Капиталды заңдастыру 2014-2015 жылдары өтеді, деп хабарлады Премьер-Министрiнiң орынбасары - Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов.
Қазақстан президенті нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 1 қаңтардан басталатын жалпы декларциялауды енгізу алдында капитал рақымшылығын өткізуді тапсырды. Ұлттық банк үкіметпен бірге 2014 жылғы 1 маусымға дейін капитал рақымшылығы туралы заң жобасын әзіргеуге тиіс.
"Заңдастыруды жүргізу мерзімі - 2014-2015 жылдар", - деді Сұлтанов.
"Ал жария етiлетiн ақшаға келетiн болсақ, ол табыс болып табылмайды. Сол себептен оған салық салынбайды. Сонымен қатар жария еткен тұлғалар қылмыстық, әкiмшiлiк және тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды. Осы шара барысында жария етiлген қаражаттар туралы жеке ақпараттар құпия болып сақталады. Салықтық, қызметтiк материалдар құпия болып қалады", - дедi ол.
Вице-премьердiң сөзiне қарағанда, заңдастырылған қаражат екiншi деңгейлi банктерде орналастырылмақ. Сонымен қатар оған қатысты баламалы құралдар ұсынылады.
"Егер адамдар депозитке ақшаларын салғысы келмесе, онда өзге құралдарды сатып алу құқығы берiледi. Атап айтқанда, Қазақстан экономикасына құя алады. Мәселен, мемлекеттiк құнды қағаздарды, екiншi деңгейлi банктердiң облигацияларын сатып ала алады, ұлттық компаниялардың, даму институттарының акцияларын, халықтық IPO арқылы мемлекеттiк меншiктегi компаниялардың қағаздарын ала алады. Сондай-ақ жекешелендiрудiң екiншi толқыны аясында мүлiктi жеке меншiгiне сатып алуына болады", - дедi Б. Сұлтанов.
Егер азамат оны жоғарыда аталған құралдарға жұмсағысы келмесе, қаражатты депозиттен шешуiне мүмкiндiк жасалады. Бiрақ банк ол сомадан 10 пайыздық алым алады.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.