Атырау, 23 қараша 13:42
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сочидегі тұсаукесер

3 204 просмотра

Олимпиадалық киімнің үздік дизайны байқауында жеңіп шыққан форма 2014 жылдың Олимпиадасына ілікті: оның авторы, атыраулық дизайнер Айжан БОҚАЕВА (суретте) республикалық спорт комитетінің шақыруы бойынша өзі шығарып, өзі әзірлеген спорт жиынтығымен Сочиге барды.

- Күшті әсер туғызды! – дейді үнемі әсершіл жүретін Айжан. – Менің формама аса назар аударып, таласа-тармаса қаумалап алды (Айжан сыйлық ретінде екі шақыру билетін алып, анасымен бірге барыпты): біздің командамыздың бапкерлері, спортшылар, басқа елдің делегация мүшелері жақындап келіп, бірге суретке түстік. Содан соң камераға арқамды беріп түсуімді өтінді: бәріне, әсіресе, жібектен тігілген бүркіт ұнапты. Сондықтан көпшілігінің фотосуреттерінде менің бет-әлпетім көрінбейді, - деп күлді Айжан.

БҮРКІТТІҢ ҚАНАТЫ

Өз идеясын жүзеге асыру үшін оның бір жарым ай уақыты болған. Уақыттың көп бөлігін техникалық тұрғыдағы күрделі кестелеу «жеп қойған» екен: «Ayoka Bo» (Боқаеваның өз Сән үйі мен тауарлық белгісі бар, сол бойынша өнім шығарады) күртесінің арқасында қанатын жайған тәкаппар бүркіт бейнеленген, жеңдері жартылай реглан. Сызбадағы қанаттың суреті осылай өзгертілген («АЖ», №23, 6.06.2013 күнгі «Олимпиадашылар атыраулық киім киеді»), сызбада көрсетілген кескіннің қалғаны өзгертілмеген күйі тігілген: мемлекеттік тудың түсіндей сары да көгілдір бояуы бар күрделі пішілген бейне және қазақтың байырғы малақайы...

- Костюм, әрине, технология-лық, конструкторлық тұрғысынан күрделі. Тіпті, әзір болғаннан кейін де оның кемшіліктерін көріп отырмын, мұны болашақта ескеретін боламын. Мен серіктесім, алматылық «Бигфишпро» компаниясына алғысымды білдіремін. Олардың тәжірибелері мен қолдауы болмағанда, бұл форма дүниеге келмес еді. Форма болмаса, мен де Сочиге бармас едім: ол жерге тек өзімнің формаммен ғана бару туралы принципте болдым. Мен Сочиге бармағанда,  дизайнер ретінде өзім туралы сүйсінген пікірлерді, тамаша сөздерді ести алмас едім, осы сапардан алған керемет әсерге бөленбес едім, - дейді Айжан.

– Ғажап жандармен таныстым, көптеген қызықты оқиғаларды естідім. Жан-күйерлер делегациясының басым бөлігін бұдан бұрынғы Олимпиадаларға қатысқан Қазақстан спортының ардагер-лері, еңбек сіңірген бапкерлер:

Ольга ШИШИГИНА (жеңіл атлетикадан Сидней-2000 олимпиада чемпионы), Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ («классик» балуан, 1980 жылғы олимпиада чемпионы, әлем чемпионы), өздерінің ащы терімен даңққа бөленген басқа да танымал спортшылар құрады. Әрбір күн керемет әсер мен таныстық әкелді. Бұл өмірдің қуанышты әсерге толы шексіз шаттығы еді. Енді осыны бөліскім келеді. Мұндай шараларда барша жанда патриотизм шексіз болады. Сайыстарда біз тамағымыз жыртылғанша айғайлап, өз спортшыларымызға қолдау көрсеттік. Дегенмен де, ол жерде олимпиадалық, достық пейілдегі атмосфера орнаған еді: көршілес тұрған біздің бәріміз: Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ делегациялары ештеңеге қарамастан, бір-бірімізге шынайы сәттілік тіледік. Ал өмірімдегі осы тәжірибеден алған басты сабағым – мейірімді болып, кешіре білу керек екен. Осы қасиеттердің құндылығын тек спорттағы әзәзілдік пен көз жасын бастан өткізіп қана қоймай, соғыс жылдарындағы тауқымет пен өлімді көзімен көрген біздің делегациямыздың анағұрлым ересек мүшелері еске салды. Еңбек сіңірген бапкер Майя Иосифовна бізге: «сендер бақытты заманда өмір сүріп жатырсыңдар, осыны сақтап, бағалаңдар» деді. Оның соғыс туралы балалық естелігі адамды еріксіз жылатады. Бірақ қатал тағдыр оны өзгерткен жоқ, аса мейірімді жан өз парасатын жоғалтпаған. Оның өмірлік өнегесі мені шабыттандырды.

 

«АМЕРИКАНДЫҚТЫҢ АНАСЫ ИЫҒЫМДА ЕҢІРЕП ЖЫЛАДЫ»

Спортқа байланысты таңқаларлық хикаялар Сочиде де аз болмағанын айтады Айжан. Күтпеген жерден тағдыр оны американдық мәнерлеп сырғанаушының анасымен жолықтырыпты:

- Пируэт кезінде американдық Джейсон Браун құлап қалды. Мұзға қатты құлап, екпінмен бортқа соғылды. Содан соң ол бірнеше минут қозғалыссыз жатты. Көрермендердің төбе шашы тік тұрды, бірақ оның өз-өзіне келе бастағанын көріп, бүкіл зал қол соғып, қолдау көрсетіп, қошеметтерін қайта жалғастырды. Бізге жақын жерде егде тартқан ерлі-зайыпты жұп отырған еді. Әйел әлсін-әлі төмен қарап, бетін қолымен көлегейлеп отырды. Ал ер адам оны жұбатып отырған секілді. Мен олардың күйзелістеріне ортақтас екенімді білдіргім келді. Кеудесіндегі бейджикте USA деген жазу тұр екен, шыдай алмай: «Кешіріңіздер, бұл спортшы сіздердің туыстарыңыз ба?» - деп сұрадым әйелден. - «Ол менің ұлым» - деді ол. - «Сізді құшақтайын ба?» – деп сұрадым мен. Әйел басын изеді. Мен оны құшақтаған кезде әйел иығыма басын сүйеп, еңіреп жылап жіберді. Екеуміз бірге жыладық. Ал ұлы қайтадан мұз бетінде өнерін жалғастырды. Мен оған ұлының нағыз спортшы екенін, оның орнынан тұрып, көрерменнің қошеметімен өз бағдарламасын керемет орындап шыққанын айттым. Ол 40 минуттай көрінбеді. Шамасы, медиктер оның жарақатын таңып жатса керек. Содан соң ол ақсаңдай басып, ата-анасына жақындап келіп, оларды: «мен өліп қалған жоқпын ғой!» деп жұбата бастады.

Өкінішке орай, қазақстандық олимпиада жүлдегері Денис ТЕННІҢ өнерін Айжан тамашалай алмапты. Ол бұл кезде биатлон бойынша сайыстарды қараған екен.

- Біз Теннің өнерін қысқа бағдарламада көрдік. Сол күні Плющенко ширату жаттығулары кезінде құлап қалды: оның қалай ауырсынғаны, мұздан қалай кеткені есімде. Ал кейін сайыстан мүлден алынып тасталды. Біз бүкіл сайыстарға дерлік билет алдық. Олардың қайсысы Қазақстан үшін тарихи оқиға болатынын алдын ала жорамалдау қиын еді. Дегенмен де, біз айрықша әсер алдық. Осы байқауға қатысқаным үшін тағдырыма ризамын. Менің формамды біздің құрама кимегеніне  бастапқыда көңілім қалса да, жоғалтқанымнан тапқаным көп болды. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ 

13 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.