Атырау, 26 қараша 22:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ғасырлар сырын арқалаған кітаптар

5 507 просмотра

Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада сирек кездесетін кітаптар сақталған.

ҚАЗАҚ АКСР-ДЕГІ ХАЛЫҚ САНАҒЫ

- Сирек кездесетін кітаптар бөлімі біздің кітапханада 2002 жылы ашылды, - дейді  кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Ғалия ТІЛЕКҚАБЫЛОВА (суретте). Онда қазақ және орыс тілдеріндегі 420 кітап сақталған. Мәселен,  1950 жылы Алматы қаласында басылып шыққан қазақтың бас ақыны А.ҚҰНАНБАЕВТЫҢ «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдер жинағы - қазіргі уақытта қазақ тілінде сақталған8 кітаптың бірі. Тағы бір сирек басылым - 1948 жылы Алматыдағы мемлекеттік баспадан шыққан орыс жазушысы Василий ЯННЫҢ «Шыңғыс хан» тарихи романы.

Кітапханада сақталған ең көне кітап - 1873 жылы баспа көрген орыс жазушысы Ф.ДОСТОЕВСКИЙДІҢ шығармалар жинағының 9-томы. Кітапта жазушының күнделіктері мен публицистикалық шығармалары басылыпты. Сырты қалың, қатты қағазбен қапталған. Бірақ сыртында жазуы жоқ, автордың есімі мен шығармаларының тақырыбы ішкі мұқабасына жазылыпты.

- Полиграфия жағынан қарасақ, бұл кітаптардың сапасы өте мықты. Қазіргі кітаптар тез тозады, жыртылады, ал бұлар қанша уақыт өтсе де, өз қалпын сақтап келеді, - дейді Ғ. Тілекқабылова.

Одан кейін біздің көзіміз тағы екі көне басылымға - 1886 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан И.А.ГОНЧАРОВТЫҢ шығармалар жинағының 3 және 7 томына түсті. Бұл кітапта автордың «Фрегат», «Паллада» және «Обломов» романдары жарияланған.

Жаңа ғасырда жарыққа шыққан кітаптар да бар кітапхана қорында. Мәселен, 1906 жылы Санкт-Петербургтегі А.Ф.Маркс баспасынан шыққан М.Е.САЛТЫКОВ-ЩЕДРИННІҢ шығармалар жинағының 10-томы. Бесінші рет басылып отырған жинаққа «Письмо о провинции» және «Пошехонские рассказы» шығармалары еніпті. Екіншісі 1928 жылы Ленинград, Қызыл командирлер көшесі, 29 үйде орналасқан Евгения Соколова атындағы Мемлекеттік баспаханадан 3000 данамен басылып шыққан «1926 жылғы Бүкілкеңестік халық санағының» 8-томы болды. Бұл кітапта Қазақ АКСР мен Қырғыз АКСР халқы санағының мәліметтері тіркелген. Сол кезде Қазақ АКСР-і құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей, Сырдария, Орал губерниялары, Адай уезі, қостанай округі және Қарақалпақ автономды облысы кірген. Санақ қорытындысы бойынша, Қазақ АКСР-нде барлығы 3 713 394 қазақ болса, оның 1 953 711-і ер адам, ал, 1 759 683-і әйел адам. Ер адамдардың 241 989-ы, әйелдердің 17 179-ы ғана сауатын ашқан екен.

 

СТАЛИН ЖОЛДАСТЫҢ СӨЗІНЕН

Біздің өңіріміз туралы 1937 жылы 1700 данамен жарыққа шыққан «Үлкен Ембі» («Большая Эмба») энциклопедиясы сыр шертеді. Кітапта «Орал-Ембі мұнайлы облыстың мұнай, бор және өзге де қазба ресурстары» туралы КСРО Ғылым академиясының 1935 жылғы қарашадағы сессиясындағы мәліметтер жиналған. Алғашқы бетінде И.Сталиннің БК(б)П-нің XVIII съезіндегі «Орал жотасының батыс және оңтүстік аудандарында мұнай базасын қалыптастыруды дұрыстап қолға алу» туралы есебінен үзінді берілген. Кітап мазмұнын тұзды күмбездер, индерлік борат кен орнының геологиясы, бордың геохимиясы және технологиясы туралы ғылыми ақпараттар қамтиды. Энциклопедия - әлі күнге дейін оқырманның көп сұрайтын басылымы.

Ал 1950 жылы жарыққа шыққан «Гурьевтегі тұрғын үй қалашығы құрылысы және жобалау тәжірибесі» кітабы да кейін басылып шықпағандықтан сирек кітаптардың қатарына қосылған.

Кетерімізде Ғ.Тілекқабылова облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың тарихы туралы қысқаша айтып өтті:

– Н.Островский атындағы кітапхана 1938 жылы Қала паркі (Горпарк) маңында 1 қатарлы ғимаратта ашылды. Кейін 1962 жылы оның екінші қатары көтерілді. Ал 1991 жылы Азаттық даңғылындағы Ғылым үйінде, ал 1993 жылы Сәтпаев көшесіндегі бес қатарлы үйдің бірінші қабатына орналасты. Кітапхана 2001 жылы 24 шілдеде ҚР Үкіметінің №1000 қаулысымен Ғабдол Сланов есімін иеленді. Ал 2009 жылы әуежайға баратын даңғыл бойындағы жаңа, үлкен ғимаратқа көшті. Ертеректе кітаптардың көпшілігі кеміргіштердің кесірінен, жаңбыр суынан пайдасыз болып қалған еді. Біздердің қорда сақталған кітаптарды тазалап сақтап қалу үшін кеміргіштермен күрескен кездеріміз болды. Сондықтан қайта өңдеуге келмейтін кей кітаптарды есептен шығаруға мәжбүр болдық.

Дегенмен, кітапқұмар жандардың қазір де парақтары сарғайып, бойына ғасырлар иісін сіңірген кітаптарды қолдарына алып, оқып, көп нәрсені біліп әрі ерекше сезімге бөленулеріне мүмкіндіктері бар.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

13 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.