Биыл жазда Индер ауданындағыМ. Сиранов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған қоса, басшылық мектеп теңгеріміндегі 200 орындық «Жас өркен» жазғы лагерінің жұмысын ұйымдастырып, алма бағын күтіп ұстау міндетін арқалауы тиіс.
ЛАГЕРЬ ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС
Елтай ауылынан үш шақырым қашықтықта жатқан «Жас өркен» жазғы лагері айдалада орналасқан. 2010 жылыоның құрылысына 296 млн теңге бөлінген болатын. Алайда, бес жыл өтпей жатып нысан мердігері «СнабОйлСтрой» ЖШС-нің аяғына дейін жеткізбеген жұмысының шалағайлығы көрінді: іргетастың сыртқы қабаты қақ айрылып, есіктері қираған, кафельдер сынып жатыр. Ғимараттың ішінде де сол жағдай: кейбір бөлмелерде төбе қаптамалары түсіп қалған, төбеден тамшы ағады. Акт залындағы киім ілуге арналған бөлменің төбесі құлап жатты.
- Біз жыл сайын өз күшімізбен ойылған гипс картон қабырғаларды бітеп, кей жерлерін әктеп алып жүрміз, -дейді қойма меңгерушісі Тойындық ҚҰСАНОВА.
Жылына екі-үш ай ғана жұмыс істейтін лагерь басқа уақыттарда күзетшілердің қарауында болады. Бірақ оларға да қарапайым тұрмыстық жағдай туғызылмаған. Қарауылшылар өз күштерімен кірпіш тастан пеш (суретте) тұрғызып, қыс бойы соны жағып жылынған. Себебі мұнда газ және ауыз су құбырлары мүлде тартылмаған. Бұдан үш жыл бұрын облыс бюджетінен жылу жүйелерін жүргізу жұмысына 43 млн теңге бөлінген.
- Жұмыстар жүріп жатқасын біз қаржыны біртіндеп аударып жүргенбіз. Соңғы рет жұмыстың 80 пайызы орындалғанда 15 млн теңге аудардық, кейін құрылыс тоқтап қалды. Біз мердігерді сотқа бердік. Қаулы біздің пайдамызға шешілгенімен, сот орындаушылары бізге «мекеменің тарап кетуіне байланысты қаржы өндіруге жатпайды», - деген болатын, -дейді Индер ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ. Оның айтуынша, жуырда М. Сиранов атындағы мектептің есепшотына 12 млн теңге қаржы аударылған.Бұл қаржы лагерьді жөндеуге жұмсалатын болады, қазір тендер өтуде:
- Бізге жылу жүйесі мен газ құбырын тартуға тағы да 10 млн теңгедей қаражат қажет.Бұл жөнінде облыс басшылығына ресми хат жолдадық. Қаржы бөлінсе, біз осы жұмыстарды биыл бітірер едік.
- Жазғы ауыз су мен кәріз жүйесі мәселесі қалай шешілмек?
- Иә, мұндай мәселелер де бар, олардың бәрі қаржыға келіп тіреледі...
БАҚТЫҢ БАҒЫ ТАЙЫП ТҰР
28 га жерді алып жатқан алма бағының отыз жылдық тарихы бар. Индер поселкесінің тұрғыны, зейнеткер Сүйінғали САДЫҚОВ бақтың жағдайына жаны ашитындардың бірі:
- Бір кездері бұл керемет гүлдеп тұрған бақ еді. Ал қазір оның ешкімге керегі болмай қалды, - дейді ақсақал.
Оның пікірінше, бақты күтуді қазірден қолға алмаса, енді аз жылда оның орнын сипап қалуымыз мүмкін. Ал бұрын мұнда бес-алты сорт алма ағаштары өсіп тұрған. Бақтың қоршауы қирап жатыр. Кейбір ағаштар су құйылмағандықтан қурап қалған, кезінде орнатылған су жүйесі алынып тасталыпты.
- Суды іргедегі Жайық өзенінен тікелей тартса, мәселе шешілер еді, -дейді жұмысшылар.
Бақтағы алма ағаштарының бұтақтарын кесу, тыңайтқыш қосу, түрлі зиянкестерге қарсы улау жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізілмеген. Күтімсіз қалған баққа қосымша қаржы бөлу де қарастырылмаған. Сол себепті де мектеп директоры Сәбит ЕШМҰХАМБЕТОВ алма бағын күтіп ұстау жауапкершілігінен бас тартып отыр:
- Бұл алма бағының бізге қажеті жоқ. Оны мектеп теңгерімінен алу жөнінде аудан әкімдігіне хат жаздым. Аудан басшылығының не шешетінін әзірге білмеймін.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ хатқа орай әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты. Бақтысенімгерлікпен жеке кәсіпкерге беру немесе сол күйінде сатып жіберу жолдары қарастырылуда екен.
- Біз бақты сақтап қалудың амалын ойластырып жатырмыз, - деді Қ.Нұрлыбаев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА