Егер Жилгородоктағы Әуезов көшесі, №27 және 29 үйлердің тұрғындары «ең белсенді аула» байқауына қатысса, олар, сөзсіз, бірінші орын алар еді. Аула тұрғындары бірнеше рет бір ауыздан наразылыққа шығып, ТКШ бөліміне арыз жазып, өздерінің «Волна» ПИК төрағасына тыныш таптырар емес.
МАЙДАНГЕРДІҢ СӨЗІ
Естеріңізге салсақ, олар бұдан екі жыл бұрын үй аумағына тиесілі жерден жол салғалы жатқан құрылысшыларға бөгет жасап, өз жерлерін алып қалған еді («Алаң үшін арпалыс»). Сол кезде алаңды қорғау үшін барлығы тұрған. Бұған өздерінің үлкен себептері де бар еді. Ауладағы қолы шебер жігіттер демалып отыратын орындықтар жасап, бағбандар тал, терек пен қарағаш отырғызды, ал жеміс беріп тұрған өрік талы ауланың мақтанышы болатын. Суару жүйесін де тұрғындар өз қалталарынан жасады.
Өз аумақтарын қорғау үшін адамдар жұмыстарынан сұранып кетіп, қарттар мен балалар аулаға шықты. Сол кезде наразылық білдіргендердің арасынан кеудесінде ордендері жарқыраған қарт майдангер есімде қалыпты. Аяғын әрең басып, жүрегін ұстаған қария қазір бес қатарлы үйлермен бірдей болған талдарды өз қолымен қалай отырғызғанын шенеуніктерге айтып жеткізген. Шенеуніктерден түсіністік таба алмаған ол еш қиналмастан бульдозердің астына жатамын деп сөз берді. Абырой болғанда, іс тұрғындардың пайдасына шешіліп, алаңды өздеріне қалдырды.
Бәрі жақсы болар еді, алайда кезіндегі кең, жасыл ауланың ортасында тоғыз қатарлы Әуезов көшесі, №31 үй бой көтерді. Ол өткен жылдың желтоқсанында қолданысқа берілді. Жаңа тұрғындар келді, «резидент еместерді» орындықтарға отырғызуға мүмкіндік бермейтін үлкен әдемі шарбақ пайда болды. Жаңа үйдің балалар алаңына бөгде балалардың кіріп ойнауына кең иықты күзетшілер жол бермеді. Көрші үйдің тұрғындары бұл құрылыстан бір-ақ пайда көрді, ол жақсылық та күмәнді – олардың пәтерлеріне енді күн сәулесі түспейтін болды. Құрылыс кезінде бұзылған суару жүйесін қалпына келтіруді күте-күте шаршады. Қоқыс жәшіктерін жаңа үйдің шарбағының сыртына, яғни, ескі үйлердің ауласына орнату шыдамдылықтың шегіне жеткен соңғы тамшы болды. Балалардың ойнайтын жері жоқ, ол жер автотұраққа айналған. Жиектемеден (бордюр) әрі асу да қауіпті – бұрын қыздар сурет салып ойнайтын тротуар көлік жүретін жолға айналды.
ҮСТІМІЗГЕ ҚОҚЫС ТӨККЕНДЕЙ...
- Иә, бұл үй салынып болды, енді еш нәрсе жасай алмайсың, алайда біз өз тұрмысымыз бен қауіпсіздігімізге қажетті қарапайым ғана жағдайларды жасаса екен дейміз, - дейді №29 үйдің тұрғыны Елена САНАКИНА. – Біз өзіміздің ПИК төрағасына жасанды жол кедергілерін төсеуді сұрап, талай хабарластық. Балалар тек жол жиегінде ғана ойнайды және ойын барысында көлік астына түсіп қалулары әбден мүмкін. Қаншама тал-теректер кесілді! Алайда біз көшеттер сатып алдық, оларды отырғызу үшін мамырды күтіп жүрміз. Біз құрылыс кезінде шығарып тастаған суару жүйесін қалпына келтіруді ғана сұраймыз. Құрылысшылар сөз берген...
- Жаңа үйдің қоқыс контейнерлерін менің тереземнің қарсы алдына қойып қойды, - деп шағымданды №4 пәтердің тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Евгения ГОРОХ. – Жазда құжынаған шыбын мен сасық иістен тереземді аша алмаймын. Мен мұның бәрін қорлау деп есептеймін.
- Мені қазіргі жағдайымыз қатты ренжітіп отыр, - дейді №21 пәтерде тұратын әжей Зинаида МОИСЕЕВА. – Осы үй салынғаннан бері өзімді екінші сұрыпты адам ретінде сезініп жүрмін. Далаға шықсам, отыратын да жерім жоқ. Ана үй тұрғындарына барлық жағдай жасалған, ал бізді қарапайым, адами жағдайлардан айырды...
- Иә, мен тұрғындардың шағымдарымен таныспын, - дейді «Волна» ПИК төрағасы Құрбан ГАМИДОВ. – Алайда жаңа үй «Волна» кооперативінің балансында емес. Бұл - өздерінің балалар алаңқайы және олар оған ешкімді жібермеуге құқылы. Ауладағы қозғалысқа келетін болсақ, шынымен де, көлік көп жүретін жерге айналды. Жасанды кедергілер салу туралы өтінішімді ТКШ-ға өткен жылы бергенмін, алайда әзірге жауап алған жоқпын. Қолымнан келетіні - осы ғана.
- Аулаларына суару жүйесін қондыру туралы талаптар бізге жиі келіп түседі, - деп жағдайға түсінік берді қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Гүлнәр САЛИХОВА. – Алайда оны кез келген жерге қондыру мүмкін болмай отыр. Менің жеке пікірім – былай жасау керек: әр тұрғын өз теректеріне күтім жасасын, ал су шығынын кейін ПИК қолданыс шығындары есебінен өндіріп алсын.
Бүгінгі таңда ескі үйлер мен жаңа үй тұрғындары арасындағы қарым-қатынас шиеленісе бастағандай. Балалар бір-бірімен дос болмайды, ал ересектер ашық ұрыс-керіске бой алдыруда. «Волна» ПИК төрағасы бар сенімнен айырылды, тұрғындар алға қарай оған сенімсіздік вотумын тапсырамыз деп қорқытады. Міне, осындай жағдай...
Анастасия ПАСТУХОВА