Атырау, 26 қараша 22:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Наурыз айы туғанда...

4 045 просмотра

Биыл көктем «Дәулет» елдімекеніне жылдағыдан ерте келді. Көктемнің шуақты күндері айналаны нұрландырып жіберген.

Ганюшкино ауылынанжеті ша-қырым қашықтықта орналасқан елді мекенде 20 шақты үй бар.  Мұнда көше дейтін көше жоқ, үйлер бір-біріне жақын орналасқан. Олардың арасын бөліп тұрған белгі де, қоршау да жоқ.

Күн көзіне жайылған кілемшелерді қағып жатқан келіншектің жұмысына кедергі болмайық деп әрі астық. Шеткері бір үйге кірдік. Үйде ешкім жоқ екен, бірақ сарай жақтан адамның жүрген дыбысы естілді. Әжей сарайда болып шықты. Ол таңертең сауылған сүтті пісіріп тұр екен. Ақжарқын әжей біздің кім екенімізді естігенде тіптен балаша қуанып қалды. Біз қазақы дәстүрмен әжеймен көрістік. 

- Көп жасаңдар! Атыраудан журналистер келеді деп кім ойлаған, төрге шығыңдар!  - деп бәйек болып жатты Күнзипа ӘЛЕКЕНОВА.

Жеті баланы дүниеге келтірген 85 жастағы әжей қазір кіші ұлының қолында тұрады екен.

- Бала да, келін де жұмыста, Ганюшкинода жұмыс істейді. Таңертең ерте кетеді, кеш келеді. Немерелерім келгенше үй тірлігімен өзім айналысамын.

- Сиырды кім сауады?

- Келінім таңертең ерте тұрып, жұмысқа кетпестен бұрын өзі сауып, салқын жерге қойып кетеді. Ал кешке өзім сауамын. Аяғым ауырмайды, бұрыннан еңбекке «піскен» адаммын, қарап отыра алмаймын. Арасында демаламын, немерелерім сабақтан келіп, мал қарайды.   

Күнзипа әжеймен сөйлесіп тұрғанда, ол бір тізе бүкпеді. Әңгімесін қатар айтып, әлденені тазалап, үстел үстін жинастырып тұрды.

- Наурызда самаурынға оттық салып, шоқаяқпен шай ішу - жанның рахаты. Газ келіп тұрса да, жаздай даладағы қазанға тамақ пісіргенді келінім де ұнатады, - дейді ол.

Қонақжай әжей бізге кетерде салқын ашымал көже ұсынды. Дәмі тіл үйіреді.

- Келіп тұрыңдар, ауыл деген жақсы ғой. Наурызға сақтаған сүр етім бар еді, мереке күні бауырсақ, наурызкөже пісіріп, бір-бірімізге барамыз, жылда осылай... 

Олармен көршілес отырған Бекбауовтар отбасы да бізді жылы шыраймен қарсы алды. Олардың ұстап отырған малы төлдеп бола келген екен. Көрші ауылға қатынап оқитын үйелмелі-сүйелмелі үш ұл-отағасы Қайыржан БЕКБАУОВТЫҢ қолғанаттары. Қадыржан, Ринат, Нұрсұлтан жаңа төлдеген қозы-лақтарға бауыр басып үлгерген. Балалар біздің суретке түсіргелі жатқанымызды көріп, сүйікті төлдерін қорадан тез алып шықты. Қаңтарда туған төлдер өсіп қалған, балаларға ырық берер емес, секіріп тұр. Алайда қозыларды олар дегендеріне тез көндірді. Әне, Нұрсұлтан үйден алып шыққан тәттісін беріп, басынан сипалап, еркелете бастады.

- Біз бос уақытымызда мал қараймыз, шөп суырып саламыз. Қозы-лақтарды күтеміз. Жерге шөп шыққасын далаға өзіміз жаямыз. Біздің ауылдағы балалардың барлығы сөйтеді, - дейді Қадыржан.

Келесі барған үйімізде бізді Ольга ДЕРГУНОВА қарсы алды. 

- Мен орыспын, біздің отбасыдан басқа мұнда орыстар жоқ. Бұл - менің туған жерім, туған ауылым. Бір жылдары Астраханға тұрмысқа шығып, сонда тұрдым, кейін осында қайтып келдім. 80-нен асқан анам Вера МОРИХОДОВАНЫ қараймын. Екі қызым, бір ұлым бар. Үлкен қызым Астраханның орыс жігітіне тұрмысқа шықты. Ұлым Ганюшкинодағы колледж- де оқиды, - дейді 49 жастағы Ольга қазанда пісіріп жатқан бауырсағын араластырып тұрып.

Барлық шаруашылықты Оля өзі басқарады. Ауладағы үйілген қиларды күзде дайындап алыпты, жазда қазан астына от жаққанда пайдаланады. Мұнда жазда қазанға тамақ пісіруді әдетке айналдырған. Оля шомнан тұрғызылған ауладағы малын көрсетті.

- Қой-ешкілер әлі төлдеп жатыр. Тұмса туған малдың төлін өзімнің бағып-қағуыма тура келеді. Әке-шешем ерте көшіп келген осында, олар да мал ұстады, арасында әкем балық аулайтын. Сондықтан малдың жайын жақсы білемін, екі сиырым туған, содан сүзбе, құрт жасаймын. Қоян, тауық та ұстаймын. Ал жазда аулаға егін саламын, үйге қажеттіні түгел егемін. Көшеттер отырғызып қойғанмын. Күні бойы үй тірлігінен қолым босамайды, күнкөрісіміз жақсы. Үй шаруашылығын жүргізуге ұлым көмектесіп тұрады, -дейді Оля. - 14 наурыз күні үлкендерге алдын ала көрісіп шығамын, ал Наурыз мерекесінде олар мені шақырады. «Қызыл жұмыртқа» мейрамында оларды үйіме қонаққа мен шақырамын.

Осындай жандармен қауышқан жайдары күн жаныма жылулық сыйлады. Шағын ауылдың адамдары бауырмал, көпшіл. Кезектесіп мал бағады, бірігіп шөп шабады. Мерекелерді де бірге тойлайды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

20 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.