Атырау, 26 қараша 20:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қайсар әйел

3 785 просмотра

Қарлығаш ТАЙЛАҚОВА (суретте) - жігері жасымаған нағыз қайсар жан. Талай жоқшылықтың дәмін татқан ол жеке кәсібін ашуды көздеп, бүгінде дегеніне жетті. 3 млн теңге несие алып, тігін шеберханасын ашып алды. Қазір сүйікті кәсібі бар, аз да болса, тұрақты табысы бар, шүкір...

Қарлығаш Оңтүстік Қазақстан облысының Сарығаш ауылында туылған. Он жылдан бері Атырау қаласы маңындағы Көкарна елді мекенінде тұрып жатыр. Қазір жасы 55-те, ІІІ топтағы мүгедек. 

- Атырауда менің екінші өмірім басталды, -деп рухтанып қояды ол іс машинасын зырылдата отырып. Тігін шеберханасында еңбек қызу қайнап жатыр. Бүгін әдемі көйлекке берген тапсырысты ертең аяқтаулары тиіс. Соған жанталасып жатқандары.

...Қарлығаш бел омыртқасы қатты зақымдалып туылған, бірақ оның өмірге деген құштарлығы ерекше болды. Алғыр қыз кішкентайынан әжесінің қасына жантая отырып, ісмерлікті үйрене бастаған. Қоржын жасаудың шебері атанған әжесінің әр сөзінен сабақ алуға тырысатын.

- Бесінші-алтыншы класта оқып жүргенде, әжемнен қалған артық маталардан бауырларымның қыздарына көйлек тіге бастадым. Бала болып ойнағаннан гөрі осы іспен шұғылданғанды жаным сүюші еді, -дейді Қарлығаш. - Оныншы класты бітіргеннен кейін атам ойлана келе «осы тігіншілікті таңда, денсаулығың дәрігерлікке келе қоймас. Біреудің жыртығын жамасаң да, қарның аша қоймас» деді. Көреген атамның кеңесі өмірлік кәсібімді таңдауыма себеп болған еді.

Қарлығаш Ташкенттегі жеңіл өнеркәсіп институтын бітірісімен сондағы «Красная знамя» тігін фабрикасына жұмысқа тұрып, табан аудармастан 25 жыл еңбек етті. Ташкенттің орталығынан екі бөлмелі пәтерге ие болып, ұлы Ғалымжан дүниеге келді. Жоғары сыныпта оқып жүрген ұлы «туған жерге кетейік» деп анасына қолқа салмаса, мүмкін, әлі де Ташкентте тұрып жатқан болар ма еді. 

- Кеңестік дәуір құлағаннан кейін өмір сүру қиындай бастады ғой. Атырауда туыс апам тұрушы еді, ол бізді осында шақырды. Бірақ апам біз келгенде қайтыс болып кетті. Мен Ташкенттегі көші-қон департаментіне арыз жаздым,16 күннен кейін Атыраудан көші-қон басқармасының бастығы Мақсот ИМАШЕВ телефон соқты. Ол маған қорықпай келе беруге кеңес берді, бір жағынан ұлым да қостап тұр. Тәуекел етіп, Ташкенттегі үйді сатып, Атырауға келгенде пәтер бағасы күрт көтеріліп кетіпті. Ұлым екеуміздің төрт жыл пәтер жалдап тұруымызға тура келді, -дейді Қарлығаш.

Мүгедектік зейнетақысы ұлы екеуіне зорға жететін. Сөйтіп жүріп қайсар әйел ұлын оқытты. Ол Атырау университетін бітірді. Алайда, Қарлығаш өзіне лайықты жұмыс таба алмады. Кеңсе аралап, косметикалық заттар сатып көрді, бірақ бұл да көңіліне жақпады. Жаңа кәсіп ашайын десе, қаржы жоқ. Үйін сатқан қаржысына Көкарнадан жаңа үй құрылысын бастаған, бес жылдан бері салып келеді.

- Қалалық жұмыспен қамту орталығына барғанымда ондағы бастықтар мені келеке ете бастады. «Мүгедектік зейнетақың жетпей ме», болмаса, «несиені саған қалай береміз, оны өтей аласың ба?» деп шошынды. Ұлымның атына да несие алуға қарсылық білдірді. Мен сол кезде, шынымен, қатты қиналдым, осы өмірден баз кешіп кетердей торықтым. ЖК болып тіркелгеніммен, несиеге қолым жетпей, екі жыл сандалдым. Сөйтіп жүргенде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атыраудағы филиал басшысы Гүлзада ШАЛАГУЛОВА азаматтық танытты. Ол үйді кепілдікке салып, төмен пайызбен 3 млн теңге алуыма кеңес берді. Мен бұл ұсынысқа қуана келістім, -дейді Қарлығаш.

Кейде ол мүгедектігін ұмытып кетеді, тіпті түнімен жұмыс жасауға бар. Қасындағы көмекші әйел де мігір таппайды. Себебі, тапсырыс көп. Олар «Қамажай» көйлегін, камзолы, сәукелесі бар костюм тігеді, олардың бағасы - 8 мың теңге. Олардың тіккен киімдерін Қырғызстанның арзанқол көйлектерімен салыстыруға келмейді, матасы қымбат, оймыш оюлары, кестеленген әдіптері әдемі. Қазірдің өзінде «Қамажай» биіне арналып тігілген 30 костюмді, бұдан басқа үнді, өзбек, орыс, түрлі ұлттардың киімдерін базардағы таныстары арқылы өткізіпті. Соңғы кездері мектептерден де көптеп тапсырыс түсе бастаған. 

- Кейбір таныстарым осы кәсіпті қалағандарға дәріс бергенімді қалайды. Мен одан қашпас едім, бірақ қалаға қатынау маған қиын , -дейді ол. - Егер ақылы түрде сабақ алатындар болса, үйіме келсін деймін. Ешкімді жатырқамаймын, бәлсіну менде жоқ, адамдармен бірге жұмыс жасау тіпті қызық қой.

- Қазіргі талғамға сай сәнді көйлектерге сұраныс көп шығар...

- Фантазия адамға шабыт береді ғой, негізгі ойым кішкентай қыз балаларға арналған түрлі ұлттық киімдерді көбірек тігу. Ол тек мерекелік күндерде емес, күнделікті киюге жарайтындай, адамға қонымды, жеңіл болуы үшін матаны дұрыс таңдау керек. Тапсырыс көп. Алдағы уақытта шағын цехымды кеңейтіп, оншақты қыз-келіншектен тұратын фабрика ашсам деймін. Қалалық әкімдік жер телімін бөлуге рұқсатын берді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

6 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.