Атырау, 24 қараша 22:34
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Н.Назарбаев: Қарулы күштер әскери саланың сапалы мамандарымен жасақталуы тиіс

6 664 просмотра
Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен жедел-стратегиялық кеңеске министрліктің және ҚР ҚК Бас штабының басшылығы, департаменттер мен бас басқармалар бастықтары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары мен қолбасшылары қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін нығайту мәселесіне әрдайым зор көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Қазақстандықтар армияның жауынгерлік қабілеттілігіне және өз міндеттері мен Жоғарғы бас қолбасшының бұйрықтарын орындай алатынына сенімді болуға тиіс. Соңғы жылдары армияны қаржыландыру барынша артты, үшжылдық бюджет жиынтығы бір триллион теңгеге жақындады. Ал бұл тіпті Еуропаның бай елдері әскери шығындарын ғана емес, әлеуметтік бағдарламаларын қысқартуға мәжбүр болып отырған әлемдегі экономикалық жағдайлардың қазіргідей қиын кезіндегі жағдай. Мемлекет қарулы күштер мен әскери қызметшілер үшін барлығын жасауда. Тек өткен жылы ғана 7 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 5430 адамға тұрғын үй жалдауға өтемақы төленді. Қарулы күштер офицерінің ақшалай үлесінің орташа мөлшері – 170 мың теңге. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету – ел азаматтарының барлық санаты арасында ең жоғары деңгейде. Мұндай қамқорлыққа жауап ретінде Қазақстан халқы армиямыздан – жоғары жауынгерлік дайындық, ал әскери қызметшілерден – кіршіксіз тазалық күтуге құқылы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті министрліктің орталық аппаратының және өңірлік қолбасшылықтың, әртүрлі әскер түрлерінің жетекшілері қойған міндеттерді орындауда халық алдында жауапты екеніне назар аударды.

«Сондықтан Мемлекет басшысы және Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде мені және еліміздің барша азаматын қорғаныс ведомствосында орын алған сыбайлас жемқорлықтың пайда болу жайттары қатты алаңдатады. Қазақстан қоғамы мұны ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер ретінде қабылдайды. Қарулы күштерде мұндай нәрсе мүлде болмауға тиіс. Армияға бөлініп жатқан мемлекеттің қаражаты тек қана мақсатқа сай пайдаланылуы қажет. Ондай жайттар бұдан кейін қайталанбас үшін тиісті шараларды қабылдаған жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әскерлердің жауынгерлік дайындығы жоғары деңгейде болуы қажеттігін атап көрсетті.

«Өткізіліп тұратын жаттығулар міндеттерді пысықтауға бағытталып, қазіргі жағдайларға мейлінше үйлес болуға тиіс. Біз өңірлік қолбасшылықтың немесе басқа бөлімдердің жауынгерлік дайындықтарын тосыннан тексеретін боламыз. Сондай-ақ, барлық күштік құрылымдармен үйлесімділікті жетілдіріп, одақтастарымызбен және серіктестерімізбен өзара іс-қимылды халықаралық деңгейде дамыту қажет. Жауынгерлік дайындық бағдарламалары жаңа мазмұнға бай, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге сай болуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы қару-жарақтар қатарына жыл сайын әскери техниканың жаңа түрлері қабылданып отырғаны айтты.

«Біз әскери өнімді тек Ресейден емес, өзге елдерден де сатып аламыз. Армияның әлемдік санаттағы озық үлгілерді қолдана отырып, қайта жарақтануға мүмкіндігі бар. Біз бұл бағытта ешкімнен артта қалуға тиіс емеспіз. Елдің әскери-өнеркәсіптік кешені тікұшақтар, әскери оптика, радиолокация және радиоэлектронды күрес жүйелерін құрастыруға кірісті, сондай-ақ әскери-теңіз флоты үшін кемелер жасалуда, авиациялық және броньды техника жөндеу ісі ұйымдастырылған. Бірақ бұл да жеткіліксіз, ол жұмыс аясын кеңейте түсу керек», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаңа қорғаныс зауыттарын салу елдің индустриялық дамуының маңызды бағытының бірі екенін айтты.

«Әскери зауыттар жұмысы есебінен өзге салалар да дамиды, сондай-ақ экономиканың басқа секторларынан тапсырыстар түсе бастайтын болады. Сондықтан Қорғаныс министрі Үкіметпен бірлесіп, қандай нысандар салатынымыздың айқын жоспарын жасауға тиіс. Мәселен, патрондар мен снарядтар өндірісі мәселелерін кейінге қалдыруға болмайды. Әскери-техникалық жаңғырту қарқынын одан әрі үдете түсіп, армиямыздың қайта жарақтандырылуы үдерісін жандандыру қажет. Тек қарулы күштерді ғана емес, құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді де қамтамасыз ету үшін елдің әскери-техникалық кәсіпорындары шығаратын өнімдер номенклатурасын одан әрі кеңейткен жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қарулы күштер қатарындағы кадр жұмысына өзгерістер енгізу қажеттігіне назар аударды.

«Бәлкім, біз әртүрлі әскер санаттарында әскери қызметті өтеушілер жасының шегін қайта қарауымыз керек болар. Мысалы, мемлекет ұшқыштар құрамын дайындауға айтарлықтай көп қаражат шығындайды, сөйтіп тиісті деңгейді меңгеріп шығуы үшін ұшқыштарға кәсіби дайындыққа көп уақыт жұмсау қажет болады. Алайда, тиісті жасқа жеткен кезде, денсаулығының мықтылығы мен кәсіби деңгейі жоғары екеніне қарамастан, офицер жасының жетуіне байланысты доғарысқа кетуге мәжбүр. Біз тек жасына ғана байланысты жоғары кәсіби кадрлардан бас тарта алмаймыз. Әскери қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігін қайтадан қарау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жоғары тұрған лауазымға жылжыту үшін тиісті кәсіби дайындық пен әскери білім деңгейінің міндетті шарт болуы қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әскерді үнемі қайта құрылымдау да армиядағы жағдайға зардабын тигізіп отырғанын атап өтті.

«Бұл өте қауіпті үрдіс. Тек 2012 жылдың өзінде ғана әскерлердің әртүрлі түрлерінде 260 штаттық-ұйымдастырушылық шара өткізіліп, 320 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар, 2013 жылы 116 штаттық-ұйымдастырушылық шара өткізіліп, қосымша 490 миллион теңге бөлінген. Бұл жеке құрам арасында мазасыздық тудырып, әскери қызметшілерге көтерме ақы мен демалыс жәрдемақылары төлемдерінің шығыстарына ұрындырады. Ең бастысы, мұндай жағдайда әскерлердің жауынгерлік дайындығы төмендейді. Мен штаттық-ұйымдастырушылық шараларын барынша азайтуды талап етемін. Мұның бәрі тек көзбояушылық тудыратын «бос» жұмыс», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміз жоғары әскери білім беру жүйесін дәйектілікпен қалыптастырып келе жатқанын айтты.

«Бізде офицерлерді, әсіресе жоғарғы құрамды жүйелі даярлау жүйесі болған жоқ. Біз оларды үнемі шетелде оқыта алмаймыз, мұны Қазақстанда жүзеге асыруға тиіспіз. Әскери ЖОО-ларды заманауи жабдықтармен жабдықтау, өзге елдердікінен кем емес өзіміздің ғылыми-педагогикалық кадрларымызды даярлау жұмыстарын жалғастыру қажет. Биыл Ұлттық қорғаныс университеті өз жұмысын бастайды деп үміттенемін. Оның түлектері Қазақстан армиясының мақтанышына айналуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елімізге жақын аймақтарда ахуалдың әлі айқын еместігін айтты.

«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған жоқ және жағалау елдерінде милитаризациялану жүріп жатқанын көріп отырмыз. Сондай-ақ Ауғанстаннан коалиция әскерлерін әкетуге байланысты да қауіптер бар. Осыған орай мен оңтүстік, батыс стратегиялық бағыттарындағы құрамаларды сапалық тұрғыдан күшейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Жоғарғы бас қолбасшы ХХІ ғасырдағы кәсіби қарулы күштер әскери саланың сапалы мамандарынан, шынайы патриоттардан, еліміздің психологиялық тұрғыдан байыпты және моральдық жағынан мінсіз азаматтарынан құралуға тиістігіне назар аударды.

«Қарулы күштердің негізі – офицерлер, сержанттар, яғни өз өмірін саналы түрде Отанына қызмет етуге арнаған адамдар. Тәрбиелік және патриоттық жұмыстарды жетілдіру, солдаттан генералға дейінгі моральдық рухты күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қарулы күштерді дамытуға назар аудару әрбір мемлекеттің парызы екенін атап өтті және министрліктің бүкіл әскери құрамының қызметіне табыс тіледі.

Дереккөз: bnews.kz

 

7 наурыз 2014, 10:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.