Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы биыл да өзгеріске ұшырамады. Бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқан тестілеуді екі кезеңде өткізу туралы шешім әзірге ресми түрде қабылданған жоқ. Бұл туралы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде облыс мектептері директорларының қатысуымен өткен семинарда білім және ғылым саласын бақылау комитетінің сыртқы бағалау басқармасының бастығы Зинаш ЖАНГЕЛДИНА (суретте) мәлімдеді.
ДӨРЕКІЛІККЕ ЖОЛ БЕРМЕҢІЗДЕР!
Мектеп түлектері, бұрынғыша, математикадан, Қазақстан тарихынан, оқыту тілі және таңдау пәні бойынша өз білімдерін көрсетеді. Сонымен қатар, қазақ сыныптарының түлектері орыс тілінен, орыс мектептерінің түлектері қазақ тілінен тест тапсырады, алайда бұлардың қорытындылары ҰБТ сертификатына енгізілмейді, тек орта білім туралы аттестатқа жазылады. Әр пән бойынша 25 тапсырмадан, яғни, барлығы 125 сұрақ, бұларды шешуге 3,5 сағат беріледі. Биыл 154 ҰБТ тапсыру бекеті жұмыс жасайды: 47-сі облыс орталықтарында, 107-сі аудандарда. Аппеляциялық өтініштер келесі күні сағат 14.00-ге дейін қабылданады. Былтыр 1422 өтініш түсіп, олардың 306-сы қанағаттандырылды.
- Жыл сайын Бізге, Астанаға жергілікті жерлердегі аппеляция-лық комиссияның жұмысына шағымданған хаттар ағылып келеді. Адамдар комиссия мүшелерінің дөрекілігі, олардың өтінішті еш қарамастан ұпайларды өзгертуге мүмкіндік жоқ екенін мәлімдеп, кабинеттен итеріп шығаратындықтары жөнінде көп шағымданады. Сондықтан да комиссиядан өз жұмыстарын дұрыс орындауын сұраймыз, - деп атап өтті Зинаш Жангелдина.
«САПА ҚУУ» НӘТИЖЕСІ
10 наурыздан 25 сәуірге дейін Қазақстан бойынша он бірінші сынып оқушыларының ҰБТ-ға қатысу өтініштерін қабылдау жүріп жатыр. Биыл жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу туралы шешімдерін әлі қабылдамаған мектеп түлектеріне астаналық қонақтар ҰБТ тапсыруға кеңес берді. Жыл сайын білім және ғылым министрлігіне тест тапсырғысы келетін, алайда өтініш беру уақытын жіберіп алған түлектерден де арыздар түсіп жатады. Өкінішке орай, біз ештеңе істей алмаймыз, 25 сәуірде электрондық база жабылады және оны толықтыру мүмкін емес. Кездесуде, сондай-ақ, жыл сайын ҰБТ тапсырушылардың азайып келе жатқаны да айтылды: 2012 жылы емтиханға түлектердің 75%-ы қатысқан (орташа балл – 71; 50 балдық төменгі деңгейден 37%-ы өте алмаған), 2013 жылы - 69% (орташа балл – 75, 50 балдан төмен 29%-ы өте алмаған). Басты себебі – мектеп директорларының дұрыс жұмыс жасамауы. Білім министрлігіне балаларын педагогтар ҰБТ тапсырудан бас тартып, мектепті емтихан тапсыру арқылы бітіру туралы үгіттеді деген ата-аналардың арызы көптеп келіп жатады. Кейбір мектептерде сынып жетекшілері өз сапа нәтижелерін бүлдірмес үшін әлсіз оқитын оқушылардың ҰБТ тапсыру жөніндегі өтініштерін алудан бас тартады. Мұндай жағдайларда сол мектеп тіркелген ҰБТ тапсыру бекетіне арыздану керек – ол жерде өтінішті міндетті түрде қабылдайды. Зинаш Жангелдина мектеп өкілдерін шәкірттердің ҰБТ тапсыруға деген конституциялық құқықтарын бұзбауға шақырды.
- ҰБТ-ға дейін әлі уақыт жеткілікті, ал әзірге түлектердің сынақтық тестілеуден өтуге мүмкіндіктері бар. Білім және ғылым министрлігі әр пән бойынша оқу-әдістемелік көмекші құралдар шығарды, алайда дайындық негізі кітап болуы керек, -дейді Жангелдина. - Балаларды тек тест сұрақтары жинақтары бойынша дайындау дұрыс емес, өйткені нұсқалар өте көп, жыл сайын ауысып жатыр. Жоғары балл алудың бірден-бір кепілі – оқу материалдарын меңгеру, өйткені тест тапсырмалары мемлекеттік оқу бағдарламалары бойынша дайындалады.
МЕНІ ҚАЛАЙ ЕСТІП ТҰРСЫЗ? ҚАБЫЛДАНДЫ...
З. Жангелдинаның айтуынша, биыл ҰБТ өткізу үшін техникалық база мұқият дайындалды, барлық аудиторияларда бейнекамералар, ұялы телефон байланысын тұншықтырғыштар, кіреберісте металл детекторлары орнатылады. Кезекшілер ретінде министрлік өкілдері жұмыс жасайды, өйткені жергілікті кадрлар көптеген тәртіп бұзушылықтарға көз жұма қарайды. Өткен жылы 31 шәкірт аудиториядан қуылып, олардың нәтижелері қабылданбады. Талапкерлерден 14154 ұялы телефон (кейбіреуі бірден 5-6 телефон алып кіргісі келген), 11507 шпаргалка, 393 калькулятор, 111 фотоаппарат және 11 рация алынды. «Түлектер осы «қосалқы құралдарды» қалай өткізіп жүр?» - деп сұрады журналистер. Жангелдинаның айтуынша, талапкерлерге шпаргалкалар мен ұялы телефондарды сол жерде кезекшілік атқарып жүрген «жедел жәрдем» және басқа да қызметтер қызметкерлері кіргізген оқиғалар анықталған. Кей жерлерде телефон байланысын тұншықтырғыштар таңғажайып жағдайда өзінен-өзі өшіп қалған немесе аппаратураға су тиген оқиғалар тіркелген. ҰБТ-ға жауапты адамдардың қырағылығы тапсыру күні өткен сайын азаятындығы белгілі, сондықтан да көптеген мектептер үшінші ағынға қоюды сұрайды. Сондай-ақ, осы соңғы күні тапсырғандардың тестілеу көрсеткіштері жоғары болатындығы осыдан деуге де болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ