Атырау, 26 қараша 22:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Наурыз, Навруз, Наврез, Норуз

7 652 просмотра

...Нараз, Новруз, Нооруз, Невруз – шығыс әлеміндегі көктемгі жаңару мерекесінің атауын әрі қарай шексіз жалғастыра беруге болады. Бұл мейрам Қазақстанда 14 жылдан бері ресми аталып өтеді. Ал әзірбайжандар мен өзбектер бұл мерекені көне заманнан бері үздіксіз тойлап келеді екен.

ӘЗіРБАЙЖАН ЖАҢА ЖЫЛЫ

Кеңестер елінде тыйым салынған осынау жаңа егін науқанының басталуын білдіретін көктем мерекесін қазақтар көп жылдар бойы тойламаса да, ұмытпапты. Бабалар мұрасы қайта қалпына келіп, бүгінде мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Халқымыз қанша тыйым болса да, бұл дәстүрін ұмытпады.

- Бізде КСРО құрамында болған кезімізде де Новруз байрам бүкілхалықтық мереке болып қалды. Бұл мерекені кезінде араб жиһангерлері де жоя алмаған. Новрузды тойлауға кеңес үкіметінен де бұрын тыйым салғысы келгендері тарихтан белгілі, тіпті, ислам да осы мейрамнан бас тартуға көндіре алмады, - дейді әзірбайжандық жаңа жыл дәстүрлері туралы Атырауда тұратын жазушы Аждар ҰЛДЫЗ.Бүгінде мұсылмандық діни талаптар мен Новруздың дәстүрлі зороастризм рәсімдері бірге атқарылып келеді.

Әзірбайжандықтардың бұл салт-дәстүрі мені қатты таң қалдырды: от үстінен секіру, пал ашу – біз үшін таза пұтқа табынушылық болып табылады, өйткені Островскийдің Қарша қызын мектепте оқысақ, Ницшенің «Заратустра осылай айтқан» шығармасын тек бірен-саран білгірлер ғана оқыды емес пе? Ұлдыз мұны әзірбайжандар салт-дәстүріне еніп кеткен зороастризм қалдықтары дейді:

- Әзірбайжан – зороастризмнің отаны, мұнда қашан да отқа табынушылар көп болған. Отқа табыну дәстүрі осы мерекемен тығыз байланыстырылған. Наурыз алдындағы соңғы бейсенбіде бізде от жағылып, үстінен секіреді. Бұл  барлық жамандықтар мен бақытсыздықтар өткен жылда қалсын деген мақсатпен жасалады. Бұл - от бейсенбісі. Ал мұндай киелі күндер төртеу: су бейсенбісінде су нұрланады, ауа бейсенбісінде отбасыңмен бірге үйден шығу керек, сондықтан да барлығы қонаққа барады, жердің бірінші бейсенбісінде ыдысқа арпа дәнін егіп, «сямани» өсіреді.

Мереке күні кешке балалар үй аралап, бас киімдерін табалдырыққа қойып, өздері тығылып қалады. Үй иелері оларға арнап қонақасы дайындап, тақияларына кепкен өрік, табиғи бояулармен боялған піскен жұмыртқа, тәтті шелпек, доғал, арнайы безендірілген шекяр була тәттісін салады. Шекяр буланың жоғары жағын әжелер мен кішкентай балалар безендіреді, дәстүрлі ою-өрнектер салады. Сондай-ақ, адамдарға мерекелік Новруз пайы сыйлығын беруге болады. Табақшаға тәттілер, жеміс-жидектер салып, көршілерге, достарға немесе байлар кедейлерге таратады. Дәстүр бойынша бұл күні ұрысуға, қарғауға, өтірік-өсек айтуға болмайды, егер кінәсі болса, кешіріп, ұмытып, достасу керек.

Мереке күні тағы да от жағып, ойын-сауық жасалады. Байлары кедейлерге дастархан жайып, кәуап, палау пісіріп, тәттілермен қонақтайды. Бакуде және Апшерон түбегінде бектер, мұнай магнаттары кедейлер үшін дастархан жаяды. Кеңес үкіметі кезінде демеушілікке тыйым салынды, ал бүгінде бизнес қайырымдылықпен айналысуды қайтадан бастады. Барлық басқа дәстүрлер Кеңес кезінде де сақталды, мереке кең көлемде өткізілді, барлық рәсімдер жасалды, тіпті, мемлекеттік деңгейде орыс және әзірбайжан тілінде «С праздником Новруз!», «Новруз байрамыңыз мүбәрак болсын!» деп жазылған құттықтау ашықхаттары шығарылды. Менің білуімше, бұл тек кеңестік Әзірбайжан кезінде ғана мүмкін болды.

 

ТАТАР ЖӘНЕ ӨЗБЕК МЕРЕКЕЛЕРІ

Ғасырлар бойғы көршіміз және бауырлас халқымыз – татарлар бұл мерекені біз сияқты Наурыз деп атайды екен. «Бізде бұл мереке дәл Наурыз мейрамы секілді тойланады, - дейді татар-башқұрт этно-мәдени орталығының өкілі Хатима МҰСТАФИНА.

- Айырмашылығы мерекелік дастарханға қойылатын ұлттық тағамдарда ғана: парянашя - бізше бәліш, татар азуы, міндетті түрде чак-чак, учпучмак, татар бауырсағы, біздің бауырсақтан ерекшелігі – бетіне қант ұнтағын себеді, кыштили және т.б. Наурыз көже де жасаймыз, бірақ дүкеннен алған айран қолданамыз. Башқұрттарда да дәл осындай тағамдар. Бәрі ұқсас. Бізде көрісу де бар.

Көрісуге келсек, бұл географиялық және мәдени араласудың нәтижесі шығар. Баршаға белгілі, қазақтардың барлығы бұл «көрісу» салтын біле бермейді: үй-үйге кіріп, көршілер мен туыстарға ұзақ қыстан аман шықтық деп қос қолдап, төс қағыстырып амандасу, жаңалықтармен бөлісу Қазақстанның тек батысында ғана дәстүрге айналған.

Өзбектер, әрине, көрісу туралы білмейді. Алайда олар осы көктем мерекесін көне дәуірден бері үздіксіз тойлап келеді. Бұл туралы маған қала базарларының бірінде жеміс-жидек, көкөніс сатып отырған өзбек саудагерлерінің бірі айтты.

- Наурыз мерекесі бізде 21 наурызда тойланады. Кеңес үкіметі кезінде осындай кең көлемде тойлаған жоқпыз, алайда мерекелік дастархандар, ән мен күй, ұлттық киімдер міндетті түрде болды. Алаңдарда, көппәтерлі үйлердің аулаларында және жеке үйлер көшелерінде адамдар қазан көтеріп, жиналатын, - деп өз дәстүрлері туралы әңгімелеп берді бір-бірімен жағаласып екі жас әйел. – Сүмелек тағамы міндетті түрде дайындалады: бидайды жақсылап жуып, тазалап, жазықша тақтайға немесе үстел үстiне бiркелкi тегiстей жайып, бетiн дәкемен жабу керек. Күн сайын мезгiл-мезгiл ыссы су себелейдi. Әдетте, майса көктүстенiп кетсе, шырыны ашқылтым тартып, Сүмелектiң дәмi бұзылады. Ең бастысы, майсаны мұндай дәрежеге жеткiзбеу керек. Ақтүстенген майса түбiнен пышақпен қырқылып алынады да, келiге түйiледi. Содан соң шырыны (сөлi) дәкеде сүзiледi. Сүзiлген сөл қазанға құйылып, егер егiлген бидай бiр келi болса, оған бес келi ұн, бiр келi май және су құйылып, араластырылып, қайнатылады. Осылайша тәулік бойы қайнаған Сүмелек қоңыртүстене бастаған шақта қазан жабылады. Пiскен, суытылып, ошақтан түскен Сүмелек үй iшiне, көршi-қолаңға, жарлы-жақыбайларға үлестiрiледi. Сондай-ақ, 1 елі өскен исмаляк (жоңышқа) шөбін ұнтақтап, тұшпара, бәліш жасайды. Сол сияқты сіздердегідей бауырсақ пісіреді. Әрине, палау дайындайды.

Ауылдар арасында бәйге, қораз айқас, ит айқас, қошқар сүзістіру сияқты жарыстар өткізіледі. Күйеуге шықпаған қыздар арасында ұлттық өзбек күресі ұйымдастырылады. Жеңімпаздар тұрмыстық техника, кілем және т.б. бағалы сыйлықтарға ие болады. Бұл күні үйлену тойлары да көп жасалады және жаңа отбасын құру үшін ең сәтті күн деп есептеледі.

Наурыз алдында ауылдық кеңестерде жетім-жесір, көп балалы, аз қамтылған отбасылардың тізімі жасалады. 21 наурызда делегация осы мекенжайларды аралап, оларға сиыр сыйлайды. Бұл хадия (сауап) деп аталады. Соңғы 6-7 жылда тағы бір жақсы дәстүр пайда болды – балалар үйіндегі ұлдарды (кейде 100 балаға дейін жетеді) мемлекет есебінен сүндетке отырғызады және әр қайсысына ірі сомаға депозит ашады. 

Соманың көлемін қыздар нақтылай алмады, алайда қомақты қаржы екендігіне сенімді. Сондай-ақ, өзбектер Наурыз күні ұзақ жасаған адамдарға барып, амандық-саулық сұрап, бата алады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.