Облыстық әкімдікте өткен кеңесте жолаушылар тасымалына қатысты ахуал талқыланды.
«ТОҚТАТАМЫЗ-АУ. ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕЙМІЗ?»
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аманжан ТАКЕШЕВ баяндама жасады:
– Атырау облысында 72 маршрут: 34 қалалық, 18 облыстық, 17 аудандық, екі облысаралық және бір ауданаралық маршруттар бар. Олармен 14 тасымалдаушы компаниялар жұмыс істейді. Тасымалдаушылардың бұзатын ережелері де бірдей: оқушыларды тасымалдаудан бас тартады, уақыт аралығын сақтамайды, өте жоғары жылдамдықпен жүреді.
А. Такешевтің айтуынша, көлік бақылау инспекциясы теміржол вокзалының маңындағы автостансаны әлденеше рет тексеріп, заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарған. Атап айтқанда, автостансада жүргізушілер үшін демалыс бөлмесі, автобустарды техникалық тексеру мен жүргізушілерді медициналық куәландыруға арналған орынжай жоқ. Алайда нысанды пайдаланатын «АСАЗ» компаниясы бұл ұйғарымды орындамады. Сондықтан автостансаны мемлекеттік тізілімге тіркеуден бас тартылған.
– Қазіргі уақытта автостанса «билеттік касса» мәртебесінде қызмет етуде. Ал Атырау-2 ықшамауданында өткен жылдың аяғында барлық талаптарға сай келетін және тізілімге тіркелген автостанса ашылды. Ол «Қуаныш» ЖК-не тиесілі. Алайда тасымалдаушылар бұл жерде жолаушылар жоқ дегенді желеуретіп, бұл кәсіпкермен келісімшарт жасаудан бас тартып отыр, - дейді Текешев.
Биылғы жылдың 13 қаңтарында Н.НАЗАРБАЕВ бекіткен Көлік инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасына сәйкес, Құлсары қаласынан бір автостанса және Махамбет, Индербор, Мақат, Ганюшкино, Миялы және Аққыстау аудан орталықтарынан жолаушыларға қызмет көрсететін алты станса салу қарастырылған. Бұдан басқа, осы бағдарлама аясында аудан орталықтары мен селолық елді мекендерде 67 такси тұрақжайы: 21 – Жылыой ауданында, 11 - Махамбет, 11 – Индер, 2 - Мақат, 8 - Құрманғазы, 10 - Қызылқоға, 4 – Исатай аудандарында салынатын болады. 28такси тұрақжайын Атырау қаласынан салу жоспарланған. А.Текешев автобус жүргізушілері мен таксистер арасындағы даулы мәселені қозғады («АЖ» №10, 06.03.14 ж., «Автобустар таксиге қарсы»):
– Заңды тасымалдаушылармен қатар заңсыз – жеке таксисттер де жүр. Олар автобус жүргізушілерінің клиенттерін алып кетеді. Олар осылайша қиындық тудырып отыр. Ал «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңының 14-бабына сәйкес, жолаушыларды және олардың жүктерін тасымалдауды таксидің көмегімен ұйымдастыру аудандық және қалалық жергілікті атқарушы органдардың құзырында делінген. Алайда бұл функция атқарылмай отыр.
Әкімшілік полиция бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ тасымалдаушылардың өздерін сынға алды:
– 2013 жылдың қорытындысы бойынща облыс аумағында 504 жол-көлік оқиғасы орын алды, 127 адам қаза болып, 626 адам жарақат алды. Жолаушылар автобусының қатысуымен 14 ЖКО тіркелді, екі адам қаза тауып, 19 адам жарақат алды. Өткен жылы автобус жүргізушілері 822 жол қозғалысы ережесін бұзды. Соның ішінде, алкогольден масайған күйде көлік жүргізген – 13 адам, қозғалыс кезінде ұялы телефонмен сөйлескен – 29, бағдаршам белгісіне бағынбаған – 24 адам және т.б.
«Теңізавтокөлік» ЖШС директоры Спандияр АЙСАНОВ полицейлерді заңсыз таксистерге қатысты проблемаларда батыл емес және өздіктерімен шешеді деп жазғырды.
М.Өтеғалиев жауап ретінде жай ғана иығын қозғап:
– Біз оларды тоқтатамыз, бірақ олардың заңсыз тасымалдаумен айналысып жүргенін қалай дәлелдейміз? Оларды тоқтатсаң, «жіберіңіз, туысымды алып бара жатырмын» дейді, -деді.
ҮШ МЫҢ «ЖОЛШЫБАЙ»
Облыстың көлік прокуроры Болат ҚАЛЫҚОВ «егер полицейлер қаласа, бұл салаға баяғыда-ақ тәртіп орнатар еді» деді. Өйткені, «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңының 26-бабында таксистердің міндеттері қарастырылған: жолаушылар мен жүкті тасымалдау үшiн түсі біркелкі және айырым белгiлерi бар таксилердi пайдалану; әрбiр автокөлiк құралы үшiн таксометрдің немесе бақылау-кассалық аппаратының болуы; ақпараттық-диспетчерлiк қызмет көрсету жөніндегі шарттың болуы міндетті және т.б.
Облысаралық көлік бақылау инспекциясының басшысы Самат ҒИЛЫМОВТЫҢ айуынша, еліміздің көптеген ірі қалаларындағы әуежайлар мен теміржол вокзалдарында (жаяу жүргінші жолына шығатын) алғашқы жолақ тек тіркелген таксилер ғана тұру үшін сары бояумен боялған.
– Атырауда 380 көліктен тұратын, тіркелген тоғыз таксомоторлы парк бар. Ал заңсыз жеке тасымалдаумен, бағалау мәліметтері бойынша, үш мыңнан астам жүргізуші айналысады. Заңды таксилер үшін дер кезінде жағдай жасамағандықтан, қазір бүкіл бизнесті дерлік «бомбилалар» жаулап алды. Теміржол вокзалының маңында таксидің көптігі сондай, алда-жалда біреудің жүрегі ұстап қалса, «жедел жәрдем» көлігі кіре алмайды. Ірі сауда нүктелері, вокзал және әуежай әкімшіліктерінің алғашқы жолақты өздері сары түске бояп, барлық өркениетті елдердегідей бейнекамералар орнатуға әзір екенін білемін... Заң бойынша бүкіл такси диспетчерлермен қызмет көрсетуі тиіс. Біз туыстарымыз бен жақындарымызды басқа қалаға медициналық және техникалық куәландырылмаған таксимен жібереміз. Ал кенеттен жол бойында жүргізуші қайтыс болса немесе көлік бұзылып қалса ше? Қалалық қоғамдық көлікке келер болсақ, бұрын соңғы аялдамалар Жилгородокта, Авангардта, Ескі базарда және Балықшыда болатын. Қазір соңғы аялдаманың біріншісінен екіншісіне жету үшін бір жарым сағат уақыт кетеді. Әрбір автобус маршруты бойынша қозғалыс 30 минуттан аспауы тиіс.
Кеңеске қатысушылар «бомбилаларға» не істеу керектігі туралы бір пікірге келе алмады. Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан ШӘКІМОВ мұның жұмыс тәртібімен шешілетіндігін айтты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ