Атырау, 27 қараша 03:31
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Барлығына мектеп директорлары кінәлі»

3 720 просмотра

Атырау облысының Тексеру комиссиясы жалпы орта білім беретін оқу ұйымдарынан 90 млн теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтар фактісін анықтады.

«Атырау облысының Тексеру комиссиясы» ММ қызметкері Асылан ҚҰМАРОВТЫҢ айтуынша, облыс бойынша 2012-2013 жылдарға жалпы орта білім беретін оқу ұйымдарына бөлінген бюджет қаражаты орындалысының тиімділігі бойынша12 мектепте тексеру жүргізілген. Тексеру барысында 90 миллион теңгеден астам қаржының тиімсіз пайдаланылғаны анықталған. Бұлар, негізінен, бюджет қаржысына сатып алынған мүліктерді қолданбау, негізгі қор мүліктерін негізсіз өзге мекемелердің балансына өткізу, еңбекақыны дұрыс есептемеу, мемлекеттік сатып алу заңнамасын өрескел бұзу және базалық білімі мен біліктілігі сабақ беріп отырған пәніне сәйкес келмейтін мұғалімдерге сағат беру сияқты заң бұзушылықтардан қалыптасып отыр. Сонымен қатар, кітап қорын шамадан тыс сатып алу, тіпті, кей жағдайларда оқу бағдарламасына сәйкес келмейтін кітаптарды алу орын алған. Мәселен, №13 мектепте 2012-2013 жылдары сұраныстан тыс қалалық білім бөлімінен бөлінген 410,9 мың теңгеге оқулықтардың авторлары мен баспалары оқыту үдерісіне сай келмейтін кітаптар алынған, ал ағылшын тілі оқулығы студенттерге арналған болып шықты.

Осы тексеру қорытындысы бойынша жасалған отырысқа қатысқан облыстық, қалалық білім беру, қаржы бөлімдерінің басшылары және мектеп директорлары «кім кінәлі?» деген сұраққа жауап іздеді. Мектеп директорлары өз уәждерін ортаға салды. Мәселен, олардың айтуларынша, дебиторлық алажақтардың пайда болуы, ең алдымен, жыл аяғында жоғары өкілетті органның қалайда шоттағы бюджет ақшасын игеріп болыңдар деген тапсырмасын орындаудан туындайды. Мектеп басшылары артық салынған ақшаны игеру үшін жарық, газ, су монополистеріне артығымен аударады екен. 

Атырау облысы бойынша білім саласында бақылау департаментінің директоры Мәдениет АХМЕТОВА:

- Мұның барлығына, ең алдымен, мектеп директорлары кінәлі. Өйткені бүгінгі таңда олардың басқару саласында біліктіліктері төмен. Жалпы мектепті басқарудың төрт бағыты бар: стратегиялық, инновациялық, қаржылық және персоналдық басқару. Заң бұзушылықтардың барлығы директорлардың осы стратегиялық, қаржылық жоспар жасай алмауларына байланысты болып отыр».

Ал директорлар қарсы уәж айтқылары келіп орындарынан сыбырласқанмен, жоғары басшылыққа ашып ештеңе айта алмады.

Тексеру қорытындысы бойынша мектептің 25 лауазымды тұлғасына 1 млн 300 теңгеге айыппұл санкциялары салынды.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

1 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.