31 наурызда Қарағанды облысындағы су тасқыны бес адамның өмірін алып кетті. Атырау облысында қауіп-қатер қандай?
Жайық-Каспий бассейндік су қорларын пайдалануды реттеу және қорғау инспекциясының басшысы Бисен ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, Қарағанды облысындағы су қоймасына бір жарым миллион текше метр су сыяды. Бөгеттер жеке қолда болғандықтан, оның қожайындары оның жағдайына бақылау жасамай, тек көбірек су жинауды ғана мақсат еткен. Атырау облысында мұндай бөгеттер жоқ. Есесіне Батыс Қазақстан облысындағы шағын өзендерде осындай 45 бөгет, ал Ақтөбе облысында 11 бөгет бар.
- Батыс Қазақстан облысының аумағындағы шағын өзендерден су тасу қаупі сейілген. Шаған, Деркүл, Үлкен және Шағын өзендерінде еріген қар суларының құйылуы төмендеп, ондағы су деңгейі түсіп барады. Негізінен Жайық өзенінің сағасында ол енді ғана басталуда және мамырдың орта шеніне дейін жалғасатын болады. Бағына қарай, Ресейдегі Орынбор облысында орналасқан Ириклинск су қоймасынан басқа Жайық бойында бірде-бір су қоймасы жоқ. Ал Ириклинск бөгетінің бұзылу қаупі нөлге тең. Ол Орал тауларының таулы жыныстарынан салынған.
Қуановтың айтуынша, биылғы жылы Жайық өзенінде күшті су тасқыны болады деп күтілуде. Ириклинск су қоймасында 2,2-3,2 млрд текше метр көлемде еріген су құйылысы болады деп күтіліп отыр. Осынау алып «ыдыстың» сыйымдылығы 3,26 млрд текше метрді құрайды. Сондықтан ресейліктер көктем басталған соң бөгет қақпасынан ағызатын су көлемін секундына 60-тан 360 текше метрге дейін көбейіп, оның жартысын босатып тастады (өткен қуаңшылық жылдары бөгеттен суды ағызу мөлшері секундына 15-30 текше метрді құрады).
- Қазір бөгеттен су ағызу секундына 120 текшеге дейін азайтылды. Өйткені су қоймасында 1,4 млрд текше су қалды. Егер судың толығуы қарқынмен жүрсе, онда су ағызу қайтадан көбейтілетін болады. Сондықтан біз Атырауда ұзаққа созылған, күшті су тасқыны болады деп күтеміз. Бұдан басқа, Ақтөбе облысының тауларынан бастау алатын Жайық – Ор және Елек тармақтары көп су әкелуі тиіс. Қазір ол жерде қар көп, - деп хабарлады Қуанов.
Гидрологтардың соңғы ақпараттары бойынша, Атырау қаласының шеңберіндегі Жайық өзеніндегі су деңгейі қазіргі су тасқынының шарықтау шегінде 455 сантиметр норма бойынша 490-500 сантиметрді құрап отыр. Салыстыру үшін, өткен жылы жоғарғы деңгей 440 сантиметрді құрады. Ал тасқын үдеген кездегі Жайықтың су деңгейі 2007 жылы – 513, 2005 жылы – 245, 2000 жылы – 523, 1998 жылы – 523 сантиметрді құрады. 1994 жылы су тасып, Дамбы суға кеткен кезде кәрі Жайық 601 сантиметрге дейін көтерілген болатын.
- Облыстық билік су қандай деңгейге көтерілген кезде дабыл қағуы тиіс?
- 550 сантиметрдеңгейдің өзі қауіпті. Қауіпті күтпей-ақ, қорғаныс бөгеттерін нығайтып, көпірлердің астындағы каналдар мен өзендердің арналарын, көлік және темір жолдарының астындағы су өткізу құбырларын тазарту керек.
- Қызылқоға ауданындағы Ералиев бөгетінің жағдайы қандай?
- Ол жерде алты қақпа бар. Шлюздер дұрыс жұмыс жасап тұр. Су тасқыны кезінде ол жерде «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бригадасы кезекшілік етеді. Жағдай бақылауға алынған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ