Қазір Қазақстанды «Қазақ елі» деп қайта атау туралы идея қызу талқылануда. Мен мұны қолдамаймын. «Қазақ елі» деген атауды жақтаушылардың басты дәлелі – атауды өзгерту ҚР-на инвестициялық тартымдылықты күшейтеді екен. Шынымен де солай ма? Осыған тоқталып көрелік.
«Дүниежүзілік инвестициялар-2013 туралы баяндамалардағы» ақпаратқа сүйенелік. Тікелей шетелдік инвестициялар Қазақстанда 2007-2012 жылдары 78 млрд 160 млн доллар құрады. Атауында «стан» деген жалғамасы бар Өзбекстан осы кезең ішінде тек 6 млрд 447 млн доллар тарта алды. Ал Қырғызстанғатартылған тікелей шетелдік инвестициялар болмашы ғана - 2 млрд 278 млн теңге. Сонда елдің атауының бұл жерде қатысы жоқ болғаны ғой.
Инвестициялар Қазақстанға құйылып жатыр, өйткені бұл жерде анағұрлым ашық әрі тиімді экономика, анағұрлым түсінікті заңдар, анағұрлым тұрақты саяси құрылым, Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда анағұрлым болжамды ойын ережелері бар. Өте маңызды фактор – Қазақстан Республикасы табиғи ресурстарға бай, бұл салымнан пайда түсетіндігіне кепілдік береді.
Түйіндеме: шетелдік инвесторларға елдің қалай аталатындығы бәрібір. Оларға бизнес жүргізу үшін шарттар, белгілі бір жобаның тиімділігі маңызды.
Ендеше елдің атауын өзгертудің қажеті қанша? Инвесторлардың, жалпы бизнесмендердің құқықтық қорғалуын күшейтіп (Президенттің тексеруге мораторий жариялағанындай), инвестициялық климатты жақсарту қажет.
Психологиялық сәт те маңызды. Қазақ емес жандар үшін «Қазақстан» атауы жеткілікті мөлшерде бейтарап болып табылады. Дегенмен «стан» сөзі парсы тілінде ел деген мағынаны білдіреді деп жазады. Сонда Қазақстан онсыз да «Қазақ елі» дегенді білдіреді ғой. «Қазақстан» атауында бұл бүркеншікті түрде айтылып тұр. Елді ашық түрде «Қазақ елі» деп атаса, бұл басқа этностарға да психологиялық тұрғыда қолайсыздық тудыруы мүмкін. Бұл – қазақтың елі, ал қалғандары ешбір қатысы жоқ бұратаналар дегендей болады. Жағымсыз ғой...
Бір қызығы, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің бірде-біреуінде оның қандай да болмасын ұлттың елі деген сілтеме жоқ. Қалай дегенде де, біз теңесіп келе жатқан Еуропа мен Солтүстік Америкада жоқ. Күнделікті жағдайда «Инглянд» - ағылшындар елі, «Поллянд» - поляктар елі, «Дойчланд» - дойчтер елі, яғни, неміс жері деген ұғымдар қолданылады. Алайда бұл елдердің ресми атаулары басқаша – Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігі, Германия Федеративтік Республикасы, Польша Республикасы. Егер қысқаша айтсақ, Ұлыбритания, Польша, Германия.
Егер «стан» деген жалғаудан құтылу керек болса, онда «Қазақ Республикасы» деп өзгертуге болады. Оның үстіне ел құрылған жарты ғасырдан астам уақыт бойына (1936-1990 жж.) «Қазақ Республикасы» деп аталды. Рас, «Кеңестік Социалистік» деген сөздермен бірге. Егер ҚазАКСО құрылған кезден бастап алып қарасақ, 70 жыл бойына осылай аталды.
Бұл жағдайда ешкім бізді басқа «стандармен» ұқсастырмайтын болады. Егер батыс карталарында ҚР қазір «Republicof Kazakhstan» деп белгіленсе, кейін атауы өзгертілгеннен кейін «Kazakh Republic» деп жазылатын болады.
Бұл жағдайда бір оқпен үш қоянды атып аламыз: «станнан» құтыламыз, «қазақ» деген атауды айрықша етеміз, қазақ еместер мен кеңестік менталитеті бар (осы пікірдің авторы секілді) қазақтар үшін «Қазақ еліне» қарағанда анағұрлым үйреншікті, толерантты атауға ие боламыз.
Кейбіреулер бұл жағдайда ҚР-ның (Қазақ Республикасы) қысқартылған атауы Қырғыз Республикасының (ҚР) қысқартылған атауын қайталайды деп наразы болуы мүмкін. Алайда қазақ тілді нұсқада екі елдің қысқартылған атауы да бірдей – Қазақстан Республикасы (ҚР), Қырғыз Республикасы (ҚР). Сондықтан бұл алып бара жатқан жаһандық проблема емес.
Егер объективті факторларға сүйенсек, «Қазақстан» атауын өзгертудің еш мәні жоқ. Осы атаумен де еліміз керемет жетістіктерге жетіп, «Қазақстан» әлемге танымал брендке айналды. Әрі қарай да ойдағыдай дами аламыз.
Дегенмен, егер президенттің өзі бұл идеяны айтқан болса, онда елдің атауын өзгерту туралы шара қалай еткенде де жүзеге асырылатын болады. Мұны референдум арқылы жүзеге асыру ұсынылады. Ендеше оның мазмұны тек «Сіз «Қазақ елі» деген атауды қолдайсыз ба әлде қарсысыз ба?» деген сұрақпен ғана шектелмеуі тиіс. Өйткені атауға қатысты әр алуан пікірлер бар. Адамдарға бірнеше нұсқауды таңдау құқығына мүмкіндік беру керек. Мәселен: Қандай ел атауы болған дұрыс деп есептейсіз?
Қазақстан Республикасы
Қазақ елі Республикасы
Қазақ Республикасы
Тұран Республикасы
Қазақ Тұран Республикасы
Сонымен қатар, нұсқалардың бірі 50%-дан астам дауыс жинаса ғана, елдің атауын өзгерткен жөн болар еді. Қалай дегенмен де, елдің атауын өзгерту маңызды қоғамдық-саяси акт қой. Оған да салыстырмалы көпшіліктің емес, басым көпшіліктің ықтияры болуы тиіс.
Ғабдібек Хабиров,
Атырау қаласының тұрғыны
«АЖ» редакциясынан: Халық өз қалауын білдіреді деген ұғым, әрине, қашан да керемет естіледі. Алайда 1999 және 2004 жылдардағы парламент сайлауына тікелей қатысқан тәжірибемізге сүйенсек, біздің сол референдумның нәтижелері бұрмаланбайтынына күмәніміз бар.