Атырау, 26 қараша 22:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қуыршақтар да қорғай ма?

8 160 просмотра

Ольга КРОТИКОВА (суретте) өзінің туған жері Челябинскідегі құрбыларының қызығушылықтары ортақ шағын «клубына» көптен бері шақырып жүргенін мойындайды. Ол онда тұмар-қуыршақтар жасайды екен. 

- Мен алғашқыда бұлардың қандай қуыршақ екенін түсіне алмадым, сол кезде декреттік демалыстағы жас ана, яғни, мен үшін олардың ісі еріккеннің ермегі көрінетін. Ал олар болса, кел де кел деп қолқалаумен болды. Олар вуду қуыршағымен әуес болған екен деп те ойлай бастадым. Содан кейін әуестігім жеңіп, барып, көзіммен көріп, осы істі ұнатып қалдым. Ал қазір басқаларды үйретіп жүрмін.

Ольга Челябинскіден Атырауға осы жерде жұмыс істейтін күйеуінің соңынан келген екен. Жақында көне славян қуыршақтарын дайындаумен жақынырақ танысуды қалайтын қала тұрғындары үшін шеберлік дәрістерін өткізді.

- Славяндар үшін қуыршақ-мотанка – жәй ойыншық емес. Оларды сәттілікке, денсаулыққа, жақсы жолға арнап дайындайды. Қыздар «Хочу замуж (Тұрмысқа шыққым келеді)» немесе «Званка-желанка (Тілек орындаушы)» деген қуыршақтар жасайды. Жүкті болғысы келетін әйел «жүкті әйелдің» тұлғасын жасап, әрі қарай бала көтеріп, босану кезінде көмектесетін көмекші-қуыршақтар жасайды, - деп әңгімеледі Ольга семинарда.

Желанница деп аталатын қуыршақ ғажап-ақ. Оған қарапайым көйлек киігізіп, содан соң сарафанға лента, моншақ, бантик тігеді. Қуыршақты айнаға қаратып: «Қандай әдемі екеніңді қарашы. Ал маған тарту ретінде тілегімді орындашы» деп айтады. Халық нанымы бойынша, Желанница сыйлық үшін алғыс ретінде кез келген тілекті орындайды екен. Ал «Ржевское счастье» - кішкентай, бірақ өте ұзын бұрымы бар қуыршақ. Бұрым ұзын болған сайын соғұрлым жақсы болады. Қуыршаққа қарасаң, еріксіз қуанасың.

Тұмар қуыршақтар қолда бар кез келген материалдан – мата қиындыларынан, ескі киімнен, бүршіктерден, таяқшалардан, сабаннан, арқаннан жасалады. Басты шарт – ол адамға ұқсамауы және ине пайдаланбау керек. Осы себепті де қуыршақтардың бет-жүздерін бояп, салмайды.

Шеберлік сыныбында Ольга оңай қуыршақты – «берегиняны» жасауды ұсынды. Ол, әдетте, масленица мейрамы кезінде дайындалады. Мұның техникасы күрделі емес. Кішкентай ақ мата шаршысынан басын, басқа мата қиындысынан қолдарын шиыршықтап жасайды. Содан соң түрлі-түсті екі матаның шаршысынан көйлек жасалады. Үш бұрышты етіп бүктелген мата қиындысымен қуыршақтың денесін орайды. Мұны берік қызыл жіппен байлап бекітеді. Үшкіл орамал – шағын үшбұрышты қиындыдан жасалады. Содан соң тұмар қуыршақ дайын болады. Оны иконалар тұратын қызыл бұрышқа немесе қожайынның жатын бөлмесіне сақтайды. Ол үйден бар тауқыметті, дерт пен сәтсіздікті алып кетеді деп есептелген. Бір жылдан кейін масленица мейрамында бұл қуыршақты өртеп, жаңасын дайындайтын болған.

- Славян халықтарында шүберек қуыршақтар 20-ғасырдың бас кезіне дейін кеңінен қолданылды. Ал содан кейін олардың орнына пластик және резіңке қуыршақтар келді, - дейді Ольга. – Бірақ қазір Ресейде бұл дәстүр қайта жаңғыруда. Өз атымнан айтарым, мұндай қуыршақтар жасауды халықтық арт-терапия деуге болады. Түрлі-түсті мата қиындыларын алып үстелге отырасың. Процеске еніп кеткеннен кейін уақыттың қалай зырғып өткенін байқамайсың. Жаман ойдан арылып, жаның жай табады...

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

13 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.