– 26 наурызда Атырау - Доссор және Атырау – Индер тас жолдарының қиылысында КамАЗ бен «Опель» көліктері соқтығысып қалды, соның салдарынан бір әйел адам ауруханаға түсті. Қиылыстағы бағдаршам жұмыс жасамайды. Неліктен осыншама маңызды көлік тармағында қозғалысты реттейтін негізгі құрал жұмыс жасамай тұр?
Берік
Сұраққа облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Жәнібек ШӘРІПОВ жауап берді:
- Бірлік поселкесінің маңындағы Атырау – Доссор және Атырау – Индер қиылыстарындағы бағдаршам нысанында электр желісі зақымданған. Қалалық әкімдік желіні ауыстыруға ақшалай қаржы бөлу шараларын алуда. Бұдан басқа, «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және көлік жолдары» ММ-не Атырау қаласының көше-жол торабының жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдар жұмысының ақауларын жойып, қалпына келтіру жұмыстары бойынша осы учаскеде жұмыстар жүргізуге ұйғарым берілді. Жыл басынан бері осы учаскеде жарамсыз бағдаршамның салдарынан1 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қазіргі уақытта қауырт көлік қозғалысы бар көше-жол торабына 18 бағдаршам нысанын орнату үшін қалалық әкімдік ақшалай қаржы бөлу шараларын алуда. Аталмыш қиылыстағы бағдаршам нысанын қалпына келтіру менің өз бақылауымда болады.