Біз, «Қазаэронавигация» РМК әуе диспетчерлері, әріптесіміз, «Қазаэронавигация» РМК Шымкент филиалының ӘҚҰ (әуе қозғалысын ұйымдастыру) қызметі диспетчері Қанат Ақылбековке Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасы тағып отырған айыпқа қатысты өз пікірімізді білдіруді парызымыз деп санаймыз.
2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент аэродромынан жиырма шақырым жерде ҚР ҰҚК шекара қызметінің АН-72 ұшағы қону кезінде апатқа ұшырады. 27 адам қаза болды. Біздің ұжымымыз осы қайғыға бүкіл елмен бірге қатты қамықты.
Ведомствоаралық тергеу комиссиясы жинаған материалдардың негізінде Бас прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков 2013 жылғы 22 қаңтарда Астанада болған арнайы брифингте АН-72 ұшағының апатқа ұшырауы келесі негізгі жағдайлардың топтасуынан болды деп хабарлады:
- ұшу кемесінің барометрлік биіктік өлшегіштерінде ауысу кезеңінде Шымкент аэродромының қысымы белгіленбеген;
- ұшу кемесінің борттық жабдықтарының ақаулығы;
- ұшу кемесін қондыру кезіндегі экипаж командирінің қателігі;
- қиын метеорологиялық жағдайлар.
Аталған актіде әуе қозғалысын басқаруда ерекше ұшу жағдайына әсер еткен кемшіліктер анықталған жоқ деп нақты жазылған.
Қосымша зерттеу жүргізу үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің 2013 жылғы 3 маусымдағы №271 бұйрығымен сараптама комиссиясы құрылды және оның құрамына Мемлекетаралық авиация комитеті және «Антонов» мемлекеттік кәсіпорны (Украина) сарапшылары кірді.
Осы комиссияның сараптама қорытындысында апаттың себебі төмендеу кезінде аспаптардың шамадан тыс вертикалды жылдамдықты көрсетуіне әкеліп соқтырған экипаждың ұшу биіктігін теріс анықтауы болып табылады деп ұйғарым шығарған. Құрамына ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштерінің әуе қозғалысын басқару органдарының өкілдері және Мемлекетаралық авиация комитетінің сарапшысы кірген әуе қозғалысын ұйымдастыру (ӘҚҰ) және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету қызметі жұмыс тобының есебінде ӘҚҰ қызметкерінің авиациялық оқиғадағы әрекеттері ӘҚҰ бойынша нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес жүзеге асырылған және ұшуға ешқандай кері әсерін тигізбеген деп көрсетілген.
Алайда, 2013 жылғы 17 тамыздағы қосымша сот-технологиялық зерттеу қорытындысына сәйкес Қанат Ақылбековке ҚР ҚК-нің 295-бабы 3-тармағында қарастырылған қылмысты жасады деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғады, ал бұл ведомствоаралық комиссияның зерттеуі нәтижелерін, сондай-ақ, ҚР қорғаныс министрлігі бекіткен, қосымша зерттеу жүргізу бойынша сараптама комиссиясының қорытындысын жоққа шығарады.
Нәтижесінде айып тағып, қылмыстық іс көтеруге негіз болған 2013 жылғы 17 тамыздағы әуе көлігі оқиғасы туралы іс бойынша сот-технологиялық зерттеу мамандарының қорытындысы 2013 жылғы 27 желтоқсанда заңды күші жоқ, дәлелдеме ретінде қолданыла алмайды деп танылды.
Алайда, ҚР Қорғаныс министрлігі бекіткен, халықаралық сарапшылар қатысуымен болған қосымша зерттеу жүргізу бойынша сараптамалық комиссияның қорытындысын есепке алмай, сондай-ақ, 2013 жылғы 17 тамыздағы сот-технологиялық зерттеу қорытындысының жарамсыздығына қарамастан 2013 жылғы 28 желтоқсанда алдын ала тергеу ісі қайтадан басталды.
Тергеу Мемлекетаралық авиация комитеті жүргізген Диспетчер әрекетіне қосымша баға беруді және азаматтық авиация саласындағы өкілетті орган – ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету нұсқаулығы бойынша кейбір жекеленген ережелерді түсіндіріп жазған хатын қаперге алмағандығын атап өткен жөн. Диспетчер осы ережелерді бұзды деп айыпталып отыр.
Осы қиын жұмысқа - тексеруге ең үздік отандық мамандар тартылды, ал Мемлекетаралық авиация комитетінің сарапшыларының авиациялық оқиғаларды зерттеуде үлкен тәжірибелері мен беделдері барында күмән жоқ.
Алайда тергеу олардың қорытындыларына қанағаттанбай, әуе қозғалысын ұйымдастыру бойынша мамандардың қатысуынсыз жасалған сот-технологиялық сараптаманың негізінде айып тағып отыр.
Уақытпен бірге қадам басып, халықаралық тәжірибелерді қолданып, біз өткен жүзжылдықта ұшуды командалық басқару әдісінен, яғни, барлық шешімдер жерден қабылданатын әдістен бас тартқанбыз. Қазір жауапкершілік экипаж бен диспетчер арасында анық белгіленген және шектелген. Әркім өз жұмысын атқарып, сол үшін ғана жауап береді.
Қазақстандық әуе диспетчерлері іргелес және еуропалық елдердің ӘҚҰ орталықтарындағы әріптестерімен тікелей сөйлесе алатын мүмкіндікке ие және соңғы кезде талқыланып жүрген өзекті мәселе осы Қанат Ақылбековті қылмыстық қудалау, қалай да кінәлі етіп шығару болып отыр. Бізді авиация әлемінде мойындалған CANSO, IFATCA, IATA ұйымдары, сондай-ақ, Lufthansa, Air France, KLM, British Airways, Qantas, Singapore Airlines, Emirates, Turkish, Aeroflot, Transaero, Air Astana, Scat сияқты әлемнің жетекші әуе компанияларының ұшқыштары қолдап отыр.
Халықаралық авиация қауымдастығы «Қазаэронавигация» РМК-ны посткеңестік кеңістік аумағында аэронавигациялық қызмет көрсету саласындағы жетекші компания деп мойындайды.
Шынайы фактілерді мойындамай, әріптесімізге айып тағу, сондай-ақ, тергеудің құзырсыздығы, біліксіздігі және айыптаулардың негізсіздігі халықаралық авиация қауымдастығында кереғар пікір тудыратыны анық.