Бүгінде Қазақстанда осындай 7 мекеме жұмыс істейді, 11-і енді ашылмақ. Бүкіл облыс орталықтарынан барлығы 54 дағдарыс орталықтарын ашу жоспарлануда.
ТОРЫҒУ – НАШАР КЕҢЕСШІ
«Аналар үйі» қайырымдылық қорын құру бастамасын танымал қазақстандық кәсіпкер Айдын РАХЫМБАЕВ көтерген еді. Еліміздің түрлі өңірлерінен басқа да кәсіпкерлер оған қолдау көрсетті.
Жобаның мақсаты – тұңғыш сәбиін босанған, бірақ оны өздігімен өсіруге мүмкіндігі жоқ немесе әлдебір себептер бойынша баласынан бас тартпақшы болған жас әйелдерге көмек көрсету. Жас қыздар, көбінесе студенттер, өздерінің жүкті екенін білген соң қатты абдырап қалады. Оларға некеден тыс жүктілікке кінә тағатын қоғамдық пікірлер мықты әсер етеді, олар ата-аналарының, туыстарының реакциясынан қорқады.
Әрі қарай өмірінің болашағы жоқтай көрінеді: олар оқи алмайды, өйткені сабақ кезінде сәбиді қалдыратын жер жоқ, осы себепті де жұмыс істей алмайды. Жатақханадан кетуге тура келеді, пәтер жалдауға ақшасы жоқ. Жас жігіттің, әдетте, өз сәбиінің анасына көмектесуге ниеті де болмайды, көбінесе оның жүкті екенін білген соң тастап кете барады. Мұндай жағдайда қыз бүкіл қалған өмірін өкінішпен өткізуі мүмкін қадамға барады – сәбиінен бас тартып, перзентханаға қалдырады немесе бөтен адамдарға береді.
Айтпақшы, осындай жағдайда қалған анадан дені сау сәбиді асырап алуға ниет білдірушілер көп. Ықтимал асырап алушылар қыздың алдағы уақытта сәбиді талап ете алмайтынын, қыздың олардан ешқандай ақша сұрамайтынын, керісінше, оларды өз құтқарушысы секілді қабылдайтынын түсінеді. Көбінесе берекелі отбасынан шығып, осындай тағдыр талқысына түскен тәжірибесіз қыздың, әдетте, дені сау болады. Мұндай қыздарды бала асырап алушылар ол перзентханаға түскенше тауып алады. Жыл басынан бері Атыраудағы перзентханаларда бірде-бір «бас тартылған» сәбидің болмауы бұған қосымша дәлел болады. Өткен жылдары тек бірен-саран жағдайлар ғана тіркелген. Ал қор жас әйелдерге қолдау көрсетіп, оларға өз балаларын өсіруге мүмкіндік береді. Аналар үйін ашу үшін қор аналар мен балалар тұруға қолайлы жағдай жасалған коттедждерді жалдайды. Қор қызметкерлері перзентханалармен тығыз байланыс жасайды. Егер ол жерге сәбиінен бас тартуға ниет еткен әйел келсе, үйлестіруші оған барып, біраз уақыт Аналар үйінде тұруды ұсынады.
БӘРІ ӨЗ ҮЙІНДЕЙ
– Аналар үйінде олар сәби бір жарым жасқа толғанша тұра алады. Оларға тегін тұру, тамақтану, қажет болған жағдайда емделу ұсынылады, - дейді Атыраудағы жобаның үйлестірушісі Нина ТЕМІРБАЕВА. – Анасы баланың жәрдемақысын жинақтап, оны содан соң өз қалауынша пайдалана алады. Коттеджде аналарға арналған жекелеген жатын бөлмелер, балалар бөлмесі, ас үй бар. Бізде ешқандай аспаз бен бала күтуші жоқ. Анасы сәбиіне өзі қарап, оған және өзіне-өзі тамақ дайындап, күтім жасауы тиіс. Бірақ кез келген уақытта ол медбикенің қызметін пайдалана алады. Одан басқа, баласы бар аналар мекенжайы бойынша емханаға тіркелетін болады. Жұмысқа психологтар мен заңгерлерді тарту жоспарлануда. Ал әрі қарай оларды жұмысқа орналастыруға, сәбиді бөбекжайға орналастыруға тырысамыз.
Алғашқы Аналар үйі өткен жылы Астанада ашылған болатын. Бүгінде сол жерде тұратын әйелдер бірнеше ай бұрын баласын перзентханаға қалдырып немесе бөгде адамдарға беріп қоюға әзір болатын. Жоба басталғаннан бері астанада үш ананы туыстары өздерімен бірге алып кеткен, тағы үшеуін жауапкершіліктен қорқып, бір кездері тастап кеткен балаларының әкелері қайтарып алмақшы. Атыраудағы Аналар үйі өз жұмысын енді ғана бастап жатыр. Ол қолдауға және түсіністікке зәру жас аналарды қабылдауға әзір.
Зульфия ИСКАЛИЕВА