Атырау, 27 қараша 00:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Каналдар құрғап жатыр

5 107 просмотра

Исатай ауданындағы Зинеден ауылының (Забурын ауылдықокругі) тұрғындары мал өсірудің жылдан-жылға қиындап бара жатқанына алаңдайды. Себебі, құм көшкен сайынканалдардың көміліп қалуы жақын. 

Зинеден ауылында тұрғындардың басым бөлігі ауласында мал ұстайды. Забурын ауылдық округі бойынша 1197 ірі қара, 3261 қой, 731 түйе,648 ешкі,462 жылқы бар. Соңғы жылдары мал басы артқанмен, су мәселесі тұрғындарды тұйыққа тіреп отыр.

- Бізге су Құрманғазы ауданынан келеді. Кобяково-Забурын каналынан бізбен бірге суды Исатай ауылының малы да ішіп отыр. Бұл каналда су бірде бар, бірде жоқ. 2011 жылы каналымыз кеуіп, құрғап жатты. Себебі, Ресейдегі Кобяково өзегінде су болмағанын айтады  «ҚазСуШар» мекемесіндегілер. Нағыз аптап ыстықтарда су таппай қол боламыз, ондайда мал тентіреп кетеді. Амал жоқ, біз оларды құдықтан суардық. Ал 2012 жылдың жазына дейін канал суы ащылау болып, ішуге жарамай қалған, - дейді жергілікті тұрғындар. Олардың айтуларынша, каналдардың құрғауына Кобяководағы су деңгейінің төмендігі ғана емес, кезінде каналдың дұрыс қазылмауы да себеп болып отыр:

- Осыдан алпыс жыл бұрын канал 80 шақырым құм арасымен қарсы қабаққа қарай қазылған. Өзі аз судың төменнен жоғарыға көтерілмеуі сондықтан.

Кобяково-Забурын каналы1994-2002 жылдар аралығында мүлдем пайдаланылмаған екен. Бұған себеп - канал маңайындағы совхоз малшылары басқа ауылдарға көшіп кеткен. Бірақ ауыл бүгінде мал өсіруді қайта қолға алып, оның басын көбейтуге жұмыстануда. Өкінішке орай, мал көбейгенімен, канал проблемасы сол күйінде қалды. Оған жанашырлық танытылмады, күрделі жөндеу жүрген жоқ. Ауылдың тұсындағы канал бойын қалың құм басып қала беретін болды.

- Каналдарды құмнан тазартып тұрады. Құм көшкінін тоқтату үшін онда сексеуіл де егілді. Әзірше соның себі тиіп тұр, бірақ Нарынның қалың құмы кейде бой бермей кетеді. Ал судың ащы болуы каналдың тазартылмауынан. Сол себепті каналдарды қалпына келтіруге үкімет тарапынан жұмыстану қажет, себебі бұл көп қаржыны талап етеді, - дейді ауыл тұрғыны Уахит АДИЛОВ.

«ҚазСуШар» РМК-ның Атырау филиалындағылар биыл каналға су айдау күлдей шығынға батырып отырғанын айтады. Олардың су беруден бас тартып отырғаны сондықтан екен.

- Каналдан су ішкен мал басына белгіленген төлемақы дұрыс жиналмайды, - дейді сушарлықтар. 

Ал тұрғындар болса:

- Бізге дұрыстап су берсін! - деп қарсы уәж келтіріп отыр. - Өткен жылы каналға су жеткілікті айдалды, оған дейінгі болмаған суға біз ақы төлемейміз. Ал бұған дейін мүлдем болған жоқ, біз малымызды құдықтан суардық. Бізге көрсетілмеген қызмет үшін неге ақы төлеуіміз тиіс?

Забурын ауылдық округі әкімінің тұрғындармен бірнеше рет жиналыс өткізіп, осы мәселені оң шешуге уәде беріп, жұмыстанғанынан да ештеңе шықпады. Мәселе шешімін таппаған соң тұрғындар келісімшарт жасауға ашық қарсылық білдірді. Тұрғындардың канал суын пайдаланғандары үшін жиналған қарызының 150 мың теңгесі «СветланаОйл» ЖШС-нің демеушілік көмегімен төленген. Соның өзінде күні бүгінде тұрғындар «ҚазСуШарға» 600 мың теңге қарыз болып қалып отыр. Негізі бекітілген ереже бойынша шаруа пайдаланылған су ақысының 10 пайызын ғана төлейді, қалғаны бюджет есебінен өтеледі. Биыл канал суын пайдалану шығынын өтеуге 30 млн 800 мың теңге қаралған.

Кобяково-Забурын каналы «ҚазСуШар» РМК-ның Құрманғазы бөлімшесіне қарайды. 

- Біз Исатай ауылы мен Зинеден ауылын сумен қамтамасыз етеміз. Исатайлықтар канал суының төлемақысын төлеп бола келеді. Зинеден ауылы бойынша былтыр 118 үйден69 тұрғын келісімшартқа отырып еді, биыл олардың саныазайып, 55-і ғана қалды, - дейді Құрманғазы ауданындағы бөлімше басшысы Зибағат ХАТИМОВ. - Негізі әр адам канал суын тұтынғаны үшін бір жылға ірі қараға 350 теңге, жылқы мен түйеге 280 теңге, ал, қой-ешкіге 45 теңгеден төлеуі тиіс. Бұл соншалықты көп сома емес, бірақ төлемейді! Ал төлем түрінің басқа амалын қарастыруға менің хақым жоқ, сондықтан мен сізге ештеңе айта алмаймын.

Біз «ҚазСуШар» РМК-ның Атырау филиалының басшысы Аслан РЫСЖАНОВҚА хат жолдағанбыз. Алайда, арада бір аптадан астам уақыт өтсе де, әзірге жауабын алғанымыз жоқ.

Ал Исатай ауданының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ «ҚазСуШар» мекемесімен келісімге келудің арқасында биыл ауылға су берілетін болып шешілгенін айтады:

- Сушарлықтар каналға су беруде күлдей шығынға қалып жүргенін айтып жүр. Олар үшін бұл іс тиімсіз болғанымен, ауыл халқы малсыз күнін көре алмайды, нәпақасын содан табуда. Мекеме жыл басында су бермейміз деген, бірақ біз олармен сөйлесіп, келісімге келдік. Сөйтіп, биыл су берілетін болды. Ал тұрғындар малы үшін су ақысын төлеуі қажет.

Сондай-ақ, Н.Ожаевтың айтуынша, каналдарға қатысты жағдай облыс әкіміне белгілі екен. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

10 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.