Жақында балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген қандай екенін байқап көрмек болдым. Соны баяндап берейін.
ТАНЫСТЫҚ, ЖАТТЫҒУ, ТАҢҒЫ АС
…Таңертеңгілік уақыт. Балабақша әлі тыныш күйде, асүйде таңғы асқа ботқа әзірлеп жатқан аспаздан басқа ешкім келмеген. Шамасы, қарақұмық болуы керек, бұл ботқаның хош иісі бала кезден таныс. Топтарды жәймен аралап, балалардың қолдан жасаған заттарын, суреттерін, фотосуреттерін қарап жүрмін. Балалық шағым есіме түсіп, іштей жымиып қоямын.
Біртіндеп балабақша іші жандана бастады. Терезенің желкөзі арқылы ауладан балалардың шуы, күлкісі, сөздері, жылаған дауыстары шығып жатты. Міне, бірінші «қонақ» та топқа кірді. Бейтаныс тәтейді көрген соң ұялып қалды. Шынымен де, кішкентай бүлдіршіндер үшін тәрбиеші екінші анасы секілді. Бірінші рет көрген адамның құшағына ұмтылмайды да, сөйлесе де қоймайды. Оның сеніміне кіруге тырысып, ойыншық машинаны көрсеттім. Іші жылығанын сездім... Бірнеше минуттан соң топ іші қозғалысқа толды. Біреулер қуыршақтарды тамақтандырса, енді біреулер жаңа көйлегін әңгімелеуде. Біреулері текшелерден мұнара тұрғызып жатыр, ал енді бірі қарақұмық ботқасы бар ыдыстың жанындағы орындыққа жайғасқан. Қарауылдап отыр.
Жаттығу жасадық. Өте көңілді өтті. Тікұшақ болдық, көжек секілді секірдік, өзімізді қоңыздарша елестетіп көрдік. Қарапайым екі-үш жаттығу секілді көрінгенмен, шаршаңқырап қалдым, әдеттенбегендіктен шығар.
Тісімізді тазаладық. Әр бала өзінің тіс пастасы мен щеткасы салынған стаканды біледі. Бәрінің дерлік тіс пастасының құрамында жеміс бар екен екен, балалардың айтуынша, жалбызды паста ауызды күйдіретін көрінеді. Гигиеналық процедураны орындауға ешкімді мәжбүрлеуге тура келмегені қуандырды. Бәрі тез, ептілікпен, ықыласпен орындады. Беттері жуылды, тістері тазаланды, енді ботқаны жейтін кез келді.
КІШКЕНТАЙ ТРАГЕДИЯЛАР
Таңғы астан кейін алғашқы сабақ уақыты басталды. Менің еншіме математика тиді. Балалардың қолдарын парта үстіне қойып, мойынсұнып отырғандары таң қалдырды. Үш жаста болса да, балалар бірінші сынып оқушыларындай отыр. Мұқият тыңдап, жауап беріп, қолдарын көтеріп, дыбыс шығармайды, сөзді бөлмейді. Алайда жеті минут өткен соң жыбырлай бастады. Біреулер қарындашпен ойнап, біреулер қағаздағы геометриялық пішіндерді санап, саусақтарын шұқылап отыр. Балалардың шаршағанын түсіне бастадым. Сол мезет «Түлкі қалай жүреді, көжек қалай секіреді?» деген секілді ойын ойлап шығара қойдым. Демалып, эмоциямызды шығарып, әрі қарай сабағымызды жалғастырдық. Ақыл-ой ойынынан кейін балаларды ойын бұрышына жібердім. Балалар, әрине, машинаға жабысса, қыздар ыдыстар мен қуыршақтарға жабысты. Әрқайсысының бұл жерде сүйікті ойыншығы бар, оны оңайлықпен ала алмайсың. Бұл жолы да қақтығыссыз өтпеді. Екі балақай екі бірдей машинаны өзара бөлісе алмады. Екі машинаның бір-бірінен айнымайтынына көз жеткізбек болғанымда, «жоқ, мынау менің машинам!» деген наразы жауап алдым. Тағы да жылау. Осындайдан кейін өзіңнің де жылағың келіп кетеді екен. Менің төзімділігім қайда кеткен?
Қыздармен ойнамақ болдым. Бұл жерде ұрыс-керіссіз болады деп ойлағанмын, олай емес екен. Біреуі «менің көйлегім әдемі!» десе, оған екіншісі мүлдем келіспейді. Бағыма қарай, дау көз жасынсыз бейбіт аяқталды.
БҮЛДІРШІНДЕРМЕН СЕРУЕН
Серуен уақыты басталды. Мұны балалардың жаны сүйетінін түсіндім. Тездетіп шалбарларын, күртелері мен бас киімдерін киюге асықты. Бір-біріне көмектесті. Топ ішінде дүрбелең басталды. Неден бастарымды, дәлірек айтқанда, кімнен бастарымды білмедім. Құмырсқалар секілді тым-тырақай жүгіріп жүр. Біреуі жалаң аяғына бәтеңкесін киіп алса, біреуі үстелдің үстіне шығып кетті. Күтушінің көмегінсіз болмайды екен. Бастысы - бүлдіршін өзін зақымдап алмауы тиіс. Бұл жерде ең маңыздысы - сәбидің денсаулығы.
Міне, серуенге де шықтық. Мұншама көп сұрақты ешқашан естімеген едім. Неге шөп өседі? Неге жел соғады? Але құстардың анасы бар ма? Неге күн биікте тұр? Қоршаған дүние туралы жалған ұғым қалыптаспас үшін балаға өте түсінікті әрі нақты жауап беру керек. Пілдің неге жасыл болмайтындығын ұзақ уақыт түсіндіргенімде сиқырлы пілдің жасыл бола алатындығын айтты. Бұған таласа алмайтының сөзсіз.
Түскі ас уақыты. Сәл ғана босаңсуға болады. «Астарың дәмді болсын!» деп тіледім, ал өзім әбден шаршап кеттім. Бар болғаны тәрбиеші ретінде үш сағат қана уақыт өткізген едім.
Үндемей тамақ ішіп отыр, тек қасықтардың тарсылы ғана естіледі. Қарындары ашып қалған ғой.
Тыныштық ұзаққа бармады, мен бұған таң қалмаймын. Тынығатын уақытқа дайындық басталды. Тағы да судырлап, әлденені талқылап, пижамаларының қандай екендігіне дейін айтып таласты. Домалайды, секіреді. Осыншама энергияны қайдан алады екен, ал, менің энергиям қайда кеткен?
Қолайлырақ жату үшін көрпелерін жабуға көмектестім. Енді жайлап босаңсырмын деп ойладым. Тағы болмады. Ертегісіз қалай ұйықтамақ?! Бауырсақ ертегісі және қасқыр мен жеті лақ туралы ертегілерді еске түсіруге тура келді. Оған қоса ән айттым. Жарты сағаттан кейін кереуеттерден пысылдаған дыбыстар шығып жатты. Кішкентай жұмақ дерсің. Демек, мен де сәл-пәл тыныға аламын.
ДЖАЗ СТИЛІМЕН ОЯТУ
Тынығатын уақыт тез аяқталып қалды. Шынымды айтсам, қиын екен. Балақайларды джаздың көңілді сазымен оятпақ болдым. Күлімдеп оянған секілді, ұйқылары қанды ма, әлде музыка ұнады ма екен?!
Киініп, шашымызды тарап, өрдік. Кейбірі шаш тарағанды ұнатпайды екен, көндіруге тура келді. Көнбеген балақайлар да болды. Өкінішті.
Екінді уақыты келді. Сүзбеден жасалған көмешті бәрі де жақсы көреді. Маған да аспаз біреуін берді, өте дәмді екен.
Әрі қарай сурет сабағына кірістік. Балалар құлшына кіріскен. Ойға шомып, қылқаламмен әлдененің суретін салып отыр. Бір-біріне көз қиығын тастап, әлсін-әлі «Менің суретім әдемі ме?» деп сұрап қояды. Микеланджелоларым ғой менің!
Салып болған соң олар суретін барлық балаларға көрсетуді өтінеді. Мақтау күтеді. Содан соң «Кешке анама көрсетемін» дейді.
Еркін ойынға кірістік. Қыздар «шаштараз болып ойнайық» деп өтінді. Шашымның не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Шашыма бұйралағыш салып, тырнағымды, көзімді, ернімді бояды. Содан соң сұлу болып шыға келдім.
Ойыншықтарымызды жинап, кешкі асқа дайындала бастадық. Ойыншықтарды жинауды бәрі бірдей ұната бермейді екен. Сондықтан «машина шаршады, қане, оны көлікжайға қояйық» немесе «қуыршақ ауырып қалды, қане, оны кереуетке жатқызайық» деген секілді қулыққа көшуге тура келеді.
Кешкі астан кейін біртіндеп ата-аналар келе бастады. Топтың іші босап қалды. Тынышталып, тіпті, аздап мұң басты. Алайда шаршағаным қатты сезілді. Жеке балабақша, бала саны аз болғанымен, оңай емес екен. Топта балалары көп мемлекеттік балабақша тәрбиешілерінің күйлері қандай екенін елестетіп көруге болады. Күн сайын ананың орнын басу деген ізгілікті әрі қиын жұмыс екен...
Анастасия ПАСТУХОВА