– Марқұм күйеуімнің ескі «Запорожец» көлігі бар болатын. 2001 жылы ол бас сенімхатпен машинасын ағасына берді. Ағасы да қазір о дүниелік болды. Тірі кезінде машинаны бұзып, қосалқы бөлшектерге сатқан болатын. Бірақ маған әлі күнге дейін салық басқармасынан осы көлік үшін салық төлеу туралы хабарлама келеді. Мен жол полициясы басқармасына бірнеше рет бардым, сотқа үш мәрте жүгіндім. Қай жерде де бір жауап: осы көліктің қандай болмасын құжаттарын табу керектігін айтады. Ал менің қолымда «Запорожецтің» бірде-бір қағазы да, күйеуімнің ағасына жазған бас сенімхаты да жоқ. Тек қайтыс болғандығы туралы екі куәлік қана бар. Мен нотариалдық палатада болып, 2 мың теңге төледім, бірақ ол жерде де осы құжаттың көшірмесін таба алмады. Ондағылар көшірменің 6 жыл сақталатынын айтты. Көліктің көптен бері жоқ екенін қалай дәлелдей аламын?
Телефон арқылы
Сұраққа адвокат Гүлсім САБЫРОВА жауап берді:
– 2013 жылдың қарашасына дейін көлік «бас» сенімхат бойынша үшінші тұлғаға сатылған жағдайда және тиісінше, мемлекеттік нөмірлері, техникалық төлқұжаты мен көліктің өзі болмаған жағдайда, азаматтарға көлікті сату-сатып алу келісімшартын жасалған деп тану туралы сотқа арызбен жүгінуге тура келетін. Содан кейін сот шешімінің негізінде көлікті ЖПБ есебінен шығарады. Қазіргі заң бойынша бұл мәселе басқаша реттеледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013жылғы 26 тамыздағы№851 қаулысымен бекітілген Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларының 56, 57 және 64 тармақтарына сәйкес, кәдеге жаратылатын көлiк құралына көлік құралын тіркеу туралы куәлік (әрі қарай КҚТК) пен мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгісі (әрі қарай – МТНБ) болмаған жағдайда, жазбаша нысанда оларды жоғалтудың мән-жайлары көрсетіледі. Бұл ретте ІІО-ның ақпараттық ресурстары бойынша тексерулер жүзеге асырылады.
КҚТК болмаған кезде меншік иелері оларды жоғалтудың мән-жайларын көрсетеді. Көлік құралдары есептен КҚТК телнұсқасы берілмей шығарылады, бұл ретте меншік иесіне көлік құралын есептен шығару туралы қызметтік жазбасы бар көлік құралына растау анықтамасы беріледі.
КҚТК және/немесе МТНБ болмаған кезде тұрған жері белгісіз көлік құралдарын есептен шығару осы көлік құралы соңғы үш жыл бойы пайдаланылмайтынын болжауға негіз беретін ақпаратты жаза отырып, жол қозғалысының қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган шығарған қорытынды негізінде жүргізіледі.
Бұл жағдайда, егер тіпті марқұм жұбайы кезінде көлікті өз ағасына «бас» сенімхат бойынша берсе де, заң бойынша ол бәрібір меншік иесі болып қалады. Соған байланысты, жесіріне, заң бойынша және ұсыну құқығы бойынша мұрагер ретінде өз атынан көлікті есептен шығару туралы арызбен тағы да шығуы керек. Арыз бергенге дейін өткен мерзімдегі бүкіл салықтарды төлеу қажет. Арызда көлікті тексеруге қою мүмкін еместігін, өйткені оның қосалқы бөлшектерге бұзылғанын, сондай-ақ, мемлекеттік нөмір мен техникалық төлқұжатты тапсыру олар жоғалып қалғандықтан мүмкін еместігін көрсету қажет. Салықтарды төлеу туралы түбіртекті (немесе салық департаментінен анықтаманы), сондай-ақ, неке туралы және жұбайының қайтыс болғандығы туралы куәліктердің көшірмелерін тіркеу керек.