Атырау, 27 қараша 03:39
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сағың сынбасын...

5 573 просмотра

19 сәуірде «Атырау-Алматы» бағытындағы қатты жүріп келе жатқан жолаушылар пойызының 13 вагоны рельстен шығып кеткенін (олардың жетеуі аударылып қалған) бұрын хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Алайда ондаған адам зардап шегіп, төртеуі әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Олардың халін сұрау үшін біздің тілшіміз арнайылап барды. Сол жерде апатқа ұшыраған пойыз жолаушыларының бірі Роза КИММЕН сөйлесудің сәті түсті.

«КУПЕ ІШІНДЕ ӘРЛІ-БЕРЛІ ЛАҚТЫРДЫ»

«Медикер өнеркәсіптік медицина» ЖШС-нің дәрігері Роза Ким Тараздан Прорва кенорнына өзінің екінші вахтасына келе жатқан. Пойыз Сағыз станциясынан қозғалғанда,ол №13 вагонның бірінші купесінде танысымен шәй ішіп отырған. 20 минуттан кейін, пойыз жылдамдығын арттырған соң, ол өзінің екінші купесіне келіп, заттарын жинай бастайды – қалаға дейін 200 шақырымдай қалған еді.

- Мен жоғарғы орыннан түсіп жатып, кілт тежелісті сезіндім, бір нәрсе болғаны анық. Пойыз екі рет серпілді, бірақ білінер-білінбестей. Екінші серпілістен кейін ол рельстен шығып кетіп, 2-3 минут бетон шпал үстімен сырғыды. Купедегі бір ер адам кішкене сәбиін отырғышқа қойып, үстінен өзі қорғаштап тұрды. Алайда бір кезде жоғарыдан ауыр сөмкелер құлай бастады, сол кезде ол баланы қолына алып, жоғарыға шығатын шағын сатыны қысып ұстап тұрды. Мен өз жағымдағы осы темірден ұстадым. Бір кезде вагон қатты тербеліп, әрлі-берлі теңселді. Жоғарыдан менің үстіме бір нәрсе түсті, бұдан сәл ғана өзімді ұстай алмай қалдым. Содан кейін мені жаңа өзім ұстап тұрған темірге қарай лақтырды. Басында вагон терезе жағына қарай құлайтындай көрініп еді, алайда кездейсоқ оны келесі жаққа қарай лақтырды. Ол жанына қарай жартылай қисайды. Вагон қозғалысын тоқтатқандай болған кезде тағы бір серпіліс болды. Артқы вагон біздің вагонға келіп соққан сияқты. Бұл соққыдан вагон толықтай жерге құлады. Бізді осы уақыт ішінде купе ішінде әрлі-берлі лақтырды. Балалар қатты айқайлап, вагон іші жылаған дауыстарға толды. Кей жерлерде терезе сынып, ішке шаң мен құм кіріп, ештеңе көрінбеді. Кейбір купелердің есіктері ашылмай қалды, алайда жолсерік «Терезені сындырмаңдар!» деп айқайлады. Адамдар не істерлерін білмей, есікке қарай ұмтылды. Менің жағдайымды көрген купедегі көршім – отбасымен келе жатқан ҚР қорғаныс министрлігінің офицері Бақтияр маған қарап былай деді:

- Чемоданыңызды қолыңызға ұстатам – сөз беремін.

Мен вагоннан жорғалап шықтым.

ҚАСКҮНЕМДЕРДІҢ ДЕ ЖОЛЫ БОЛДЫ

Роза апаттан кейінгі алғашқы уақыттарда жағдайлары қауіпті зардап шегушілердің қатарынан. Оныңбетінде кесілген жарақат болды. Жоғары ернінен басталған кесік жара мұрнының сол жартысымен бірге бір жақ бетін түгел алған. Төменгі бес және үстіңгі бір тісі сынған, қасы жарылған, кеңсірігі жырылып, мұрнына зақым келген және денесінің әр жері көгеріп кеткен. Бұл сол қорқынышты күннің зардаптары. Ол есінен танбапты және бетін түгел қан жауып, шаң басқан вагон дәлізінде опырылған әр түрлі заттардың арасымен жорғалап жүріп бір тесік тауып, сыртқа шыққаны есінде.

- Бетім мен мұрнымның жартылай тілініп түскен бөлігі мазамды алды, бір мезгіл жұлып алып тастағым келді. Бетімді қолыммен басып, кездескен адамдарға байлайтын бір нәрсе берулерін сұрадым. Алайда адамдар менің түрімді көріп, қорқып қашып жатты, түсінемін, әрине, бәрі де ессіз жүрді ғой. Қатты ауырсындым, алайда есімнен танып қалып, құлауға болмайтынын түсіндім. Қызым туралы ойлар да басымнан кетпеді, өз-өзіме «сен оны тастап кете алмайсың» деп қайталаумен болдым, - деп есіне алады Роза. – Жалаң аяқ вагондағы тесіктен шығып тұрып, барлығына сөмкемді жалғастыруды өтіндім. Медицина қызметкерімін ғой, адамдарды құжатсыз қарамайтынын білемін. Қанша ұзақ болғанын білмеймін, бірақ, ақырында, сөмкем қолдан қолға жалғасып келіп, қолыма тиді.Аузы ашық қалыпты, ақшаларым жоғалған, абырой болғанда, құжаттар орнында екен.Роза апат орнына алғаш болып келген жол жөндеушілердің қызметтік автокөлігіне мініп, Мақат станциясына келді.

«КӨМЕК СҰРА»

...Кеше ол телеарнадан келген әріптестеріме сұхбат беруден бас тартты, алайда күтпеген жерден менімен сөйлесуге келісті. Мен оның апаттан алған зардаптары туралы білетінмін. Мен сезімімді білдіріп қоймас үшін астыңғы ернімді тістелеп, палатаға өзіме сенімді болып кірдім. Розаның көгеріп ісіп кеткен көздеріне емес, жаралы бетіне қарау ауыр болды. Бетіне қарап, шошынған адамдардың сезімі оның жүрегіне қатты әсер етеді екен.

- Пойыз бастығы (жолсеріктер бригадирі) менімен әрі қарап отырып сөйлесті. Қызым ол отырсын деп қасыма орындық қойған, ақыры кірместен кетті, -деді ол менен түсіністік іздеп. Мен түсінетінімді айтып, басымды изедім және алғаш кіргендегі өз әсерімнен ұялдым – маған да оның бетіне жақыннан қарау қиынға соқты. Розаны әйел ретінде қатты аядым. Оны құшақтап, ұзақ уақыт бауырыма қысқым келеді, алайда бір жерін ауыртып аламын ба деп қорықтым: бар денесі көгерген, ісік пен жара. Оның тәні ғана емес, жаны да ауырып отырғаны көрініп тұр. Оның айналасына сезімін білдіретін беті әбден бүлінген. Енді ол қоршаған ортасына қандай сезім көрсете алады? Кірбің түскен бе? Оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы жарақатынан айықтыру үшін сақтандыру компаниясынан әр жолаушыға тиесілі 400 мың теңгені талап етуді ұсынды.

- ҚТЖ-дан келген адамдар не айтты, кешірім сұрады ма? -деп өзімнің топшылауымды қосып қойдым.

- ҚТЖ-дан ешкім келген жоқ, - деп жауап берді ол, - «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан кісілер келді, барлығына сақтандыру бетшелерін үлестірді, маған ҚТЖ төрағасының атына көмек беру туралы өтініш жаз деп кеңес берді, мүмкін көмектесер, деді.

ДӘРІГЕРЛЕР ТУРАЛЫ

Роза Ким. Суретті түсірген Қанат ЕлеуовРоза Ким. Суретті түсірген Қанат ЕлеуовОл еш нәрсеге шағымданып отырған жоқ, қолынан келгені көзінен аққан жасты сүртіп, анда-санда «бұл жерде өлетін шығармын» деп күбірлеп қояды... Менің түсінбеген сыңайымды көріп, қызы Ангелина былай деп түсіндірді:

- Мұнда (Атырау облыстық ауруханасы) барлығын сұрамасаң, бермейді. Міне, үшінші күн болды біз бет-жақ оташысының кеңесін ала алмай отырмыз, сынған, жұлынған тістердің орны іріңдеп жатыр. Көз дәрігері тек бірінші күні ғана болды, кірпігі жарылған көз де іріңдеп кетті. Емдеуші дәрігер көз дәрігері іссапарда дейді. Анам өз-өзіне левомицитин тамшыларын тағайындады. Мұндағы «Медикердегі» әріптестері өз клиникаларындағы тіс дәрігеріне алып барған, алайда ол жерде рентген жоқ екен... Емханаларда кезек көп, ал №2 емхананың дәрігері «өзімнің де ауруларым жеткілікті, сендердің сырқатнамаларыңдыоқып отыратын уақытым жоқ» деп айтты. Дәрігер өте дөрекі екен. Айтпақшы, газеттерде апат орнына реанимобильдер барды деп хабарлап еді, ал менің анамды қалаға қарапайым УАЗ-бен, еденге жатқызып жеткізді. Жолдың соғуынан, барлық тігістері қанады... Дегенмен, жалпы Атырауда бізді жақсы қарсы алды: атыраулық өте кішіпейіл, биязы екен, анама пойызда немесе вахтада бір-екі рет көрген адамдар, пәтер иесі, «Медикердегі» әріптестері көңілін сұрап келіп тұрады... Шынымен де көптеген мейірімді адамдар келіп жатыр, біздің оларға деген алғысымыз шексіз.

Осыкездеәңгімеге араласпай, үнсіз отырған Розакенеттен маған «мына жағдайлады міндетті түрде жазыңызшы»деп өтінді:

- Мақат аудандық орталық ауруханаға, әсіресе, оташы Мұхтар ОМАРОВҚА үлкен алғыс айтыңыздаршы. Ол сол жерде, аудандық ауруханадан жібек жіп тауып, міне қараңызшы, бетімді жіңішке тігіспен тігіп берді. Ал мынаны, ол кеңсірігінде жарақатты көрсетіп, атыраулық әріптесім тікті, -дейді Роза күрсініп. Жарақат орны жуан жіппен дөрекі тігілген екен. – Мұхтар – нағыз дәрігер, мен оның көрсеткен қолдауына, шынымен жаны ашып, көмектескеніне қатты ризамын. Аудандық аурухананың басқа қызметкерлері де маған жақсы қарады. Қайсысынаалғыс айтарымдыбілмеймін, әйтеуірбіреуі еш жиіркенбестен, мені қан мен шаңнан тазалап, аяғыма дейін жуып берді. Бахтияр да сөзін жерге тастамады, чемоданымды осында әкеліп берді. Барлығына да үлкен рахметімді айтамын!

...Ол Мақат орталық ауруханасының түнгі дәлізінде сырғылтпалы кереует арбаның үстінде тілінген бетінің бір бөлігінқолымен басып, селкілдеп кетіп бара жатыр. Алып келе жатқан медицина қызметкерлерінің бірі туған күнін сұрады.

- 1961 жыл 28 маусым, -деп күбірледі ол.

Біреу бетіне еңкейіп, былай деді:

- Есіңде болсын, бұдан былайсенің жаңа туылған күнің - 2014 жылдың 19 сәуірі.

Алайда бұл әйел өзінің екінші туылған күніне қандай сый алды?  Таразының бір жағында – баға жетпес өмірі. Ал екінші жағында – беті, ал оны сапалы қалпына келтіруге жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңге керек болатын шығар.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Заңдық кеңес

– Бұл жағдайда Роза Кимге торығудың қажеті жоқ. Тасымалдаушы ұсынып отырған заң бойынша кепілдендірілген сақтандыру қаржысынан бас тартпауға кеңес беремін. ҚР Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 818-бабының 2-тармағына сәйкес, сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде олар заңнамалық актілермен белгіленеді.

«Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңының 20-бабының 1-тармағына сәйкес, теміржол тасымалы бойынша сақтандырушы компанияның жауапкершілігінің шекті көлемі белгіленген. Мақала кейіпкерінің басындағы жағдайда, егер оған мүгедектік тағайындалмаса, ол алынған зақымдар мен жарақаттар үшін 200 АЕК, яғни, 370 400 теңге (1 АЕК – 1 852 теңге) мөлшерінде сақтандыру ала алады. Алайда АК-тің 924-бабына сәйкес, ерiктi немесе мiндеттi түрде сақтандыру тәртібімен өзінің жауаптылығын сақтандырған заңды тұлға немесе азамат, келтiрiлген зиянды толық өтеу үшiн сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған жағдайда сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшерiнiң арасындағы айырманы өтейдi. Көрсетілген заң нормасына байланысты, егер сақтандыру төлем сомасы денсаулықты толықтай қалпына келтіруге жеткіліксіз болса немесе апатта зардап шеккен адамға емделу, соның ішінде пластикалық ота жасату үшін қосымша қаржы керек болса, олардың жетіспейтін және қажет соманы тасымалдаушыға, яғни, қоршаған орта үшін аса қауіптілік көзі болып табылатын көлік құралының қожайыны ретінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на («ҚТЖ» ҰК еншілес компаниясы)  төлетуге толықтай құқығы бар. 

Сонымен қатар, денсаулықты қалпына келтіруге қажетті қаржыдан бөлек, апаттан зардап шегушілердің әрқайсысы моралдық зиян өндіріп алуға құқылы. Зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе моральдық зиян өтеледі(ҚР АК-нің 951-бабы).Азаматтың тасымалдаушыдан өзіне тигізілген моралдық зиянды өтеуді талап етуге толықтай құқығы бар.

«Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ

27 сәуір 2014, 19:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.