Қытайдың жоғары оқу орнын жаңа ғана бітірген жас қандасымыз Мұхаммед Нұхтархан мен Қайырымбек Кәкімнің бастамашылығымен «Әз баба» маркалы қазақтілді смартфон жасалып, Қытай базарына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Бұрыннан жекелік сайтымызда қазақтілді андроид бағдарламаларын жасап жүрген біз үшін «Әз баба» маркалы қалта телефонын жарыққа шығару қиынға түскен жоқ. Жарым жылға жуық уақыт ішінде бағдарламаларын жасап, терминдерді бірлікке келтіріп ең алғаш төте жазудағы смартфонды дүниеге әкеліп отырмыз»,-дейді биыл ғана Шанши Педагогика университетін тәмамдаған Мұхаммед Нұхтархан.
Қазақ тілін білетіндер ғана қолдана алатын смартфонның тағы бір ерекшелігі – ұлттық ойындар орнатылып, ұлттық тағамдар жасауды техника тілімен сөйлеткен. Сондай-ақ, екі дос телефонға қазақ руханиятында орны ерекше қазақша кітаптар мен діни сауаттылыққа арналған кітаптардың электронды нұсқаларын енгізген екен.
Жекелік сайттары да «Әз баба» (www.azbaba.com) деп аталатын бауырларымыздың бұл атты неге таңдағанын білгіміз келгенде, олар:«Атам заманнан әз бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен ат үстінде жүріп қарсы келген дұшпанды жойып, елді, жерді қорғады. Сол рухты жалғасақ деген ниетпен ат құлағында ойнамасақ та, осынау техника заманында өзгеге есемізді жібермей техниканың тілін меңгерсек дедік. Сондықтан ең алдымен «Әз баба» сайтын құрып андроидтық жүйедегі барлық программаларды қазақшалап қана қоймай тың дүниелер жасауға кіріскенбіз. Сол жұмысымыздың арқасында әз Наурызда «Әз бабаны» базарға шығардық»,-деді.
Мұхаммедтің айтуынша, «Әз баба» сайтында техника тілін ана тілімізде сөйлеттіруді мақсат еткен бір топ оқуын жаңа ғана бітірген қазақ жастары жұмыс жасайды екен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендейін, телефонның шығуына осы достарым көп еңбек сіңірді. Оларға алғысымыз шексіз!»,-дейді ол.
Қазақы үлгідегі флешкалар мен балалар ойыншығын да жобалап базарға шығарып отырған жастар «Әз баба» ұялы телефонының екінші нұсқасын да жасауды жоспарлап отыр екен. «Енді біз «Әз баба» сенсорлы телефонының жаңартылған үлгісін жасамақпыз. Әсіресе, келесі нұсқасын ою-өрнектермен әшекейлеуді көздеп отырмыз»,-дейді Қытай Экономика университетінің түлегі Қайырымбек Кәкім.
Дереккөз: BAQ.KZ