Қылмыстық кодекс жобасы заман талабына сай, тәжірибеде сыннан өткен қылмыстық-құқықтық институттарды сақтай, әрі тұлғаны, қоғамды және мемлекетті тиімді қорғау үшін тиісінше жаңалай отырып әзірленген болатын. Кодекс жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы ережелерін іске асырады.
Бұдан бөлек, кодекс бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды кеңейтеді. Бұнымен қоса, ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шараларды қатаңдатады. Жалпы кодекс жобасында, қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың басқа да санаттарына қылмыстық саясатты ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған, криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатаңдатылды, ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделеді.
Заң жобасы бойынша баяндаған депутат Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, екінші оқылымға әзірлеу барысында үш жүзге тарта түзетулер енгізілген. «Осы ұсыныстарды талқылау кезеңінде Мәжіліс депутаттары үшін ең өзекті мәселелердің бірі - түрмедегілер санын қысқартуға заңдық жолдарды қарастыру болды. Осы тұрғыда депутаттар, Үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдар, ғалымдар мен сарапшылар ұқсас көзқарас ұстанды», - деді жұмыс тобының жетекшісі депутат Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, кодекс жобасы бірқатар маңызды нормалармен толығып отыр.
Мәжіліс мақұлдаған кодекс жобасы Сенатқа жолданады.
Дереккөз: ҚазАқпарат