Атырау, 27 қараша 03:28
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қашаған: бүкіл құбыр желісі ауыстырылады (толықтырылды)

3 884 просмотра

Қашағандағы мұнай құбыры мен газ құбыры толықтай ауыстыруды қажет етіп отыр. Бұл туралы 28 сәуірде NCOC баспасөз қызметі ресми хабарлама жасады.

ЖАҢА ТЕНДЕР ӘЗІРЛЕЙДІ

«Бүгінгі күні алынған тексеру нәтижелеріне негізделген ағымдық бағалауға сәйкес, мұнай құбыры мен газ құбыры толықтай ауыстыруды қажет етіп отыр. Бұл тексеру аяқталғаннан кейін расталатын болады. Қазіргі уақытта Оператор құбырды толықтай ауыстыру жоспарын жасаумен айналысуда. Жоспарды 2014 жылдың ортасына қарай аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл жоспар жеткізушілер мен мердігерлерді таңдау тендерлерін өткізуді, қолда бар негізгі жабдықтарды қолдана отырып материалдардың спецификациясын анықтауды қарастырады. Мақсат - мұнай өндіруді тездету мүмкіндігін ескеріп, құбырларды ауыстырудың оңтайлы жоспарын жасақтау. Сақтандыру шарасы ретінде, уақыт жоғалтпас үшін, Консорциум тұрба сегменттерін сатып алу үшін тендерлік процесс өткізуге кірісті».

Баспасөз хабарламасында 2-ші тоқсанның аяғында алынуы тиіс мұнайды өндіруді қалпына келтіру тексеру нәтижелеріне байланысты болады деп аталған. Алайда 2014 жылы мұнай өндіру жалғасады деп күтіліп отырған жоқ.

Хабарламада айтылғандай, бүлінген құбырлар мұнай мен газды жасанды аралдан («D аралынан») «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысына дейін тасымалдауға арналған.

Келесі мән-жайлар нақтылануда: «Ұзындығы шамамен 90 км және диаметрі 28 дюйм болатын әрбір құбыр «Қашаған» кенішіндегі көмірсутек құрамындағы  H2S-ге 15% төзімді деп жобаланған. Тұрба секцияларын жапондық екі Sumitomo мен JFE компаниялары жеткізді, ал тұрбаны жүргізумен итальяндық Saipem компаниясы айналысты».

NCOC баспасөз қызметі хабарлағандай, құбырды қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде СРПСК жөніндегі Консорциум серіктестерінің, агент-компаниялар мен Оператор мамандарынан құбырдың жағдайы мен ықтимал салдарды бағалау жөніндегі Жұмыс тобы құрылды. Қазіргі кезде мұнай өндіруді қалпына келтірудің ықтимал сценарийлерін анықтау үшін зерттеу жүргізілуде.

Сонымен қатар, тұрбаішілік диагностикалық құрал қолданылып, мұнай және газ құбырына тексеру жүргізілді. Тұрбаішілік диагностикалық құрал осы құбырдың әрқайсысына жіберілді. Бұған 100 жұмыс күні қажет болды. Содан кейін осындай тексеру нәтижесінде алынған мәліметтерге талдау мен түсіндіру жүргізілді.

«Құбырды сыртқы жағынан тексеру нәтижесінде құрлықтағы 47 шақырым құбыр аршылып, бұзылмайтын сынақ әдісімен 970 дәнекерленген жігі тексерілді (ультрадыбыстық дефектоскопия).

2014 жылдың наурызында теңіз учаскесіндегі құбырға осындай тексеру жүргізу басталды. Оны мамырда аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы осы жұмысқа 500-ден астам адам жұмылдырылды.

Сондай-ақ, құбырдағы газ кетудің негізгі себебін анықтау үшін кешенді зерттеулер жүргізілді. Құбырлардың бүлінген учаскелерінің үлгісіне талдау жасау үшін және газ кетудің негізгі себебін анықтау үшін үш тәуелсіз зертхананың (Техникалық дәнекерлеу институты (TWI), Ұлыбритания; Материалдарды талдау орталығы (CSM), Италия; Institut Français de la Corrosion, Франция) материалдары бойынша сарапшылар тартылды», - делінген баспасөз хабарламасында.

ЖАҚСЫ ТҰРБАЛАР - НАШАР ТҰРБАЛАР МА?

NCOCтексеру нәтижелері туралы былай дейді:

«Сарапшылар кей жерлерде металлдың өте беріктігінен туындаған кернеу әсерінен сульфидтік қосындылардың шытынауы газ кетуге тікелей себеп болып отырғанын анықтады. Нақты өндірістік орта жағдайында тұрба фрагменттеріне жүргізілген зертханалық талдау нәтижесінде құбырдың техникалық спецификасы «Қашаған» кеніші жағдайында қолдануға арналған деген қорытынды жасалды. Техникалық сипаттамасы толықтай NACE (Тоттану жөніндегі инженер мамандардың ұлттық қауымдастығы) стандарттарының талаптарына сай келеді, сонымен қатар мұнай-газ кеніштерін пайдалануда әлемдік тәжірибе үздігі». Ал Атырау облыстық экология департаментінің тексеру актісінде тұрба материалдары туралы былай делінген: «ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2005 жылғы 22 маусымдағы мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, аталмыш газ құбыры құрамында 12,9%-ға дейін күкіртсутек және көміртектің қос тотығы бар жоғары күкіртті сутексіздендірілген газды тасымалдауға арналған. Алайда... ілеспе газ құрамында күкіртсутектің ауыспалы күйде болуы 16 пайыздан астам мөлшерді құрайды, ол металлда ұсақ сызаттың түзілуіне әкеп соғуы мүмкін».

Өкінішке орай, NCOC-тің баспасөз хабарламасында жаңа құбырлардың қандай материалдан жасалатындығы туралы нақтыланбаған.

Ал экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ Financial Times басылымына берген сұхбатында «Қашаған» кенішіндегі мұнай өндіру 200 шақырымдық тұрба ауыстырылғаннан кейін келер жылдың соңында немесе 2016 жылдың басында басталады деп мәлімдеді.

Министрдің бағалауы бойынша, жобаның іске қосылуының кешеуілдеуі биыл Қазақстан үшін ішкі жалпы өнімнің 0,5 пайызын жоғалту дегенді білдіреді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

28 сәуір 2014, 18:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.