Үш жыл бойына ұлыбританиялық дәрігер-анестезиолог және реаниматолог Кен АЛАГЕСАН (суретте) мен француз травматолог-ортопеді Николас ПРИХНЕНКО NCPOC әлеуметтік бағдарламасының аясында облыстық ауруханада жұмыс істеді.
- Жоба 2010 жылы облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасын тексеруден, облыстағы басқа емдеу мекемелерінің төтенше және шұғыл көмек көрсету деңгейін анықтаудан басталды, - дейді «ProspektMedicalCaspian» ЖШС менеджері Нұрлан БАЙМЕНШИН. – Осыдан кейін шетелдік мамандарды шақыру ұйғарылды. Жобаны толықтай NCPOCқаржыландырады және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Николас Прихненконың Атырауға келгенше Мәскеу мен Парижде 40 жылдық тәжірибесі болған.
- Біздің ауруханада жұмыс істеген кезде ол күрделі артроскопиялық оталар, жамбас буынын эндопротездеу, тізе буынын протездеу операцияларын жасады. Бұл біздің мамандар үшін дәрігерлік шеберліктің үлкен мектебі болды, - дейді травматология бөлімшесінің меңгерушісі Бекен ҚҰЛНИЯЗОВ.
Кен Алагесан – анестезиология мен реаниматология бойынша халықаралық сарапшы, бұрын Ноттингем университетінің емханасында аға кеңесші болды. Оның қатысуымен облыстық ауруханада төмен-ағымдық ингаляциялық анестезия, ірі вена тамырларын катетеризациялау енгізілді.
- Доктор Алагесанның ұсынысы бойынша аурухананың науқастарды қабылдау бөлмесінде шокқа қарсы палата ашылды. Елестетіп көріңіз, ауруханаға пациент қиын жағдайда түседі. Әрбір секунд қымбат, ал науқасты жансақтау бөліміне жеткізуге біраз уақыт кетеді. Сондықтан да оны шұғыл арада шокқа қарсы палатаға салып, ол жерден алғашқы жансақтау шаралары алынады, - дейді Н.Байменшин.
Облыстық ауруханадан бөлек доктор Алагесян облыстағы басқа емдеу мекемелерінің реаниматологтары мен анестезио-логтарына кеңес береді, тұрақты түрде шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізіп тұрады. Жалпы осы жылдар ішінде одан жергілікті 200-дей дәрігер тәлім алған.
- Ең болмағанда бір аурухананың базасында денсаулық сақтау жүйесіне жоспарлы түрде өзгерістер енгізіп, оны халықаралық стандарттарға жақындатып, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту қажет, - дейді доктор Алагесян.
- Қалай ойлайсыз, біздің медицина халықаралық стандарттардан қаншалықты алыс?
- «Алыс» деген басқа мағына болар еді. Сіздің стандарттар халықаралық стандарттардан қатты ерекшеленеді.
- Мысалы?
- Мәселен, бұл жерде пациенттерді емдеу кезінде әсері дәлелденбеген дәрі-дәрмектер кеңінен қолданылады. Біз дәлелді медицинадан өтпеген препараттарды қолданбаймыз.
Қазіргі кезде екі доктор да алдарына қойылған міндеттерді толықтай орындап, Атырау облыстық ауруханасындағы өз жұмыстарын аяқтап қалды.
- Бірақ жоба мұнымен тоқтап қалмайды, Атырауға басқа да шетелдік медиктер келеді, - деп сендірді Н.Байменшин.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор