Атырауда «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі нысандар үшін жүктер тасымалдау бағыты. Солтүстік Каспий теңіз каналының айлақтық құрылыстары» жобасының қоршаған ортаға әсер етуін бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
ЖАЙЫҚҚА ЖАНЫ АШЫДЫ
Тыңдауды Атырау облыстық әкімдігі жобаға тапсырыс беруші «ТеңізСервис» ЖШС-мен бірге Жайық-Каспий Орхусс орталығының қатысуымен ұйымдастырды.
«ТеңізСервис» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК еншілес компаниясы. Инвестициялық жоба Солтүстік Каспийдің оңтүстік-шығыс бөлігінде теңіз түбінен ұзындығы 50 шақырым және тереңдігі 5 метрге дейін болатын кеме жүзетін канал қазуды; Прорва маңынан теңіз жағалауында жүктерді тиеу/түсіру үшін айлақ кешенін салу; су деңгейі көтерілген жағалау аймағынан жалпы қолданыстағы жолға дейін 10-20 шақырым бөгет төсеуді қарастырады.
Жоба Солтүстік Каспийдің теңіз кенішінен жағалауға және кері қарай жүктерді жеткізуді жеңілдетеді.
Бастапқыда тіпті Жайық өзені бойынша канал салу нұсқасы қарастырылды. Алайда күмәнді жоба көптеген сыни ескертпелерді тудырды. Жобаға тапсырыс беруші мен авторлар мойындағандай, Прорва кенішінің маңынан теңіз каналын салу нұсқасы экологиялық тұрғыда анағұрлым залалсыз екен.
Бір жыл бұрын алдын ала тыңдаулар кезінде тапсырыс берушілер мәлімдегендей, жоба құрлықтағы және теңіздегі Қашаған, КМОК, Сәтпаев, Жамбыл, Теңіз, Ембімұнайгаз, Оңтүстік және т.б. кеніштерді игеретін компанияларға бағытталған. Яғни, ықтимал серіктестер – НКОК, ТШО, ҚМГ құрамына кіретін компаниялар.
«Теңізсервис» мердігерлері - «Виттевеен+Бос Каспиан» ЖШС (голландықтар құрған қазақстандық компания), «Дистанциялық зондтау орталығы және «Терра» географиялық ақпараттық жүйелер (ГАЖ)» ЖШС жұртшылыққа өз жобаларын ұсынды.
Бір жыл бұрын ықтимал пайдаланушылар туралы мәселелер көтерілген болатын. Бүгінде тапсырыс берушілердің растауынша, ТШО-мен алдын ала келісімге қол жеткен. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда «Теңізшевройл» осындай пайдаланушы болмақ.
- Атырау облысында әзірге ТШО-ның Келешек кеңейту жобасын (ККЖ) жүзеге асыру үшін қажетті жүктерді жеткізетін қуаттылықтар жоқ. Біз жобаны сәтті жүзеге асырған кезде бұл олар пайдаланатын жалғыз бағыт болады, - деді «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры Ғазиз ҚҰСАЙЫН.
Каналдың меншік иесі «ТеңізСервис» болмақ. Жобаның құны - шамамен, 600-700 млн доллар. Құрылыс қызған шақта 800-дей жұмысшыны жұмысқа тарту жоспарланған. Нысан аяқталған кезде тапсырыс беруші Атырау қаласынан 128 жұмысшысы бар филиал құруды жоспарлап отыр.
- ККЖ аяқталғаннан кейін бұл нысандарға не болады? – деп сұрады «Солтүстік-Каспий баспасөз клубы» ҚБ төрағасы Артур ШАХНАЗАРЯН.
- ККЖ аяқталған соң жобаның жақсы келешегі бар. Атырау облысында теңіз мұнай операцияларын қолдауға арналған жағалау инфрақұрылымының нысандары жоқ. Оның үстіне бүкіл ірі кеніштер мен ықтимал блоктар Атырау облысында орналасқан. ТШО өз кенішін пайдалануды 2020 жылы Солтүстік Каспийде мұнайды қарқынды өндіру басталған кезде аяқтайды. Біздің нысанымыз мұнай операцияларын қолдау үшін қолданылатын болады. Сонымен қатар, біздің нысан құрлық кеніштеріне жүктерді жеткізу үшін қолданылуы мүмкін. ТШО мен басқа компаниялар да оны ойдағыдай қолдана алады деп есептейміз. Нысанның жақсы келешегі бар, оны «Атырау облысының теңіз қақпасы» деп атауға болады, - деп мәлімдеді Құсайын.
БЕНТОС ШЫДАЙДЫ
Бентосқа (теңіз түбінде мекен-дейтін организмдер) «шектеулі әсер ету» туралы тыңдау кезінде айтылған мәліметтерге ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерболат ҚАДИМОВ қарсы болды. Мердігер «Терра» ГАЖ 10 шаршы шақырымға дейінгі болжамды әсер ету аймағының балық қорына тигізетін зиянын «шектеулі» деп бағалады.
- 10 шаршы шақырым алаңда бүкіл бентос қырыла ма? – деп сұрады Қадимов.
- Топырақ үйіндісінің астында қалғанда ғана бентос 100 пайыз түгел қырылып қалады, - деп жауап берді«Терра» ГАЖ экология бөлімінің бастығы Татьяна ШМЕЛЁВА.
- Лай болған жағдайда бентос 100 пайызға қырылады. Оның үстіне, бұл тайыз жер. Егер бентостың 100 пайыз қырылуын әсер ету алаңына көбейтсе, онда цифрлар басқаша, анағұрлым көп болуы тиіс, - деп атап өтті Қадимов. – Біз осы секілді Қашаған-Қарабатан құбырын төсеу жобасы үшін зиянды есептеп шығардық. Біз бентос 100 пайыз қырылады деп есептедік. Әсер ету алаңы 250 м болғанда, зиян 5 млн долларды құрады. Сонымен қатар, сіздер зиянды үшке көбейтуді ұмыттыңыздар деп ойлаймын. Өйткені, бентофаунаны қалпына келтіру кезеңі үш жылды құрайды.
Дегенмен де, мердігерлер «жоспарланған қызметтен биота (өсімдіктер мен жануар-лардың жиынтығы) үшін апатты салдар күтілмейтіндігіне» сенім білдірді.
Тапсырыс беруші қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы туралы қоғамдық тыңдауға қатысушылардың бүкіл ұсыныстары мен сұрақтарын ескеруге уәде берді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА