс жасаймын және уақытымның көп бөлігінде сол жақта боламын. Сондықтан да Павлодардан келген бес күшікті далалықта өсіруді жөн көрдім. Жұмыс орныма жақын жерден иттерге арналған қоршау, жылыжай салдым. Күндіз иттер қоршау ішінде болады, ал кешкісін бой жазуға далалыққа жіберемін. Бірде үш итім қайтпай қалды. Кейіннен естідім, оларды «қой қуып жүр» деп Кенбай тұрғындары атып тастапты.
С.Х.– Біздің тағы бір ит ұрлау деген пәлеміз бар. Мен кейде анадай тұқымды, мынадай түрлі ит ұрладым деп мақтанып отыратын адамдарды кездестіремін. Екі рет біздің аталық тазымыз ұрланды, бірақ кейін екеуін де қайтардық. Мұның барлығы тазының мейірімді де адал ит екендігінен туындайды, олардың мойнына кез келген адам қарғы сала алады. Қазірдің өзінде клубымызға кіруге бірнеше адам ниет білдіріп отыр және алда да қатарымыз көбейе береді деп үміттенеміз. Бүгінгі таңда клубта Қарағанды облысынан, Алматы мен Санкт-Петербургтен әкелінген он тазы бар. Көпшілігі ұрғашы иттер. Асыл тұқымды аталық ит алуды жоспарлап отырмыз.
Өткен жылы біз қолда бар иттерден тұқым алдық. Күшіктерді жақсы қолдарға таратып бердік. Тазы күшігін алған адамдарға қашан да ақыл-кеңес айтып отырамыз.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ