Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталғандар алқа билер сотына анағұрлым жиі жүгінеді. Судьялардың пікірінше, адамдар жазасын жеңілдетуге үміттенгендіктен осылай жасайды екен. Дегенмен де, алқа билер кейде судьялардан да қатаң болып жатады.
«КВАРТИРАНТ» ІСІ
Менің соңғы бірнеше жыл ішіндегі атышулы істі еске алу туралы өтінішіме Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлнәр ХАЖЕНОВА арендатор маньяк туралы істі айтып берді.
Бұл жаңа оқиға емес, алайда кезінде елді шулатқан, тіпті астаналық документалистер ол туралы фильм де түсірген. 2010 жылдың қарашасында Атырауда бірінен соң бірі екі кісі өлімі орын алды. Полицейлер қанішердің қолтаңбасына назар аударды: мүрделер табылған пәтерлер жалға берілген, ал құрбан болған жандар сол күндері қоңырау шалған клиентке баспананы көрсетуге келген екен. Қылмыскер әйелдерді зорлап, оларды жіппен қылғындырып, бүкіл бағалы бұйымдарын қолды етіп, ізін жасырып отырған. Үшінші құрбандығына келгенде жолы болмай қалды. Пәтер ішінде әйелді буындырмақ болып ұмтылған кезде жібі үзіліп кетіп, әйел де бой бермей қарсылық көрсеткен. Кейін қылмыскер оны пышақпен жарақаттайды да, өзі асығыс шығып кетеді. Тірі қалған әйелдің көмегімен қылмыскер ұсталады. Оның Атырауда күзетші болып жұмыс істейтін Батыс Қазақстан облысының 33 жастағы тумасы екендігі анықталды.
Сот барысында сотталушы қанша үміттенсе де, алқа билер оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
ПЕДОФИЛДІҢ ІСІ
Бұл 2012 жылы болған еді. 47 жастағы ер адам өзіне таныс әйелдің үйіне келген. Істе айтылғандай, олар екі бөтелке сыра ішіп, ұйықтауға кеткен. Кереуеттің жанында қожайын әйелдің 11 жастағы қызы ұйықтап жатқан. Таңға қарай ер адам ұйықтап жатқан қызға білдірмей жақындап, оны шешіндіре бастайды. Хаттама сөзімен айтқанда, «азғындық әрекет жасай бастаған». Қыз оянып кетіп, шу көтерген.
…Сотталушы «кәмелетке толмаған тұлғаға» жаман ештеңе жасау ойында болмағанын қанша түсіндірмек болса да, алқа билер қатаң үкім шығарып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді.
ЕССІЗ МАСКҮНЕМНІҢ СӨЗІ
Алқа билердің қатысуымен өткізілген істер көлемі көп емес. 2012 жылы жеті адам, 2013 жылы екі адам сотталған, биылғы жылы әзірге мұндай істер болмаған.
Г.Хаженованың айтуынша, алқа билерге үміткер жандарға қатысты көп проблемалар бар екен.
- Мен құрамның қалай жасалатындығына көңілім толмайды. Алқа билер тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды. Бұл сапалы бола бермейді. Соңғы оқиға сот ісі жалғасқан кезеңдегі біздің бүкіл еңбегімізді жоққа шығарды.
Ол былай болған еді: 2013 жылдың аяғында Рустам деген жігіт өз досы Олегтің туған күніне келеді. Мерекелік дастарханда төрт дос отырады. Жігіттер ішімдік ішіп, отырыстың соңы түсінбестікке ұласады. Рустам пышағын шығарып, оны керісіп қалған жігіттің өмірлік маңызды ағзасына үш мәрте сұғып алады. Туған күн иесі елірген қонақтарды ажыратпақ болады. Алайда ол да ішінен пышақ жарақатын алады. Бақтарына қарай, бәрі тірі қалады.
Алқа билер соты денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін үш жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарған.
- …Бірақ сол кезде алқа билер тізімінде наркологиялық диспансердің есебінде тұрған адамның бар екені анықталды,- дейді судья. – Сөйтсек, азаматқа «алкогольдік сусын ішу нәтижесінде психикасы бұзылған» деген диагноз қойылған екен.
Содан соң бәрі зая кетті. Алқа билер таратылып, үкім жойылды да, басқа құрамдағы жаңа отырыс тағайындалды.
- Алқа билерге үміткерлерді таңдаған кезде, біз, әрине, үміткерлерден сотты болған-болмағандығын, есепте бар ма, жоқ па, бәрін сұраймыз,- дейді Г.Хаженова. – Кейде, қандай себептері барын білмеймін, адамдар бұл фактілерді жасырып қалады.
«МЕН ОЛАРДЫҢ БӘРІМЕН КЕЛІСЕ БЕРМЕЙМІН, БІРАҚ…»
Кейде алқа билер шығарған үкімдер дау туғызып жатады. Біреулер оны өте жеңіл деп есептесе, біреулері керісінше есептейді. Ақыр соңында алқа билер: «Сотталушы айыпталып отырған әрекет дәлелденді ме?», «Бұл әрекетті сотталушының жасағаны дәлелденді ме?», «Сотталушы осы әрекетті жасауда кінәлі ме?» деген үш сұраққа жауап береді. Осы сұрақтарға алқа билердің әрқайсысы өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, құпия жауап береді.
- Иә, алқа билермен процесті жүргізу қиындау екенін мойындаймын. Өйткені олар қылмыстық заңды білмейді, бірақ олар айыптау мен дәлелділік ұстанымындағы қорғау дәлелдеріне дұрыс баға беруге тырысады. Бұдан басқа, әрбір айыпталушының өзін кім және қалай соттайтындығына таңдауы болуы тиіс. Ал бұл дұрыс нәрсе.
Анастасия ПАСТУХОВА