Несиеге алған затыңызды қайтаруға бола ма? Сатушының тауарға жасайтын жеңілдігі оны кері қайтармауға себеп болады деген рас па? Сатып алушыда чектің болмауы тауарды ауыстырудан бас тарту үшін себеп бола ма?
НЕСИЕГЕ САТЫП АЛЫНҒАН ТАУАРДЫ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРУҒА БОЛАДЫ?
Тұрмыстық техника дүкендерінің бірінде мынадай көрініске куә болдым. Егде тартқан ер адам несиеге тоңазытқыш пен плазмалық теледидар сатып алды. Құжаттарға қолдар қойылып, қажетті мөрлер басылған кезде дүкенге сатып алушының туысқаны келіп, «теледидарды сатып алмай-ақ қойғаның жақсы, басқа дүкенде арзан екен» дегенді айтты. Ер адам алдымен дүкен қызметкерлеріне, содан соң соның алдында ғана тауарлық несиені рәсімдеген банк қызметкеріне жүгінді. Бәрі де несие рәсімделіп қойылды, теледидарды қайтару мүмкін емес деп, үзілді-кесілді бас тартты.
Несиемен өмір сүру біз үшін үйреншікті жағдайға айналған. Ұялы телефоннан бастап қымбат тұратын көлікке дейін қарызға алуға болады. Егер несиеге сатып алған кезде ол сатып алушының үмітін ақтамаса, не істеуге болады?
– 14 күннің ішінде тұтынушылар сатушыға сапасы сай келмейтін тауарды айырбастауға немесе қайтаруға құқылы, - деп түсіндірді адвокат Жақсылық БҮРКІТОВ. – Мұнда сатып алынған тауарды соған ұқсас түріне ауыстырып алуға болады. Тауарды несиеге сатып алудың ерекшелігі – сатып алынатын зат сатып алушы бүкіл несиелік міндеттемелерді толықтай жапқанша несие беруші ұйымның иелігінде болады. Яғни, тауар сатып алушының иелігіне сатып алуға несие берген банкпен толықтай есеп айырысқан кезде ғана өтеді.
Тиесілі сапасы жоқ азық-түлік емес тауарларды қайтару немесе айырбастау ережесі:
- дәрі-дәрмектерге, медициналық мақсаттағы өнімдерге;
- ішкиімдерге;
- шұлық бұйымдарына;
- жануарлар мен өсімдіктерге қолданылмайды.
– Несиелік келісімшартқа, әдетте, тауардың кепілдік келісімшарты қосымша рәсімделеді. Ол банк үшін меншік кепілдігін атқарады. Қарыз алушы-сатып алушы, кредитор ұйым және тауар сатушы арасындағы қарым-қатынасты реттеу үшін қайтару және кепілдікпен қызмет көрсету мәселесін несиелік келісімшартта белгілейді. Сондықтан келісімшартқа қол қоймас бұрын онымен жете танысу қажет, - деп кеңес береді адвокат. – Сатушылар мұндай тауарды қайтару мүмкін емес деп сендірсе де, сенбеңіз. Сіздің сатып алған күннен бастап тиісті сападағы тауарды 14 күн ішінде, бүкіл кепілдік мерзімі ішінде сапасы сай емес тауарды қайтаруды немесе алмастыруды талап етуге толықтай құқығыңыз бар.
Несиелік тауарды айырбастау немесе қайтару үшін сатушыға жазбаша түрде жүгінген жөн. Тауарды ұқсас тауарға айырбастаған кезде сатушы 25 күн ішінде оның құнын қайта есептеуге міндетті. Несиелік қарыздың азаюы немесе көбеюі осыған байланысты болады. Несиелік тауарды қайтарған кезде сатып алушы өзіне тауарды қайтару туралы актінің көшірмесін қалдыруы қажет. Бұл құжатты банкке ұсынады. Мұны тауарды қайтарған күні жасаған жөн.
– Егер сатып алушы несиені өтеу төлемдерін жасаған болса, оған банктің сыйақысынан басқа ақшаны қайтаруы тиіс, - деп нақтылады Ж.Бүркітов. – Егер несиені рәсімдеген кезде сатып алушы бірнеше тауар алып, дүкенге тек біреуін қайтарған болса, онда қарыз сомасы, әрине, қайта қаралуы тиіс.
ЖЕҢІЛДІК – ҚАЙТАРУ ҮШІН КЕДЕРГІ ЕМЕС
Дүкендер сатып алушыларды жеңілдіктермен еліктіреді. Оған қоса: «Бұл тауарды жеңілдікпен алсаңыз, оны қайтара немесе айырбастай алмайсыз» деп ескертеді. «Неліктен?». «Өйткені сіз жеңілдікпен сатып аласыз!» дейді. Ендеше мәселенің құқықтық жағын қарастыралық.
– Сатып алар алдында тауардың не себепті төмендетілген бағамен сатылып жатқанын нақтылаған жөн. Екі нұсқа бар. Біріншісі – тауар оның атқарымдылығы мен жұмыс қабілетіне әсер етпейтін ақау салдарынан төмендетіледі. Бұл, мәселен, тоңазытқыштың майысуы болуы мүмкін. Тоңазытқыш пішіні бүлінгенімен, жақсы салқындатады. Мұндай тоңазытқышты сатып алған жағдайда оның ақауы бар екендігімен келісесіз және әрі қарай сатушыдан ақауларды жоюды талап етуге құқығыңыз болмайды. Майысып қалғандықтан басқа тоңазытқышқа айырбастауды немесе ақшаңызды қайтаруды талап ете алмайсыз. Ал егер тоңазытқышта басқа проблемалар болса, мәселен, ол салқындатпаса, онда сіздің оны басқаға айырбастауды немесе оның құнын толық қайтаруды талап етуге құқығыңыз бар, - деп түсіндіреді Ж.Бүркітов. – Ақау салдарынан бағасы төмендетілген тауарларды сатып алғанда, сатушының ақауларды құжаттарға жазбаша түрде белгілеп алғаны дұрыс.
Жеңілдіктер жасаудың екінші себебі – бұл сұранысқа ие емес немесе ескі топтаманы жою мақсатында тауарларды сату. Мұндай жағдайда сатушы сапалы тауарды жеңілдік бағамен ұсынады. Өйткені, егер сатып алу кезінде сатып алынған зат сізге қандай да болмасын параметр бойынша сай келмесе, сатушының қайтару мүмкін емес деген ескертпесіне қарамастан, қолыңызда кассалық чегіңіз болса, затыңызды дүкенге 14 күннің ішінде қайтаруға толық құқығыңыз бар.
– Кассалық чек бермейтін базардағы саудагерлер тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң нормаларын көбінесе елей бермейді ғой.
– Онда тұрған ештеңе жоқ. Чек болмаған жағдайда фактіні дәлелдеу үшін сатып алынған заттың қашан, кімнің сатқанын және сатып алғандығын растайтын куәгерлердің жауаптары жеткілікті. Сондықтан чектің болмауы тауарды айырбастаудан немесе оны қайтарудан бас тартуға себеп болмайды.
Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ
– Сатып алар кезде фискальды чекті немесе тауарды сатып алғандығыңызды растайтын кез келген басқа құжатты сұраңыз;
– Қымбат тұратын заттарды досыңызбен және танысыңызбен бірге жүріп сатып алғаныңыз жөн. Қалай болғанда да, сіздің куәгеріңіз болады;
– Егер сатушы сіздің заңды талаптарыңызды орындаудан бас тартса, сотқа және құқыққорғау органдарына жүгінетініңізді айтыңыз. Көбінесе мұныңызды құлаққа ілетін болады;
– Егер сатушы сіздің құқығыңызды бұзса, аға сатушыны, әкімшіні немесе сауда нүктесінің қожайынын шақыруды өтініңіз;
– Даулы жағдай туындаса, болған жайтты ұялы телефонның бейнекамерасына түсіріп алуға тырысыңыз.