Атырау, 27 қараша 00:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Әнші әжелер

9 750 просмотра

«Ахау, Гүлдерайым, күн мен айым,

Ұшуға қанатым жоқ, не қылайын?!»

- деп қалада өткен бір шарада нақышына келтіре ән шырқаған кимешек киген әжелерді көргенде, шыны керек, көңілім бір көтеріліп қалды. Сахнаға қазақтың ұлттық киімін киіп, оншақты әже шықты. Қаз-қатар тұрып, ал, әнді бастап кеп жіберсін... Көрермен көпке дейін қол соқты...

ТҮРЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ

Біз қала маңындағы Атырау селосына жол тарттық...

Қазір «Гүлдерайым» әже-лер ансамблі атанып жүрген шығармашылық топ осы құрам-мен 2010 жылдан бері сахнаға шығып жүр. Құрамында осы ауылдың 12 ақ жаулықты әжесі бар. Барлығы да балаларын өсіріп, немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отырған жандар.

- Жасымызда келін боп түскен соң кей кездері басымыз қосылып қалатын сәттер болатын. Бір-бірімізге қонаққа барамыз дегендей. Сондай кездесулер барысында үнемі ән шырқайтынбыз. Ән отырыстың сәнін келтіреді ғой, - дейді ансамбльдің мүшесі Рымгүл НҰРМАҒАНБЕТОВА.

Айтпақшы, Рымгүл апай - осы ауылдағы Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектепте 40 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан жан. Орыс тілі пәнінен сабақ берген. Жанұясында төрт бала тәрбиелеп, қазір 12 немере, екі шөбере сүйіп отыр. Бірнеше ұрпақ буынын тәрбиелеген апай қазір де тыным таппайды. Ауласында немерелерімен гүл өсіріп, іс тігеді, газет-журналдар оқиды.

- Ал мен 43 жыл есепші болып жұмыс істедім,- дейді тағы бір әжей Зиға НҰРЖАУБАЕВА. – Қазір еңбегімнің зейнетін көріп отырған жайым бар. Шүкір дейміз, тек заманымыз тыныш, бала-шағамыз аман болсын. Басқа бізге не керек? Ауылдың қоғамдық жұмыстарынан да қол үзбейміз, өткізіліп тұратын мерекелерге, шараларға үнемі қатысып, атсалысып отырамыз.

Осы кезде ол ән шырқап жіберді:

- Қырдан асып кетуші ек әзілдесіп, сырласып,

Дейтін еді көрген адам екеумізді шын ғашық...

Бұл әнді ертеректе бір фестивальға қатысқан кезімде арнайы жазып алып, күні кешеге дейін радиолардан беріп жүрді, - дейді апай мақтанышын жасыра алмай.

 

АУЫЛҒА КЛУБ КЕРЕК

Иә, әжелеріміз әртүрлі мамандықтың иелері. Олардың арасында өмір бойы медицина саласында, мемлекеттік қызметте, колхозда балықшы, егінші, тіпті, жүргізуші болып еңбек еткендер бар. Теңіздің тамағынан балық аулау да, қара жерді қопарып, егін салу да, ер-азаматтарша үлкен жүк көлігінің рөліне отыру да аналарымызды өнерден алшақтата алмады. Олар бәріне үлгере білген – балаларын да тәрбиелеп, отбасының шырқын келтіріп отырды. 

- Біздер Наурыз мерекесі, халықаралық әйелдер күні, балықшылар күніне орай ұйым-дастырылатын мерекелерде, іс-шараларда халық алдында ән саламыз. Түрлі қалалық, ауданаралық байқауларда да бағымызды сынап жүрміз. Білесің бе, біз үшін бұл - үлкен демалыс. Шынымен, бірге жиналып, арқа-жарқа әңгімемізді айтып, сергіп, марқайып қаламыз, - дейді Зиға апай.
- Біздер алғаш сахнаға шыққанда қобалжитынбыз, денеміз дірілдеп сала беретін. Кейін бойың үйреніп, өзіңді еркін сезіне бастайсың, - дейді Рымгүл апай. - Бұл - сахнаның құдіреті ғой.

Ал тағы бір әже Баян РАХМЕТОВА өздеріне тікелей қатысты бір мәселені көтерді.

- Біздің ауылымызда өнерлі жастар көп. Біздер де кейінгі ұрпаққа үлгі болардай әжелерміз.  Үйретеріміз көп, өмірден түйгеніміз бар. Бірақ ауылда бас қосатын, мәдени шараларды өткізетін, дайындалатын мәдени ошақ жоқ.

Бұл жерде апайдың айтқанына әңгімелесушілерімнің барлығы да қосыла кетті.

- Иә, қазір біздер дайындық үшін ауылдағы мектептің бөл-мелерін сұрап аламыз. Заман талабына сай мәдениет орта-лығы салынса екен дейміз. Біздер қолымыздан келетін нәрсенің бәрін қыздарымызға, сіңлілерімізге үйретер едік. Алаша тоқу, киіз басу, киім-кешек тоқудың қыр-сырын түсіндірер едік. Негізі біздің тарапымыздан  ұсыныс жасалды, бірақ ешқандай нәтиже болмады,- дейді Рымгүл апай.

Осы жерде әжелердің басын бі-ріктіріп жүрген ансамбль жетекшісі Маруся ХАЛИДУЛЛИНА да базынасын жеткізді:

- Атырау селолық клубы алғаш рет 1957 жылы салынған. Жылдар өте тозған ғимарат жөндеуге жарамсыз болғандықтан, пайдаланылудан шығарылды. 1992 жылы клубты «Балдырған» балалар бақшасының ғимаратына орналастырды. Бірақ ол ғимарат та кейін бұзылды. Бұрын клуб үйінде «Көне саздар» термешілер клубы, «Ерке сылқым» қыз-келіншектер фольклорлық ансамблі, «Отбасылық ансамбль», «Айгөлек» жас бүлдіршіндер тобы, музыкалық аспапта ойнау, домбыра үйірмелері жұмыс жасаған болатын. Клуб болмағандықтан, қазіргі кезде үйірмелердің барлығы жабылды. 2013 жылға дейін біз мәдени шараларды мектептің акт залында өткізіп келген едік, енді ол зал асхана ретінде пайдалануға берілгендіктен, қазір, тіпті, мектептің фойесінде өнер көрсететін болдық. Біз өнерімізді дамыту үшін, жастардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру үшін арнайы мәдениет ошағы керек деп санаймыз.

 

«БУРАНОВСКИЕ БАБУШКИ»

- Ән – қазақтың жаны ғой. Әу демейтін қазақ жоқ демекші, ертеректе ауылымыз әнмен таң атырып, әнмен күн батыратын. Бұрын таңертеңнен сиыр саууға шығатынбыз. Сол кезде клубта шырқалған ән бүкіл ауылға естіліп тұратын-ды. Шіркін, ол кездер қайта келмейді ғой..,- дейді әжелер.

- Біздер өнерімізді әлі де дамытқымыз келеді. Маруся сіңліміз 11 жылдай уақыттан бері бізге жетекшілік етуде. Баянның сүйемелдеуімен қазақтың әндерін шырқап жүрміз. Репертуарымызда «Үкілім-ай», «Дедім-ай-ау», «Сәулем-ай», «Гүлдерайым», «Маусымжан» секілді халық әндері бар. Енді жақсы, талантты музыка маманы болса, біздер әлгі Ресейдің «Бурановские бабушкиі» сияқты болайын деп тұрмыз, - деп әзілдеп қойды Рымгүл апай.

Әжелермен қоштасып, қалаға қайтпақ болып көлігімізге отырып жатыр едік, Зиға әжей де мектептің жанына қойған өзінің «Нива» көлігіне жайғасып жатты. Ол жас күнінен темір тұлпарды бағындырған екен. Ақ кимешекті, қапсырмалы камзолды асыл әженің көлікке отырып жатқаны, шынымен, айрықша қызық көрінді. Ол көлігін қыздырып алып тартып кетті. Қазақтың қайратты әжелері-ай!..

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

3 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.