Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында бизнесмендер бақылаушы органдардың өкілдерімен президент енгізген шағын және орта бизнесті тексеру мораторийіне арналған кездесу өткізді.
Кездесу басталғанда Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Заңғар ЗАҢҚАНОВ қандай жағдайларда тексеру мүмкін болатындығын атап өтті:
- Біріншіден, бұл кәсіпкердің өзінің өтінішіне байланысты қарсы тексерулер. Бұдан басқа, қаржылық ұйымдарды, атом энергетикасының, қару-жарақ, жарылғыш және пиротехникалық заттардың, улы заттар айналымының саласын тексеру жойылған жоқ. Сонымен қатар, конституциялық құрылымға, ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке тікелей қауіп төндіретін әрекеттердің алдын алу немесе жою мақсатында өткізілетін тексерулер.
Қалған басқа жағдайларда бірде-бір бақылаушы органның тексеру жүргізуге құқығы жоқ. Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мораторий әрекет еткен уақыт ішінде әлемдік стандарттарға сай келетін тексеру жүйесі жасақталуы тиіс. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңнама нормаларын бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексерулер жүргізілуі мүмкін деп жоспарланып отыр.
Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бастығы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ мораторий болмаған уақыттағы статистиканы келтірді:
- Өткен жылы Мемлекеттік эпидқадағалау басқармасы шағын және орта бизнес нысандарына 1237 жоспарлы тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1920 айыппұл салынды. Атап айтқанда, азық-түліктерден ішек таяқшасының тұқымдану жағдайы анықталды. Жыл ішінде жарамдылық мерзімі асып кеткен азық-түліктердің саттықта бар екендігіне қатысты 59 шағым түсті. Әдетте, мұндай шағымдар расталады. 2012 жылмен салыстырсақ, өткір ішек таяқшасымен сырқаттану 32 жағдайға, сальмонеллезбен 20, В және С вирусты гепатитімен сырқаттану 5 жағдайға артқан. Ал қазір біздің сізге тексерумен бармауымыз шаштараздар, педикюр мен маникюр шеберлері әр клиенттен кейін құрал-саймандарын өңдеуді тоқтата алады, дүкен қызметкерлері сөрелердегі азық-түліктердің сапасына қалай-солай қарай алады, мейрамхана мен кафе қызметкерлері өз асүйлерінің санитарлық ахуалын салақсытып жібере алады деген сөз емес. Осы мораторийдің басты мақсаты – бизнесмендердің тұтынушылар мен мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін арттыру болып табылады.
Бұл ойды Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА да қолдады:
- Неліктен біз тексеру келеді деген қорқынышпен жұмыс жасауға тиіспіз? Бұрын қалай болып еді? Тексеру келіп, заңбұзушылықтарды анықтап, содан соң Сәке, Мәке деп, бәрін шеше қоятын. Қазір бізге алақанымызды шапалақтап, қуанудың жөні жоқ. Енді бәрі кәсіпкердің мойнына, оның ар-ұятына жүктелгенін түсіну керек.
Жағдайды пайдалана отырып, атыраулық дәріханалардың бірінде құрамында тропикамиді бар «Мидриацил» препаратының еркін сатылып жатқандығы туралы сұрақ қойдым («АЖ», №16, 17.04.2014, «Қасірет тамшылары»). Сонда фармацевтердің кез келген дәріні сата алатын болғаны ма? Басқа да сұрақтар туындайды. Ал егер мейрамханадағы сапасыз тағамнан әлдебіреулер зардап шексе ше? Немесе дүкеннен мерзімі өтіп кеткен азық-түліктерді байқаса ше?
Т.Мұсағалиевтың пікірінше, бұған жауап мынадай: тұтынушылар өз құқықтарын сот арқылы қорғауды үйренуі тиіс.
- Егер бізге, мәселен, тұтынушы шағыммен келсе, біз бұрынғыдай тесеру жүргізе алмаймыз. Бірақ сотқа шағымды қалай дұрыс жазып, қандай құжаттар тіркеу керектігін және т.б. айтамыз,- деді Мұсағалиев.
Тамара СУХОМЛИНОВА