- Абай көшесіндегі №15 үйге терможаңғырту жұмыстары қашан жүргізіледі? Бізде ПИК жоқ, жәй жөндеу жұмыстарын жыл сайын өзіміз жүргізіп келеміз, енді күрделі жөндеу керек, шатыр ауыстыруды қажет етеді.
Эльвира Шамұратова
- ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 31-бабында көрсетілгендей, үйдің сырты, төбесі, шатыры, балконы, кіреберісі, жертөлесі, пәтерден тыс немесе үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар және ортақтасып пайдаланатын мүліктер ортақ меншік (кондоминиум) болып табылады. Аталған заң бойынша пәтер иелерінің ортақ пайдаланатын мүліктеріне, оның ішінде, үйдің жертөлесіне, электр желілеріне жөндеу жұмыстарын тұрғындар қосымша қаражат жинау арқылы жасаулары тиіс және жекеменшік үйлердің жөндеу жұмыстарына әкімшілік тарапынан қаражат бөлінбейді.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта қала бойынша «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы» аясында көп қабатты тұрғын үйлер жөнделуде. Бұл бағдарлама аясында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрғындардың жазбаша түрде 70 пайыз келісімі болуы керек. Күрделі жөндеу жұмыстары үйдің төбесін ауыстыру, үй келбетін жөндеу (фасад), қасбетті қаптау, кіреберісті майлау, сырлау, пластикалық терезе және домофон есіктерін орнату, электр желісін толықтай ауыстыру, жылу құбыры, кәріз жүйесі, жертөлені тазалау, құрғату, жылу құбырына жылу есептегіш құралын (теплосчетчик) орнату жұмыстарын қамтиды. Сонымен қатар, бұл бағдарламаның талабы бойынша жөнделетін үй міндетті түрде ПИК құрамында болуы шарт. Ол үшін тұрғындар жалпы жиналыс жасап, ПИК құрулары керек немесе сол маңдағы жақын орналасқан ПИК құрамына жазбаша түрде өтінішпен өту керек және аталған талаптардың барлығы орындалған жағдайда ғана үйді толықтай жөндеуге мүмкіндік бар.
- Азаттық көшесіндегі №71 үйге терможаңғырту жұмыстары қашан жүргізіледі?
Телефон арқылы
- Аталған тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу 2015 жылға жоспарланған. Тұрғын үйдің барлық қажетті құжаттары, соның ішінде техникалық паспорт, әділет органдарында тіркелген кондоминиум нысаны, мемлекеттік актілері және «Мемсараптама» РМК-ның қорытындысы бар.
- Авангард 2 ықшам ауданы, №5 үй тұрғынымын. 2012 жылы үйге терможаңғырту жұмыстары жүргізілген, бірақ сапасы сын көтермейді. Сондықтан кей тұрғындар келісімшартқа қол қоюдан бас тартты. Жертөледе маса толып кеткен әрі жағымсыз иіс шығады. Осы мәселені қалай шешуге болады?
Айбар Есмұханов
- Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйдің орталық кәріз жүйесіне қатысты мәселелерді оңтайлы шешу үшін 2014 жылдың 2 сәуірінде қала әкімінің орынбасары қатысуымен кеңес өткізіліп, қорытындысында үйге жөндеу жұмыстарын жүргізген «Инкур» ЖШС-не анықталған ақаулықтарды жоюға тапсырма берілді және күні бүгінде жөндеу жұмыстары жасалуда.
- Авангард 3 ықшам ауданындағы №47 үйде 80 пәтер бар. Биыл осы үйді терможаңғыртудан өткізу жоспарланған ба?
Телефон арқылы
- «ҚР Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілуде.
Бағдарламаның шарты бойынша тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрғындардың жазбаша түрде 70 пайыз келісімі болуы керек.
Авангард, 3 ықшам аудандағы 47 үйдің барлық құжаттары талаптарға сай, ол үй күрделі жөндеуге жатады.
Алайда, бірінші кезекте техникалық жағдайы нашар үйлерге жөндеу жұмыстары жасалатындықтан, сіздің үйге жөндеу жұмыстары болашақта жасалады.
- Сәтпаев көшесінде орналасқан №№52, 54, 56 үйлерге терможаңғырту жұмыстары және ол үйлерге лифт орнату жұмыстары қашан жүргізіледі?
- «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 2-бабына сәйкес лифтілер кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жатады. Осыған орай, лифтіні күтіп ұстау пәтерлер иелерінің өздеріне жүктеледі.
ҚР тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде лифтіні жөндетуге болады, бірақ қайтарымды негізде. Пәтер иелері лифтіні және лифт жабдығын ауыстыруға келіскен жағдайда және бағдарламаның шартын толық қолдаса ғана лифтіні толық ауыстыруға мүмкіндік бар.
Аталған бағдарламаға қатысу үшін қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарласа аласыз.
Сұрақтарға қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ жауап берді.