6 наурызда өткен облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралған күн тәртібіндегі басты мәселе «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын 2013 жылы жүзеге асыру нәтижелері болды.
БЕРІЛЕТІН НЕСИЕЛЕРДЕН АЛУШЫЛАР КӨП
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА өз баяндамасында айтқандай, аталмыш бағдарлама бойынша соңғы үш жылда республикалық бюджеттен 9 млрд теңге қаржы бөлініп, 14,3 мың адам жұмысқа орналастырылған.
- 2011-2013 жылдарда жұмыссыздық бір деңгейде тұрақтады - 5% (ел ішінде орташа көрсеткіш - 5,2%). 2011 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық 5,5%-ды құраса, 2013 жылдың аяғында ол 3,1%-ға дейін төмендеді (ел бойынша – 5,4%). 2011 және 2013 жыл аралығында атаулы әлеуметтік көмек пен балалар жәрдемақысын алушылардың саны екі есеге жуық өсті. 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінді, нәтижесінде 6,6 мың облыс тұрғыны жұмысқа орналасты, - деп хабарлады К. Мұқашкереева.
Инфрақұрылымдарды дамыту және ТКШ саласына 1 557 адам жұмысқа орналастырылды. Олар 64 әлеуметтік нысанды жөндеуге және 9 дәрігерлік амбулатория мен фельдшер-акушерлік бекеттер құрылысын салуға тартылды. Осы мақсатқа 2013 жылы 2,3 млрд теңге бөлінді және бұл өткен жылдағы қаржыландырудан 6 есе артық.
Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын арттыруға да осындай сома бөлінді. «Атырау» ӘКК мен Ауыл шаруашылығын қолдауды несиелеу қоры бағдарламаның бұл бағытының операторлары болып табылады. Облыс орталығы мен аудандарда 50 несиелік серіктестік ашылды. Несиелер бөліп, сол арқылы жаңа өндіріс ашу есебінен 505 жұмыс орны ашылды.
Жұмыссыздарды қайта даярлауға 412,5 млн теңге жұмсалды. 1 423 адам кәсіби даярлықтан өтсе, оның 482-сі тұрақты жұмыс орнына ие болды. 2014 жылға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млрд теңге бөлінеді, бұл қаржыға 3 мың адам жұмысқа алынады деп жоспарлануда.
К. Мұқашкереева алғашқы траншты төлеп болған кәсіпкерлерге бір қолдан шағын несиелердің мөлшерін 1 миллионнан 5 млн теңгеге дейін өсіруді ұсынды. Шағын несиені алғысы келетіндердің көбеюіне байланысты жұмыспен қамту басқармасы әлеуметтік қорғау министрлігінен несиені қаржыландыруды 1,5 млрд теңгеге арттыруды сұрады.
ТУБЕРКУЛЕЗ БЕН ЖҰМЫС
Мәслихаттың әлеуметтік мәселелер бойынша депутаттық комиссиясының төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА жұмыссыздарды қайта даярлау үшін енді облыс сыртындағы оқыту компанияларын енді тартпау керектігін айтты. Сол жақта жұмыс жасайтын оқытушылар Атырауға қысқа уақытқа келеді және олардан келіп-кетер пайда да аз. Бұл жұмыстарға жергілікті колледждерді тарту қажет.
Депутат Сайын ҚУАНЫШЕВ Атырау - Индер, Миялы - Қарабау тас жолдарын күрделі жөндеуге және Махамбет ауылында көпір салуға қатысатын жол компанияларының басшыларын осы жұмыстарға жергілікті жұмыссыз тұрғындарды белсенді тартуға шақырды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН 2013 жылы туберкулезбен ауырғандардың саны 100 мың тұрғынға 90,8 адамға жеткені туралы жағымсыз хабарымен қатысушылардың назарын аударды. Бұл дертті емдеуге болады және бұл үдерісте дұрыс тамақтану үлкен маңызға ие. Алайда, көбіне өкпе ауруына шалдыққан адам емделгеннен кейін жұмыс таба алмайды және аз қамтылғандар санатына қосылады. Осындай адамдар мен олардың отбасылары үшін бұл дерттің асқыну қаупі бар. Сондықтан да туберкулезден жазылған адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектесуіміз қажет.
- Облыстың 23 колледждерінің төртеуі талаптарға сай емес ғимараттарда орналасқан. Политехникалық колледжде 960 орында 1 767 адам оқиды, ал 600 орындық Қ. Дүтбаева атындағы гумманитарлық колледжде 1 809 студент дәріс алады. Кейбір колледждерде оқушыларды тамақтандыратын жағдай жоқ. Колледждердің жатақханалармен қамтамасыз етілуі 3%-ды құрайды. Өткен жылғы медициналық тексеру қорытындысына сәйкес, оқушылардың 5%-ы түрлі аурулармен ауырады. Егер дәрігерлер дұрыс тексергенде, бұл сан одан да көп болар еді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ