Ресми деректер бойынша, Ұлы Отан соғысы жылдары 2 500 000-ге жуық мүгедек жарамсыз деп елге қайтарылған. Олардың 450 мыңы – аяқ-қолсыз қалған мүсәпір жандар. Бұлардың көпшілігі отбасына масыл болмайын деп үйге оралмады. Сан мыңдаған қаңғыбас мүгедектер елдің әр түкпірінде қол жайып, күндерін көрді.
Әкемнің марқұм болған бажасы соғыстан кейінгі Гурьевте де осындай «жаңқалар» көп болғаны туралы әңгімелеп отыратын еді.
«40-шы жылдардың аяғында ескі базар маңында арбаға таңылған Аркаша деген мүгедек жүретін. Ол соғыста ерлік көрсеткен танкист немесе ұшқыш болған деп айтатын білетіндер. Лас-лас болған бешпетіне ордендерін таққан, аяқсыз, оң қолының орнына темір салған Аркаша кішкене дөңгелектері бар ағаш арбамен жүретін. Қашан да айқайлап, ашу үстінде жүріп, өзі сияқты басқа да мүгедектермен базарда қайыр сұрап, күн көретін. Жас күнімде базар қақпасының алдында немесе сыра дүңгіршегінің қасында мас болып, ұйықтап жататынын көретінмін. Жалпы батырларға дені сау азаматтар ішіп-жейтінін алып беріп жататын, оларды ешкім ренжітпейтін, қамқорлау органдары оларға тиіспейтін. Алайда бір күні мүгедектердің осы шулы компаниясы Аркашамен бірге жоқ болып кетті. Көрген адамдар оларды милиция алып кеткенін айтқан, бірақ қай жаққа апарғанын ешкім білмейді. Содан кейін біз оларды мүлдем көрген жоқпыз».
40-шы жылдардың соңында жеңімпаз ел бүкіл әлемге сұрапыл соғыс зардаптарынан айыққанын және өзінің жарқын болашағына нық қадам басқанын дәлелдегісі келді. Ал көше кезіп жүрген басбұзар соғыс мүгедектері ақ матаның бетіне түскен қара дақтай еді. Сталиннің бұйрығымен бұл мәселе біржолата шешілді – кемтар адамдарды көз көрмейтін жерге тығып, бүкілодақтық тазалау науқанын жүргізді.
Отан-ана бір түнде өз жаралы батырларын жинап, арнайы жабық мекемеге тоғытты.
Хрущев кезінде, 1954 жылы, Жеңістің онжылдығына орай ел тағы да «соғыс жаңқаларынан» тазартылды.
«КСРО ІІМ-нің СОКП ОК Президиумында жасаған қайыршылықтың алдын алу және жою бойынша іс-шаралар туралы баяндамасы. 20.02.1954 ж. Құпия. КСРО ІІМ қабылданған іс-шараларға қарамастан ірі қалалар мен өнеркәсіп орталықтарында әлі күнге дейін қайыршылық деген жағымсыз құбылыстың орын алуы жойылмай отыр. КСРО Жоғары кеңесі Президиумының 1951 жылғы 23 шілдедегі «Қоғамға қарсы паразиттік элементермен күрес іс-шаралары туралы» Жарлығы қолданысқа енгізілгеннен бері милиция органдары 1951 жылдың екінші жартысында 107 766 адамды, 1952 жылы 156 817 адамды, 1953 жылы 182 342 адамды ұстады... Ұсталған қайыршылардың 70%-ын соғыс және еңбек мүгедектері құрады...
Қайыршылықпен күрес қиындап бара жатыр... Себебі көптеген қайыр сұраушылар мүгедектер үйіне барудан бас тартуда..., олар оны өз еріктерімен тастап, қайыршылықтарын жалғастыруда... Осыған байланысты қайыршылықтың алдын алу және жою бағытында қосымша шаралар қабылдаған дұрыс. КСРО ІІМ келесі іс-шараларды қабылдаған дұрыс деп есептейді:
...3. Мүгедектер үйінде тұр-ғысы келмейтін мүгедектер мен қартайған тұлғалардың өз еріктерімен кетіп қалып, қайыршылықтарын жалғасты-руларына жол бермес үшін қолданыстағы мүгедектер мен қарттар үйлері айрықша режимді жабық үйлерге айналдырылсын...
ІІМ министрі С. Круглов».
Валаам түбіндегі, Карелиядағы, Сібірдегі иесіз ғибадатханаларда жасалған ІІМ арнайы интернаттарына ондаған мың соғыс ардагерлерін тоғытты, араларында, тіпті, Кеңес Одағының батырлары да болған. Бұл жауынгерлердің кінәсі соғыста жау оғынан өлмей, «жәй ғана» жарақаттанғандары ма? Тар қапаста, жұрт көзінен таса жерде өлген ардагерлердің басына белгі де қойылмады.
P.S. «Неизвестный» суреті (суретші Геннадий Добров). Бұл аяқ-қолсыз мүгедек жан – Волошин Григорий Андреевич, Кеңес Одағының батыры, ұшқыш. 1945 жылы немістің Люфтваффе ас-ұшқышымен әуе жекпе-жегінде таран жасап, ғажайып жағдайда тірі қалған – қол-аяғымен қатар сөйлеу және есту қабілетінен айырылған. Ресми түрде өлді деп есептелген.
Волошин ширек ғасыр бойы Ваалам арнайы интернатында аты-жөні жоқ адам ретінде тұрды. Бақилық болғаннан 20 жылдан кейін, 96-шы жылы осы суреттен оны ұлы кездейсоқ танып қалған…
Азамат МАЙТАНОВ