Ақтөбеде сұмдық жағдай боды. Жап-жас келіншек жедел-жәрдем көлігінің ішінде босанып қалған. Ал нәресте өлі туылыпты. Бұл туралы tv7.kz хабарлап отыр.
Юсуповтар отбасы екі мәрте жедел жәрдем шақыртып, «екеуінде де дәрігерлер көмек көрсетпеді» деп отыр. Ол аздай бар болғаны 22 жастағы келіншекке перзентханадағылар «бес бала босанған» деген анықтама беріпті. Дәрігерлердің әрекетінен әбден көңілі қалған Юсуповтар енді ақ халаттылардың үстінен қылмыстық іс қозғалуын талап етіп отыр.
Мәрия апа немересінің дүниеге келуін ұзақ күткен. Оның ұл болатынын естігенде баласы Әмірдің кішкентай күнгі киімдерін шығарып дайындап қойыпты. Бір жеті бұрын дәрігерлерге де қаралып, баланың жағдайы жақсы екенін білген. Ал айы күні жетіп отырған келінінің толғағы басталғанда жедел жәрдем шақыртады. «Бірақ келген бригаданың дәрігері аула балшық туфлиім былғанады деп көліктен түспей, толғатып жатқан келінімді жедел жәрдем көлігінің ішінде қарады», - дейді Мәрия апа.
Келіншектің толғағы басылмаған соң таң атысымен тағы жедел жәрдем шақыртқан. Осы жолы келінінің босанғалы жатқанын сезген олар дәрігерлердің тез жетуін өтініпті. Бірақ жедел жәрдем көлігі елу минуттан соң келген. Төсекте жатқан келіншекті келген бригада дереу көлікке сүйрепті.
«Келіншегімді тұрғызып алып, жаяу көлікке апарған. Негізі олай апарамау керек еді. Үйден шығып бара жатқанда ол «менің балам шығып келе жатыр, сезіп тұрмын» деп айтқан екен, оны ешкім тыңдамаған. Ақыры көлікке кіргізіп, қатты жерге отырғызып, сосын көмекшісіне аяғын қысып отыр, әйтпесе босанып қояды деп дәрігер бұйрық берген», - дейді жолдасы Әмір Юсупов.
Сол сәтте Жарқынай Дүйсебекова баланы көлікте босанады. Бірақ сәби өлі туған. Ал отағасы Әмірдің өзі жедел жәрдемде қызмет етеді, сол түні ол жұмыста кезекшілікте болған екен. Тұнғыштарын асыға күткен олар, тіпті «Әли» деген есім де дайындап қойыпты. Ал Жарқынай болса әлі өз-өзіне келе алмай жүр. Ауруханадан бүгін шыққан ол тек егіліп жылай береді, сұхбат та бере алмады. Ал қалалық жедел жәрдем бекетінің дәрігерлері бар кінәні жас босанған анаға жауып отыр. «Бірақ негізінде үйде босандыруға да болар еді», - дейді олар.
«Фельдшердің айтуы бойынша әлі толғақ кезі болған. Сосын ол перзентханаға жеткізем деп ойлаған. Машина батып қалады деп ойламаған. Одан шығатын мүмкіндік болмаған соң, босандырған әйелді», - деп түсіндірді қалалық жедел жәрдем медициналық бекеті бас дәрігерінің орынбасары Гүлжанат Күшетова.
Ал перзентханадан шыққан кезде Жарқынай Дүйсебекованың қолына ондағылар бес бала босанған деген қағаз беріпті. Сорақысы сол, тоқсан екінші жылы туан Жарқынай екі жасынан бастап бала босанған деп көрсетілген. Солай әр екі жыл сайын бес баланы өмірге әкелген делінген. Мұндай өрескел қателік жібергенін перзентхана ұжымы да мойындап отыр. Ал тұнғышын ұзақ күтіп, одан айырылып қалған ата-анаға бұл тағы бір соққы болды. Енді олар жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалуын талап етіп, полицияға шағымданып отыр.
Дереккөз: bnews.kz