Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы (бұрынғы қалалық СЭС) масаларға қарсы мүлдем жаңа препаратты қолдануға уәде етіп отыр.
«Вектобак 12 в.с.» препараты ешқандай да жаңа технология емес. «Эко Trader ПВ» ЖШС-нің ғылыми тобының жетекшісі Ербол ИСАҚАЕВТЫҢ айтуынша, ол бірнеше жылдан бері Павлодарда масалар мен шіркейлерді құрту үшін ойдағыдай қолданылып жүр екен.
– Препаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған және оның Кедендік одақ елдеріндегі балық шаруашылығы мен ауыз су мақсатындағы су тоғандарына пайдалану үшін мемлекеттік тіркелгендігі туралы куәлігі бар, - дейді Исақаев. – Оның әсер ету механизмі қансорғыштар дернәсілдерінің суда еріген заттармен қоректенетіндігіне негізделген. Біз дернәсілдің ағзасына әсер ететін микробты қолданамыз. Осылайша, біз масаны ұрық кезеңінде құртатын боламыз.
–Сіздің препараттарыңыз балықтардың шабақтарына қалай әсер етеді?
– Тестілік зерттеу нәтижелері «Вектобак 12 в.с.» препаратының балыққа теріс әсері жоқ екендігін көрсетті.
Павлодарлық меймандармен әңгімеміз Лесхоз ықшамауданында өрбіді. Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері «pulis» тұқымды жергілікті жертөле масаларымен таныстыру үшін оларды сол жерге апарыпты. Меймандардың ішінде өндіруші Valent Bioscaincis компаниясының Европа, Азия және Африка елдері бойынша менеджері, биологиялық ғылымдар докторы неміс Хайко КОТТЕР ерекшеленді. Ол көшеден алынған ұзын талға пластик шөмішті бекітіп, оны үйлердің іргетасындағы вентиляциялық терезелерге сұғып, ол жерден жертөле «көжесін» көсіп алып жүрді. №15 үйдің жертөлесінен су көсіп алған ол, дернәсілдерді таппай: «Су әзірге салқын, бірақ бір айдан кейін бұл жерде маса лық толы болатынын білемін», - деді.
Содан соң қолындағы шөмішпен №12 үйдің жертөлесіне кірісті. Бір кездері жертөле есігі болған ойықтан масалар қаптап шықты. Жоғарғы қабаттардан құйылып жатқан лас сулардың дыбысы естіліп тұрды. Ал Хайко жертөлеге тайсалмай кіріп кетті. Содан соң подъезден шығып, жасыл суы бар шөмішті көрсетті. Ішінде қара дақтар – маса дернәсілдері жүзіп жүр екен.
– Осы жердегідей боқтықты сіз, шамасы, еш жерден көрмеген шығарсыз? – деп сұрадым Коттерден.
– Неге? Еуропаның көптеген елдерінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да осындай жағдай орын алған. Болгарияда, Словенияда, Румынияда бұл мәселе мүшкіл халде. Ол жерлерде де осындағыдай 5 қабатты ескі үйлер бар, проблемалары да осындай.
– Доктор, сіз қандай шара алуға кеңес бересіз?
– Проблема көріп отырғаным жоқ. Жертөленің құрғатып, су кету себебін жою керек. Сол кезде маса да болмайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ