Атырау, 27 қараша 02:34
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қамыс арасындағы қақтығыс (Фото, Видео)

6 596 просмотра

Қазақстан әскері «Ақжайық» резерватының аумағына басып кірді

22 сәуірге қараған түні ҚР ҰҚК-нің 2016 әскери бөлімінің автоматтармен қаруланған «Еуразия» заставасының шекара жасағы мемлекеттік «Ақжайық» табиғи резерватына кірер ауыздағы шлагбаумды бұзып, резерват аумағына кірді. Резерват қызметкерлері бұл фактіні заңсыз басып кіру деп бағалап отыр, ал шекарашылар опоненттердің әрекетін «мемлекеттік шекараны қорғауға қасақана кедергі келтіру»  деп атауда.

«БҰЛ ШЕКТЕН ШЫҒУ!»

Біз резерватқа барған кезде форма киген ондаған ер адамның ызаға булығып тұрғанын көрдік. Бұл жеке дара туындаған қақтығыстың жанжалға ұласып кету қаупін туғызды, алайда көптеп-көлемдеп бітімшілікке шақырып, олардың ашуларын бастық.

- Бұл деген шектен шығу, көріп тұрсыз ғой, - деді №2 балық өтетін канал бекетінің мемлекеттік инспекторы Қамбар ДҮЙСЕНОВ шлагбаумдағы бұзылған құлыпты көрсетіп.

Резерваттағылардың растауынша, шекарашылар құжаттарды көрсетпеген, кіруге берілген ұйғарымды ұсынбаған және рейдті мақұлдау процедурасынан өтпеген екен.

- Олар бұл жерде нені күзетеді? Резерват аумағынан мемлекеттік шекара өтпейді ғой, - дейді «Ақжайық» РМК-ның ғылым және мониторинг бөлімінің бастығы Александр ИВАСЕНКО. – Ол жерде ерекше қорғалатын табиғи аумақ, қорық бар, бекеттер қойылған, өз аумағында браконьерлікпен балық аулауға дербес кедергі келтіруге, акті толтырып, тәркіленген балықтарды мемлекет қазынасына тапсыру өкілеттігіне ие 48 инспектор бар. Ешкім де шекарашылардың жұмысына дау айтпайды, шекаралық қызмет туралы заңға сәйкес олардың бүкіл нысандарға кіруге құқығы бар. Бірақ олар заң тәртібімен жүруі, резерват басшылығын хабардар етуге тиіс. Шараларды біздің қызметкерлердің қатысуымен жүзеге асыруға міндетті. Бұл тақырыпта шекарашылар мен резерват басшылығы деңгейінде бірнеше кездесу өтті. Біз жанжал шығармауды ұсындық. Егер шекарашыларға резерват аумағына кіру керек болса, бізбен келісіп алсын. Бірақ реакция болмады.

Бұл ерекше режимдегі шекаралық аймақ емес, қалай болғанда да, шекара аймағы мәртебесіндегі жақын жердегі елді мекендердегідей секілді, бұл туралы еш ақпараттық тақта жоқ. Аншлагтар немесе шекаралық бекет орнатсын, сонда мұндай мәселе де болмайды. Бірақ айырым құрылғысын бұзып, аумаққа басып кіру, қызметтік көлікті тексеру, ішкі іске араласу – бұл енді шектен шығущылық. Біз табиғат қорғау прокуратурасы мен ҚР Орман және аң шаруашылығы комитетіне хат әзірлеп қойдық. Осы факті бойынша сол жерде әскери прокуратура деңгейінде шешетін болады.

 

«ҚҰҚЫҒЫМЫЗ БАР»

Ал, шекарашылар «Ақжайық» резерватының учаскесі жағалаудан бастап құрлыққа дейінгі 25 шақырым шекаралық аймаққа кіреді деп растап отыр. Резерваттың №2 бекетінен су бойымен төмен қарай теңіз сағасына дейін 18 шақырым, ал құрлық бойынша қанша екенін резерваттағылар айта алмады. Жалпы шекаралық және шекаралық емес аймаққа бөлу өте орынсыз. Егер шартты түрде айтсақ, әр тараптың бұл тұрғыда өз пікірлері бар, ал ол жерде демаркациялық шекара жоқ. Дегенмен де, шекарашылар «Шекара қызметінің құқықтарының» 67-бабының 4-тармағына сілтеме жасап, қорық аумағына аяқ басулары негізді деп есептейді. Онда «ҚР ҰҚК Шекара қызметінің кез келген жергілікті жер учаскелерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын аумақтарда және табиғат қорғау аймақтарында болуға (шекаралық нарядтарды орналастыруға), сондай-ақ, қызметтік міндеттерді атқару кезінде олар арқылы жүріп-тұруға, жер учаскелерінің меншік иелерінен (жалға алушылардан) шекаралық нарядтардың жүріп-тұруына арналған орындарды бөлуді, қоршалымдар арқылы өтетін немесе өзге де кедергілер арқылы өтетін жерлерді жабдықтауды және тиісті түрде күтіп-ұстауды талап етуге құқығы бар» делінген. Тиісінше, оларға кедергі келтіруге тырысқан резерваттың мемлекеттік инспекторларының әрекетін шекарашылар облыстық, әскери және табиғат қорғау прокурорларына берген жауап баянжазбаларында өздерінің мемлекеттік қызметіне кедергі келтіру деп отыр.

 

РЕЗЕРВАТТАҒЫ БРАКОНЬЕРЛЕР

2016 шекара бөлімінің ұстанымы туралы анықтау және әкімшілік-құқықтық жұмыстар тобының бастығы Берік МҰХАМЕТЖАНОВ мәлімдеді:

- 2014 жылғы 21 сәуірде сағат 22.00 шамасында шекара наряды «Еуразия» шекара заставасының шекаралық күзет аумағына келді. Бұл жерде «Ақжайық» мемлекеттік резерватының қызметкерлері шекара нарядының теңізге шығатын арна бойымен жүруіне үлкен кедергі келтірді. Осыдан кейін шекара қызметі қызметкерлері резерват аумағына кіру үшін күш көрсетуге мәжбүр болды. Аумақта еш нөмір белгілері жоқ шағын жүзу құралдары табылды. Ал олардың ішінен қара балық аулайтын ау құралдары мен 2 қызыл балық аулайтын қармақ (қолдануға тыйым салынған, әр жерінде қалқан орнатылған үлкен ілмекті қармақтар желісі) табылды. Нөмірлік белгісі жоқ, ішінде «Ақжайық» мемлекеттік резерватының инспекторы және еш құжаты жоқ азаматтық тұлғалар отырған қайықтан 154 келі қара балық табылды. Бұл факт 22.04.2014 күнгі №7 хаттамасына тіркелді.

Егер прокуратура «қарсылық көрсетті» деген уәждерімен келіссе, шекарашылар ҚР ӘҚБК-нің 355-бабы («ҰҚК Шекара қызметі қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына мойынсұнбау») бойынша әкімшілік іс көтермекші.

Материалды дайындау барысында әлі жарияланбаған бір жаңалық пайда болды: 16 сәуірде үкіметтің шекара аймағы мәртебесі туралы қаулысы шығыпты, соған сәйкес, Мұхаметжановтың айтуынша, резерват аумағына жалғасып жатқан Еркінқала ауылдық округі шекаралық аймақ мәртебесін алады және бұл жерге кіру төлқұжат пен ІІД шекаралық рұқсатнамасы арқылы жүзеге асырылады.

- Басшылығымыз бірнеше күннен бері осыны түсіндіру үшін барлық заставаларды аралап жүр, - деді Мұхаметжанов.

 

БӘРІ БАЛЫҚ ЖЕГІСІ КЕЛЕ МЕ?

Айта кетсек, біз фототілші екеуміз оқиға орнына кеш бата келдік және браконьерлік құралдарды тауып, хаттама толтырған кезге үлгермедік. Алайда шекарашылар барлығының бейнежазбасы бар екенін айтты. Біздің көзімізше «Ақжайық» мемлекеттік инспекторы Мереке ӘДІЛЖАНОВ қарсыластарына балықты тапқан жерін (оның айтуынша, ол браконьерлерді байқап, соңынан қуған, алайда жете алмай, қайтар жолда жағадан қапшыққа салынған қара балық тауып алады) және куәгердің (шекарашылардың пікірінше, «құжаттары жоқ азаматтық тұлғалар») қолы бар хаттаманы көрсетті. Оқиға орнына балық қорғау инспекторы да келіп үлгерген екен, алайда ол да шекарашылар сияқты аты-жөнін айтудан бас тартып, жағдайға түсінік бермеді. Өзара айыптаулардан және «жоғары деңгейде шешеміз» деген қорқытулардан кейін түнгі жанжалдың қатысушылары балықты көлікке салып алып, тәркіленген затты Көкарнадағы «Ақжайық» резерватымен келісімшарты бар «КST group» ЖШС-не тапсыруға кетті.

Бұрыннан бері келе жатқан жанжал екендігінде дау жоқ, кез келген сұрақтар мен талаптарға екі жақтың да сілтеме жасайтын құжаттары дайын. Алайда бұл дәлелдер еш нәрсенің басын ашып тұрған жоқ – керісінше, бәрі жұмбақ. Енді бұл жанжал қадағалаушы органдар мен БАҚ-ты қатыстыру арқылы ашық текетіреске айналды және ведомствоаралық тартысқа айналуы әбден мүмкін. Біз бұлар туралы шындықты тек бейресми әңгімелерден ғана біле аламыз-ау деймін. Бұл «қақтығыстардың» ең шынайы себебі – резерват иелігіне ең «майлы» жер тап болғандығы (бұл аумақтан бұрын да бірнеше рет браконьерлер ұсталған). Мемлекеттік резерват басқа да күш құрылымдарымен егесіп үлгерген еді - өткен жылдың қазанында қаржы полициясы резерват инспекторларының бірін браконьерлерге қамқорлық көрсетіп жүр деп айыптап, ұстаған-ды («АЖ», №43, 24.10.2013, «Инспектор қылмыс үстінде ұсталды»). Шекарашылар тікелей емес те, бірақ астарлап резерватты осылай айыптап отыр. Ал өз кезегінде қорық қызметкерлері өздеріне бұлардың шұқшиюын жәй ғана «бәрі де балық қорына қол салғылары келеді» деп жауап берді.  

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

(+18)

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.