Биыл Мұғалжар тауларына қардың қалың түсуіне байланысты Жем өзеніне су мол келді. Енді ауданда суды тиімді пайдалану амалдары ойластырылуда. Жақында бірнеше жылдан бері құрғап жатқан «Айранкөл», «Қарашағыл», «Бақшакөл», «Ащыкөл», «Қаракөл» шабындықтары суландырылды.
Су мол келгенімен, аудандық ТЖ бөлімінің мамандары Құлсары қаласына суға кету қаупінің төніп тұрмағанын айтады.
Соңғы жылдары Жем өзенінің кенезесі кеуіп, суалып қалып, аудандағы Қамыскөлге қауіп төнген болатын. Жасанды Қамыскөл көлі мен Құрсай өзегі тартыла бастады. Су тапшылығынан аудан халқы шабындық жерлерінен айырылып, олардың мал өсіріп, егін егуге деген құлшынысы төмендеп кеткен еді.
- Бұрын көлді толтыру үшін топырақтан бөгет (Бақашы бөгеті) жасап, әбігерге түсетінбіз. Ал былтырдан бастап біз көлді суға толтырудың басқа амалына көштік, бөгетке жалғасып жатқан Құрсай өзегін тереңдетіп қазуды қолға алдық, - дейді ТЖ мамандары.
Олар 2013 жылы Құрсай өзегін 8 шақырым ұзындықта және 1,5 метр тереңдікте қазды. Сол жылы «Дүйсекен» көпірі тұсында Құржем бөгетін салып, тереңдету, Шоқпартоғай ауылы маңындағы 3 шақырым Жем өзені бойын тереңдете қазу жұмыстары да жүзеге асты.
- Соңғы жылдарға қарағанда су үш есе артық келді. Бұл қуантарлық жағдай. Құрсай өзегін қазғанның арқасында өрден келген су Қамыскөлге тез жетті, оны ерте бастан толтырып алдық. Енді сол суды шабындық пен жайылымдық жерлерге жеткізу қамы жасалуда. Судың келуінің көлемі түсіп келеді, бірақ барға қанағат, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ.
Екі жыл бұрын ауданда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген «Витемен Бос» компаниясының голландық гидротехнигі Роб Ван БУМЕН су қорын сақтайтын қойманы салу қажеттігін ұсынған еді. Алайда, бұл жоба тым қымбат болғандықтан, жүзеге аспай қалған болатын.
Бұған қатысты Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жәрдемғали АХМЕТОВ былай дейді:
-Қыруар қаржыны жұмсауды талап еткен Роб Ван Буменнің әзірлеген жоспарынан бас тартуымызға тура келді. Алайда, соның арқасында қазір ауданда ТШО-ның демеушілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, суды тиімді мақсаттарға пайдалану жағы қарастырылуда. Егер қомақты қаржы табылып жатса, Бақашы мен Құржем бөгеттеріне шлюз салып, Құрсай өзегін қалың қамыстан арылтып, ұзындығын бойлай 25 шақырым қазамыз. Бұл бір жағынан су сақтау қоймасының рөлін де атқарар еді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА