Наурыздың аяғында қаладағы №27 мектептің мұғалімдерінің бірінен туберкулез сырқаты анықталды.
Мектеп директоры Ару ҚОСЫМБАЕВАНЫҢ айтуынша, оның сырқат екендігі педагог жыл сайынғы медициналық тексеруден өткен кезде анықталған. 26 наурызда оны жұмысқа жіберу мерзімі аяқталып, ол емханаға барған екен.
- Әдетте біз алдын ала жарты ай уақыт қалғанда қажетті мерзімде арнайы тексеруден өтіп, балалармен жұмыс істеуге рұқсат алу үшін қызметкерлерге санитарлық кітапшалар береміз. Флюораграфиядан кейін оның туберкулез екені анықталған, содан соң ол облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне емделуге жатқызылды. Оған дейін жыл ішінде денсаулығына шағымданған емес, сырқатына байланысты күн алған жоқ, сырттай сырқат белгілері байқалған жоқ, - дейді А.Қосымбаева.
Қазіргі уақытта бұл мұғалім сабақ берген сынып оқушыларын тексеру аяқталды.
Қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі Алпамыс ҒИЛЫМОВТЫҢайтуынша, балалармен жұмыс істеу рұқсатын педагогтар жылына бір рет алады және оны тек жаңа оқу жылының алдында ғана алу міндетті емес екен:
- Бізде 5 мың мұғалім, 3 мың тәрбиеші бар, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары және т.б. сабақ береді. Олардың барлығы физикалық тұрғыда тамыз айында тексеруден өте алмайды. Сондықтан әрқайсысы медициналық тексеруден өз уақытында өтеді. Басты шарт – жыл сайын өтіп тұруы және өткен жылғы мерзімнен кешіктірмеуі тиіс. Яғни, егер санитарлық кітапшада өткен жылы тексеруден 15 сәуірде өтті деп көрсетілсе, онда биылғы жылы ол осы уақыттан кешікпей өтуге міндетті.
***
Бүгін, 7 сәуірде №27 мектептің акт залына осы мектеп мұғалімдерінің бірінің сырқаттанғаны туралы жаңалықты естіп, алаңдаған ата-аналар жиналды. Сол жерде қалалық білім беру бөлімінің, қалалық прокуратураның, қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мен туберкулезге қарсы күрес диспансерінің өкілдері де болды.
Ата-аналар төтенше жағдай деп есептейтін жағдай туралы мектеп басшылығынан емес, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білгендеріне наразы болды. Олардың кейбірі балаларын мектепке жібермей отыр. №27 мектеп директоры Ару Қосымбаева мұғалімде сырқаттың қалай анықталғандығын әңгімелеп, оны өмірінің осынау қиын кезеңінде қолдауды қажет ететін сауатты маман ретінде сипаттады.
– Біз мұндай жағдайдың әр адамның басынан өтуі мүмкін екенін түсінеміз. Мұғалім туберкулезді өзі сұрап алған жоқ қой. Бірақ біз мектеп пен басқа жауапты органдар қалай әрекет етуі керектігі туралы әңгіме қозғап отырмыз. Мектепті карантинге жауып тастап, залалсыздандыру керек, сонымен қатар оқушылардың барлығын тексеруден өткізу қажет. Өйткені мұғалімнен басқа оқушылардың бірі - 10-сыныптың оқушысы науқастанып қалды. Бәлкім сырқаттанғандар одан да көп шығар, - дейді ата-аналардың атынан қынжылысын білдірген Әсел. – Біз балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз. Олардың дені сау екендігіне сенімді емеспіз. Олардың ауру жұқтырып алып, өзінің іні-қарындастарына жұқтырып үлгеруі де әбден мүмкін. Мектеп болған жағдай туралы бізге хабардар етпеді. Есесіне сабаққа жіберу талабымен қоңырау шалып жатыр.
– Флюорографиядан 9-11 сынып оқушылары өтеді. Тәуекел тобына жататын (халықтың әлеуметтік осал тобына жататын, туберкулезбен науқастанған туыстары бар, анемиямен ауыратын және т.б.) 1-8 сынып оқушыларына Манту сынамасы салынады. Оң нәтиже берген жағдайда балалар жарты жыл бойына профилактикалық ем алады. Сіздің мектепте мұндай балалар жоқ. сырқаттанған 10-сынып оқушысы қарашада әскери комиссариат желісі бойынша медициналық тексеруден өтті. Сол кезде рентген ешқандай ауытқулар анықтаған жоқ, бәрі қалыпты болды. Ал наурыз басталғанда оның өзі дәрігерлерге барған, сол кезде одан сырқат анықталды, - деп хабарлады қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Әлия НҰРЖАНОВА.
Оның айтуынша, мектепті карантинге жабу үшін ешқандай негіз жоқ екен. Мұндай жағдайда тиесілі залалсыздандыру шаралары жүргізілген. Сырқаттанған мұғалім сабақ берген жоғарғы сыныптың 153 оқушысы қазіргі уақытта тексеруден өтуде.
Тоғызыншы сынып оқушылары наурыз айында рентгенге түскен. Сондықтан оларды осы процедурадан жарты жылдан соң ғана өткізуге болады. Ә.Нұржанова бір мектептен екі мәрте туберкулездің шығуының өзара байланысы бар ма және сырқаттанғандардың қайсысы жұқтырған немесе бұл жәй ғана кездейсоқ сәйкестік пе деген сұраққа жауап бере алмады.
– Болған жағдайды неге біз мектептен емес, БАҚ-тардан білеміз? Залалсыздандыру қашан, қайда жүргізілді? Мұғалім жұмыс жасап, оқушы оқыған кабинеттерді ғана жуып шықты. Ал олар мектептің әр жерінде жүрді ғой. Асханаға, акт залына, басқа да жерлерге аяқ басты. Ал асханадағы тамақтандыру сапасы өте нашар, 200 грамм сүттің орнына әрі кеткенде 100 граммнан береді. Осының бәрі балалардың денсаулығына әсер етеді ғой. Мектепті толықтай тексеруден өткізу керек. Егер мектеп басшылығы орынды шара алмаса, біз балаларымызды шығарып аламыз, - деп наразылық білдірді ата-ана Гауһар ЖҰМЫРОВА.
Қалалық прокуратура өкілі жиналғандарға қазіргі уақытта мектеп және мектепке дейінгі мекемелерге тексеру жүргізіліп жатқандығын, кейбір балабақшалар мен мектептерде заң бұзушылық фактілерінің анықталғандығын хабарлады. Ол сондай-ақ, №27 мектепте санитарлық нормалардың сақталуына қатысты толыққанды ауқымды тексеру жүргізілетін болады деп сендірді.
Қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің меңгерушісі Серікбай МҰСТАФИЕВТІҢ айтуынша, әйелден туберкулездің ашық, орнықты түрі анықталған. Оныншы сынып оқушысының өкпесінен рентгенография кезінде өзгерістер анықталыпты. Сырқат фактісі расталды, ал әрі қарай тексеру туберкулездің сезімтал, орнықты және т.б. түрін анықтауы керек. Мұғалім де, оқушы да қазіргі уақытта облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде емделіп жатыр.
Ата-аналар мектепте алынған шараларға көңілдері толмаған болуы керек, жиналыстан кетер кезде, жоғары тұрған органдарына шағымданатындықтарын білдірді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ