Атырау, 27 қараша 03:21
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Диплом догмаға айнала ма?

5 777 просмотра

Редакцияға атыраулық педагогтардан қоңыраулар келіп түсуде. Олардың айтуынша, облыстағы оқу мекемелерінің ұжымдарында салмақты проблема бой көтерген. Оған себеп – Атырау облысы бойынша білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің педагогтардың өз мамандығы аясында қатаң жұмыс жасауы туралы талабы болып отыр.

Қысқасын айтқанда, бастауыш сыныптардағы сабақтарды тек бастауышқа сабақ беретін мұғалімдер, тарихты тек тарихшылар, географияны географтар ғана беруі тиіс және т.б. Білім беру мекемелеріндегі педагогикалық кадрлар мұғалімдердің дипломдарында көрсетілген мамандықтары бойынша құралуы тиіс.

Бұл талап тек мектептерге ғана емес, балабақшаларға да қатысты.

- Біздің балабақшада педагогикалық құрамның үштен бір бөлігінде дерлік «Мектепке дейінгі оқыту» немесе «Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі» мамандығы жоқ. Негізінен педагог-психологтар, бастауыш сынып мұғалімдері, сирек жағдайларда, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері тәрбиеші болып жұмыс ітейді. Бірақ бұл адамдардың барлығы 10-15 жылдан бері тәрбиеші қызметін атқарып келеді. Барлық балабақшада дерлік жағдай осындай. Қазір біз оларға «қайта оқып келіңдер немесе балабақшадан кетіп, мектептерге жұмысқа орналасыңдар» деп айтуға тиіспіз. Бірінші жағдайда, бұл тәрбиешілер үшін жол бергісіз сән-салтанат. Екіншіде, онсыз да кадрлар тапшылығын бастан өткеріп отырған балабақшалар үшін жол бергісіз сән-салтанат, - деп бөлісті қаладағы балабақшалардың бірінің директоры. – Біздің қызметкерлеріміздің барлығы өздерінің тәрбиешілік санаттарын үнемі растап немесе көтеріп отырады. Және бірде-бір рет аттестациялық комиссия алдында олар мамандығы бойынша жұмыс жасамай отыр деген мәселе туындаған емес.

Біз білім саласындағы бақылау жасау департаментіне ахуалға түсінік беру өтінішімен жазбаша сауал жолдаған едік. Департамент басшысы М.Ахметованың қолы қойылған жауапта былай делінген: «Бұл жағдайда біз «Білім туралы» ҚР Заңын, Білім және ғылым министрінің 13.07.09 жылғы №338-ші «Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын негізге алып отырмыз. Бұл құжаттарда педагогтік қызметке арнайы педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша кәсіптік білімі бар адамдар жіберіледі делінген. «Білім туралы» ҚР заңының 45-бабының 2-тармағына сәйкес, Білім беру ұйымының басшысы педагог кадрларды іріктеуге де жауап береді.

Біздің өз мамандықтарынан тыс жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді жұмыстан босату талабын қоюға құқығымыз жоқ. Біз бұл мәселені біліктілікпен, ауыртпалықсыз, кәсіподақ комитетінің қатысуымен білім беру ұйымының деңгейінде дербес шешуге кеңес береміз».

Бұған қарама-қайшы жауапты біз облыстық білім беру басқармасынан алдық. Онда педагог кадрларды ауыстыру жүргізілмейді, сонымен қатар: «Дипломдағы мамандығына сәйкес келмеуіне байланысты жұмыстан босатылған педагог кадрлар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алады» делінген.

Педагогтардың өздері Білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің ұсынысы «ерікті-мәжбүрлі» сипатта деп есептейді.

- Бізден, мәселен, ағылшын тілінің мұғалімі, бейнелеу өнерінің мұғалімі, психологтың тиісті дипломдары болуы тиіс деп талап етіп отыр. Мектепке дейінгі мекеме үшін ағылшын тілінің мұғалімін, тиісті профильдегі психолог пен басқа мамандарды қайдан аламыз? Егер арнайы орта білімді болмаса, жоғарғы оқу орындары мұндай мамандарды тіпті дайындамайды да, - дейді жоғарыда аталған балабақша директоры. – Егер қазір мектепке дейінгі оқыту бойынша мамандығы жоқ тәрбиешілер өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге кететін болса, олар жалақыларының едәуір бөлігін жоғалтады. Ол базалық лауазымдық жалақы мен еңбек өтілі және санаты үшін қосылатын үстемеден құралады. Жалақыға 20-дан 90 пайызға дейін санат үшін үстеме қосылады. Ал өз «дипломындағы» мамандық бойынша санат алу үшін педагогқа бірнеше жыл жұмыс жасау керек болады. Егер педагогтарды қайта оқыту туралы айтар болсақ, бұл да екіұшты нәрсе. Материалдық тұрғыда жоғарғы білімді бәрі бірдей ала алмайды. Жалпы, бұл мәселені ең алдымен колледждер мен жоғарғы оқу орындарында жас мамандарды дайындау жөніндегі мәселені шешкен кезде ойлану керек.

Анастасия ПАСТУХОВА 

1 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.