Медицинадағы «монетаризм» қаншалықты тиімді?
«Ауруханаларда орын жоқ», – дейді емхана дәрігерлері. Осы негізде пациенттерге стационарға жолдама беруден бас тартуда. Ал Атырау облыстық ауруханасының басшылығы стационардың жартылай бос екендігін, ал жыл басынан бері кеңес беру-диагностикалық орталығында (КДО) пациенттердің 10 есеге азайғандығын растап отыр.
СТАЦИОНАРҒА - ТАНЫСТЫҚПЕН
Биылғы жыл басынан бері ауруханаға жату, шынымен де, оңай болмады. Көптен күткен жолдаманы алу үшін адамдар ортаға таныстарын салып, түрлі амалдарға барады, тіпті ақша да ұсынады. Науқас туыстарының жағдайы күннен күнге нашарлап бара жатқан соң, енді қайтсін. Ал учаскелік дәрігер тағы да емдеу әдісін өзгертуді ұйғарады. Олар пациенттерге «ол жерде орын бар, бірақ ақылы» деп, жеке емханаларға баруды өздері ұсынатын жағдайға жеткен.
– Маған белгілі бір бөлімшеде орындар қашан босайды деген сұрақпен пациенттер бірнеше рет хабарласты. Учаскелік дәрігерлер порталға шығыпты-мыс, содан соң пациенттерге «біздегі бүкіл бөлімшелерде орын жоқ» деген екен. Іс жүзінде, осы мәліметтерді тексерген кезде бұл пациенттердің аты-жөндері тіпті порталға енгізілмеген де болып шықты! – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Мұрат ҚҰЛБАСОВ (суретте).
Емхана медиктеріне жалған ақпарат беруге не түрткі болғаны түсініксіз. Не олар электронды порталды пайдалана алмайды, не пациентті өздіктерімен емдеуге бел байлаған. Оның үстіне соңғы кездері бастапқы (емханалық) звеноның рөлі әжептәуір артқан. Амбулаториялар жанынан күндізгі стационарлар ашылды. Жыл басынан бері Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің шеңберінде біздің емханаларымыз көшкен ішінара қор ұстау жүйесі бастапқы звено дәрігерлерін пациенттерді белгілі бір мамандардың кеңесіне жібермеуге «итермелейді» деген пікір айтылып жүр.
Бұл жерде қор ұстау жүйесі – бұл әрбір бекітілген адамға амбулаториялық-емханалық звеноның қызметін жан басына төлеу әдісі екенін түсіндіру қажет. Осы әдіске сәйкес, медициналық мекеменің қаржылық қамту нормативінде (бұл норматив тариф қызметін атқарады) өз қызметінің ғана емес, басқа медициналық мекемелердің (емханалардың, диагностикалық орталықтардың, стационарлардың, «жедел жәрдемнің» және т.б.) қызметін төлеу шығындарын да қарастырады. Мәселен, №1 емханада 63 мың тұрғын бекітілген. Әрбір бекітілген адамға емхана айына 700 теңге, оған қоса учаскелік дәрігерлер үшін 100 теңге ынталандыру компонентін (жақсы көрсеткіштер үшін: босанған әйелдер мен балалар өлімінің жоқтығы, бұрын анықталған сырқаттың жоқтығы және т.б.) алады. Медиктерге, шамамен, тұрғындардың 15-20 пайызы ауырып жүгінеді. Ал қалған шығындарды амбулатория өз қалауынша, мәселен, еңбекақыны көтеруге жұмсай алады. Осы әдісті енгізудің басты мақсаты бекітілген тұрғындардың денсаулығы үшін бастапқы звено қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру болды.
Мұның қисыны мынадай: учаскеде дені сау адамдар көп болған сайын емхана билігінде неғұрлым көп ақша қалады.
«КРЕПОСТНОЙЛЫҚ ҚҰҚЫҚ» ЖОЙЫЛДЫ, БІРАҚ…
Енді емхананың басқа медициналық мекемелердің қызметін төлейтіндігіне келсек, егер кейбір зертханалық талдамалардың түрлерін өзі жасай алмаса немесе емханада белгілі бір жабдық немесе маман болмаса, төлейді. Бұл жағдайда емхана басқа – мемлекеттік және жеке медициналық мекемелермен келісімшарт жасайды.
– Пациенттер үшін олардың КДО-дан тексеруден өту шығындарын емхана төлесе, осындай жүйе тиімді.
Бұрын оған «диагностика үшін сізге қымбат тұратын талдама жасату керек, бірақ біздің емхананың жағдайында бұл мүмкін емес» дейтін едік. Адамдар жеке емханаға барып, өз қаржысына талдама жасатуға мәжбүр болатын. Енді емхана оны кез келген КДО-ға жіберіп, мемлекет бөлетін ақшаға тексеру шығынын төлей алады. Біз облыстық ауруханамен, облыстық балалар ауруханасымен, кардиоорталықпен, «Олимп» зертханасымен және басқа да медициналық мекемелермен тиісті келісімшарттар жасадық, - дейді №1 емхананың бас дәрігері Еркінбай ҚУАНОВ.
Ал пациенттердің өздері облыстық ауруханадағы КДО-ға талдама жасату немесе қаралу үшін жолдама алу оңай емес деген шүбәмен қарайды. Бейресми әңгіме кезінде емхана дәрігерлері мұндай жолдамаларды тек аса қажет жағдайларда ғана беру жөнінде нұсқау берілгендігін мойындады. Ал көбінесе пациенттер өз денсаулықтары үшін медицина орталықтарына барып, осы тексеру шығындарын өздері төлейді. Осылайша, мемлекеттік ақша емханада қалады. Пациенттер шағымданатын тағы бір жайт, бұл маманды таңдаудан бас тарту. Емханадағы дәрігерлер, егер амбулатория штатында белгілі бір маман, мәселен, эндокринолог бар болса, онда басқа медициналық мекеменің басқа эндокринологына жолдама берілмейді деп растап, оларды жаңылыстырады. Бірақ бұл дұрыс емес. Біздің медицина өкілдері пациенттің өз қаласынан немесе еліміздің басқа өңірінен кез келген маманды таңдауға құқығы бар екенін мойындады. Мұндай жағдайда осы науқасқа бөлінетін ақша да онымен бірге кетеді. Емханалардың өз пациенттерін «жібергісі» келмейтіндігінің себебі осы емес пе екен? Рас, олардың өз мүмкіншіліктері бар: мәселен, қант диабетіне шалдыққан пациент басқа емдеу мекемесіне кеткен кезде тегін дәрі-дәрмек алу құқығын жоғалтады. Өйткені, дәрілер аумақтық белгі бойынша орталықтан бөлінеді.
ҮШ ЖҮЗ ЕДІ, ОТЫЗ БОЛДЫ
Бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемге ерекше көңіл аударылуда, ал ауруханаға жатқызу көрсетілімі күшейтілген. Жедел медициналық жәрдем мамандары жоғары қан қысымы бар пациенттің шақыртуына барған кезде қысымды түсіруді емес, стационарға баруды ұсынатын жағдайлар жиі кездеседі. Әйтпесе, ол жерде науқасты қабылдамайды. Стационар маманының мойындауынша, олар пациенттерді «гипертония» деген кодпен төлем тізіліміне енгізсе, автоматтанған бағдарлама оны қабылдамайды. Өйткені бұл науқастар амбулаториялық деп есептеледі және тәулік бойына стационарлық емдеуді қажет ететін пациенттер нозологиясына кірмейді. Олар күндізгі стационарда емделуге тиісті. Бұл жерде де - өз емханаларының жанында ма, әлде басқа емдеу мекемесінде ме, олардың таңдау құқығы бар екенін атап өткен жөн.
– Егер пациент біздің маманымызға жүгінсе, маман күндізгі стационарға жолдама жазып берсе, онда пациент тек дәрігердің кеңесі үшін ғана төлеуі тиіс, емдеу тегін жүргізілетін болады, - дейді Мұрат Құлбасов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыстық ауруханадағы 470 кереуеттің тек 320-сы ғана бос емес, қалған 150 кереует бос тұр екен. Әрине, ауруханалар, әсіресе, шаруашылық жүргізуші мекеме санатындағы ауруханалар да халыққа қызмет көрсетуге мүдделі. Олардың қаржылық жағдайы тікелей осыған байланысты. Стационардағы негізгі қызметтерді денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы медициналық қызметтерді төлеу комитеті (МҚТК) қаржыландырады. Алайда комитет белгілі бір параметрлерді – қанша пациентке және қанша сомаға әрбір стационар емдеуі тиіс екендігін белгілейді. Мәселен, өткен жылы облыстық аурухана 1 млрд 300 млн теңгеден сәл астам сомадан асырмауы тиіс болды. Ал биыл тәуліктік стационарға 855 млн және күндізгі стационарға 300 млн бөлінуде. Мемлекет бекіткен нормативтен тыс пациенттерге ақша төленбейді. Бұл тұрғыда өңірдегі жалғыз көппрофильді емдеу мекемесі болып табылатын облыстық ауруханаға оңай соқпайды. Өткен айда МҚТК өңдеу бойынша ауруханадан 27 млн теңге қаржыны қиып тастаған. Бұл қаржының орнын аурухана қосымша қызметтер есебінен, соның ішінде емханалармен келісімшарттар жасау есебінен өзі толтыруы тиіс. Егер бұрын жолдамасы бар пациенттер үшін мемлекет төлеп, облыстық ауруханадағы КДО күн сайын 300-ге дейін адам қабылдаған болса, енді жыл басынан бері КДО дәрігерлерінің кеңестері мен талдамаларын емханалар төлей бастаған кезде күніне 30 адам келетін болған. Бұлардың да жолдамамен келетіндігі неғайбыл, олардың көпшілігі өз бастамасымен, өз қаржысымен келеді. Дегенмен стационар бүкіл емханалармен келісімшарт жасаған, алайда құжаттарда көрсетілген сомалар өте аз. Бұл фактіні шаруашылық нысанының проблемасы деп атау қиын. Өйткені ол пациенттердің мүдделеріне тікелей қатысты. Өз емханаңыздан басқа емдеу мекемесіне УЗИ-ге жолдама алуға тырысып көріңіз, сонда бәрін түсінесіз.
– Ешкім де емхана дәрігерлеріне пациенттерді стационарға жібермеуге нұсқау бермейді, – деп растайды Еркінбай Қуанов. – Жыл басынан бері емханалар ішінара қор ұстауға көшті. Алайда мұның пациенттердің ауруханаға жатқызылуына тікелей қатысы жоқ. Өйткені пациенттердің стационарда емделуін әзірге оларды жолдаған амбулатория емес, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы медициналық қызметтерді төлеу комитеті төлеп отыр.
Ауруханаға жатқызу шарты жыл басынан бері өзгермеген, пациенттерді стационарға рәсімдеу электронды портал арқылы жүргізіледі. Ауруханаға жатқызу мәселесін учаскелік дәрігер немесе белгілі бір маман дәрігерлік-кеңес беру комиссиясымен бірге шешеді. Пациент алдын ала барлық қажетті зертханалық талдамаларды тапсырып, флюорографиядан, ЭКГ-ден және т.б. өтуі қажет. Диагноз қойылғаннан кейін пациенттің деректері порталға салынып, ауруханаға жату уақытын оның өзі таңдай алады. Пациентті портал арқылы тікелей рәсімдеумен емхананың бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары айналысады.
Осы сызба бойынша біздің медицина үш жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бүкіл медицина қызметкерлерінің әрекеттері денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасында тіркелген. Егер дәрігер тәуліктік стационарда емделуге мұқтаж емес пациентті ауруханаға жатқызғысы келсе, оны қабыл алмауы мүмкін. Диспансерлік есепте тұрған созылмалы науқасқа шалдыққандар ауруханаға жоспарлы тәртіппен жатқызылады.
НАШАР ДӘРІГЕРДЕН ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ
– Қазір емханаларда Бірыңғай Ұлттық Денсаулық Сақтау Жүйесінің (БҰДЖ) екінші кезеңі – ішінара қор ұстау енгізілуде. Әзірге стационарда емделір шыққан пациенттер үшін ақыны МҚТК төлейді. Толықтай қор ұстау енгізілген емхана ауруханаға жіберілетін пациенттері үшін ақша төлей бастайды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ. Емханалардың басты міндеті – профилактикалық, диагностикалық жұмыстар, стационарға жеткізбей бастапқы кезеңде сауықтыру. Ол үшін емханалар жанынан күндізгі стационарлар, тіпті үйге баратын стационарлар құрылуда. Медицина қызметкерлері кеңес беріп, балалар мен емдеу үшін жасы келген, созылмалы сырқатқа шалдыққан пациенттердің үйлеріне барады. Қажеті болған жағдайда үйден талдамалар алып, ЭКГ-ге түсіре алады. Өтепқалиев пациенттердің бекітілген емханадан тысқары маманға жолдама алуға құқығы бар екенін растады. Бірақ ол үшін белгілі бір негіз болуы тиіс.
– Пациент емдеу мекемесі басшысының атына арыз жазып, онда белгілі бір маманның қызметінен неліктен бас тартатындығын көрсетуі тиіс: бәлкім, ол біліксіз маман болуы, қабылдауға кешігіп келуі, дөрекі болуы мүмкін, - дейді Өтепқалиев.
Мемлекет қымбат тұратын тексерулерді (КТ, МРТ, ИФА) төлеу үшін қаржы бөледі. Емханадағы мамандар көрсетілімдер болған жағдайда жолдама беруге міндетті.
Медициналық мекемелердің басшысы қаржыландырудың жаңа жүйесі, басқа да бастамалар секілді, «кемшіліктермен» өтіп жатқанын жасырмайды. Мұндай проблемамен еліміздің бүкіл өңірлері бетпе-бет келуде. Министрлік деңгейінде де сұрақтар туындауда. Шамасы, медиктер өздерінің басты мақсатына әдіскерлікпен қол жеткізетін сыңайлы. Ең болмағанда, күн өткен сайын түсіну қиынға айналып бара жатқан жаңа жүйеге тап болмас үшін пациенттер ауырмауға тырысады...
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Монетаризм – ақшаның («экономиканың ақшалай секторының») экономикалық процестер ағымына әсерін басты нәрсе етіп қоятын экономикалық көзқарас бағыты.