Гурьев вокзалы. Әрлі-берлі шапқан адамдарға толы перрон. 17 жастағы Саша ПОГОДАЕВ басқа жауынгерлер сияқты отбасымен қоштасып тұр. Анасы, әкесі және қарындасы өздерін ұстап, жыламады.
- Қозғалып бара жатқан пойызға секіріп мініп, туыстарыма қол бұлғадым, - деп есіне алады 90 жастағы ардагер Александр Иванович Погодаев. – Соғысқа барудан қатты қорықтым, алайда Отанымды қорғауға аттанып бара жатқаным жүрегіме мақтаныш сезімін толтырды.
- Пойыз ішінде достарым – Серега Варочкинді, Ногаевты, Женя Мясников, Пудинов, Ревнов, Почитанин, Поторочин, Костя Речкинді көрдім. Бәріміз құрдаспыз, Балықшыдан, Перетаскаданбыз, бала кезімізден бір-бірімізді жақсы білеміз, доспыз. Жол бойында бір-бірімізбен әзілдесіп, күлумен болдық. Жас болдық қой, уайым тез ұмытылатын...
Уфада Александр Погодаев кіші командирлер (сержанттар) мектебін бітірді. Алайда сержант куәлігін қолына алғанмен, командир болмады. Жұрттың бәрі таң қалса да, жас жігіт сержант шенінен бас тартып, қатардағы жауынгер болуды шешті.
-Неге бұлай жасадыңыз?
-Өмірдің ащы-тұщысын көріп, от пен су кешкен ер адамдарға қалай командир бола аламын. Менің жасым он жетіде. Жап-жас, еш нәрсе көрмеген, тәжірибесіз, бас киіммен өлшегенде бойы 1 метр 56 сантиметр болатын бозбаладан қандай командир шығады? Қатардағы жауынгер болуға дайынмын.
Белоруссияда ол кескілес-кен соғыстың ортасына түсті: Могилев, Гомель, Гродно...
- Өзімнің алғаш қатысқан айқасым әлі есімде. Майдан шебі мен ойлағандай емес екен – тозақ көргендей болдым. Соғыста еш нәрседен қорықпадым деген адам – соғыста болмаған адам.
... Оршо қаласында алғаш рет жараландым, - деп сөзін жалғастырды қарт аяғын сипалай. – Қыс қатты болды. Аяздан нанның өзі тас болып қатып қалатын. Біз оны алдымен сапер күрегімен сындырып, сосын отқа ерітіп жейтін едік.
Күндіз айқас кезінде салқындықты ойлайтын мұрға болмайды, ал түнде...
- Ұрыс аяқталған кезде де демалу болмайтын. Алда траншея қазу сияқты жұмыстар күтіп тұрады. Жұмыстарын жылдам бітірген жігіттер аяқтарын әрең бүгіп, траншея түбіне бір-біріне тығылыса, құнысып, ұйықтауға тырысады. Біз жолдастарымызбен әлі қазып жатырмыз, үсіктен саусақтарымыз бүгілмейді, мені күні бойғы шабыс емес, мына үскірік аяз қатты қажытты. Қасымда тұрған жауынгер мені аяп, «сәл демалып ал, мен қаза берейін» деп қамқорлық жасады. Мен траншеядан шығып, үйілген топыраққа жатам дегенде қаңғыған оқ аяғыма тиді. Абырой болғанда, сүйекке тимей, еттен өтіп кеткен.
Госпиталь. Сосын тағы алдыңғы шепке.
ЖОЛЫ БОЛҒЫШ ЖАУЫНГЕР
Соғыс барысында Погодаев екі ауыр және үш жеңіл жарақат алды.
- Жаяу әскердің аты жаяу әскер, - дейді ол. – Еш жерге тасалай алмайсың. Алайда, құдай сақтап, сәттілік жолдас болды.
Есімде, дала асханасының маңында, орманның ашық алаңқайында жиналып, тамағымызды ішіп, әңгімелесіп отырғанбыз... Кенет шегірткелердің шырылымен қосылып ысқырған оқ дауысы естілді. Жанымда отырған жауынгер картобын ұстаған күйі сылқ құлады...
Қасыңда әзілдеп әңгіме айтып отырған адамның әп-сәтте жансыз жатқаны қандай сұмдық. Мен ешкіммен жақын дос болғым келмеді. Сосын оған уақыт та болған жоқ қой.
Ажал артыма түскен келесі бір оқиға Польшада, Висла өзенінен көпір арқылы өткенде болды.
...Көпірдің қақ ортасында, не алға, не артқа кететін мүмкіндік болмаған уақытта, қайдан шыққаны белгісіз, қарсы алдымыздан пулеметтен оқ жауды. Бірнеше солдат құлады. Көпірден өткеннен кейін шығынды санай бастадық. Сұқ саусағым мен ортаңғы саусағымның арасын бірдеңе күйдіріп бара жатқанын сездім. Шинелімнің жеңін түріп қарасам, жеңі ұзын болатын, оқ қос саусағымның арасынан өтіп, тек терісін күйдіріп кеткен екен.
...Тағы бірде мені ажалдан көкөніс салынған қапшық құтқарды. Бұл оқиға да Польшада болған. Біз төрт минометпен блиндажда отырдық, орнымыз оқтан тасалағанмен, жоғарыда ұшқан бомбалаушы ұшақтардан қорғай алмайтын. Ұшақтардың бірі екі бомба лақтырып, оның біреуі қасымызға келіп түсті. Жарылыс толқыны жолдағының бәрін сипап өтті, тек он шақты жауынгердің жолы болды, біз көкөніс салынған қапшықтардың артында отыр едік. Бомба жарқыншақтары екі адамның парша-паршасын шығарды.
ТАМАҚ ҮШІН ТАЛАС
Қызыл Жұлдыз орденін Александр Иванович соғыстан кейін алды. Сол күндерді еске алғанда ол қолын сермеп, беріле баяндайды, ал мына оқиғаны мамыр іс-шараларында жиі айтады:
- Біз немістердің әскери бөлімін талқандадық. Жау ротасының жартысы жойылып, жартысы орман ішіне тығылып қашты. Біз неміс ротасын азық-түлікпен қамтамасыз ететін қойма орналасқан шағын елді мекенге орналастық. Шынымды айтайын, тамақтан айырылу кім-кімге де оңай емес.
Түнгі сағат үштерде немістер тамақтарын қайтарып алу үшін тұтқиылдан шабуыл жасады. Кезекшілерімізді байқатпай өлтірген екен, сондықтан да біз абдырап қалдық. Қайдан пайда болғаны белгісіз, оларға 76 миллиметрлік зеңбіректер де көмекке келді. Кескілескен ұрыс басталып кетті. Бізді тықсырып бара жатыр, сол кезде ойыма жақын маңда тұрған қырықбестік (ең шағын, 45 миллиметрлік зеңбіректі жауынгерлер осылай атайтын, ол тікелей көздеп атуға ыңғайлы еді) түсті. Рота командирі идеямды құптап, зеңбіректі ұрысқа қосты, ал мен снаряд әкеліп, оқтап тұрдым. Жау тойтарылды. Осы айқас үшін маған орден берді.
Ардагердің бұдан басқа І және ІІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі және басқа да марапаттары бар.
ЖАСЫ КЕЛСЕ ДЕ, ЖАСЫМАҒАН
Погодаев үйіне 1946 жылы лейтенант болып оралды.
- Елге келген соң тыныш бір жұмысқа орналасамын деп ойлағанмын: зауыттың жылу электр орталығына турбина машинисінің көмекшісі болып жұмысқа кірдім. Алайда ойлағаным болмады. Мені қылмыстық іздестіру бөліміне тергеуші бол деп жұмысқа шақырды, мен келістім. Кейіннен әскериленген өрт күзетіне ауыстым. Сол жерде зейнеткерлікке дейін жұмыс жасадым.
Ардагер Александр Погодаевтың екі немере қызы және екі шөбересі бар. Ескі жарақат орындары сыр бере бастаса да, көңіл күйі көтеріңкі. Ол өзінің әлеуметтік желідегі бетшесін (!) үнемі қарап, үйіне жақын жерде орналасқан пабта бильярд ойнағанды ұнатады.
- 9 мамырда қонаққа кел, - деп шақырды ол, - атаңды бірге ала кел, ол да майдангер ғой. Шерстянкин Иван, білем, білем. Қайтыс болды ма?... Ештеңе етпейді. Бұл қалыпты жағдай. Солай болу керек... Ескі гвардия кетіп жатыр, - деп мұңайды ардагер, шаршаған сияқты. Блокнотымды жауып, батырмен қоштастым.
- Тек соғыс болмасын! - деп шығарып салды ол. – Сен бәрібір қонаққа кел.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суреттер Погодаевтар отбасының мұрағатынан алынды