Атырау, 26 қараша 20:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жан-жақтан қысым

4 301 просмотра

Жақында мәжіліс депутаты Дариға НАЗАРБАЕВА тарапынан денсаулық сақтау жүйесіне айтылған сын медицина қауымы арасында қызу талқыға түсті. Төменгі деңгейдегі өзекті мәселелер туралы №1 Атырау қалалық емханасының бас дәрігері Еркінбай Қуанұлы ҚУАНОВПЕН (суретте) сұхбаттастық.

АҒЫНДЫ ӘДІС

- Науқас адамдар өз саулығын тексерту үшін ең алдымен емханаларға келеді, сондықтан да олар алғашқы көмек мекемелері деп аталады. Алайда сол жерде де енжарлық пен төрешілдік белгілеріне тап болып жатамыз. Тексеруден өту үшін емхана қабырғасында апталап жүруге тура келеді: біресе терапевтіге жұмсаса, біресе жеке сала мамандарының алдында жәудірейсің, барлық жерде толассыз кезек, талондарда көрсетілген уақытты ешкім сақтап жатқан жоқ.

- Бұл - өте үлкен проблема, өйткені емханалардағы медицина қызметкерлері тек келушілердің ағынымен жұмыс жасайды, олардың талдау, талқылау, тиімді алдын алу шараларын және т.б. жасайтын уақыттары жоқ. Дәрігерлер мен медбикелердің жұмыстары бастан асып жатыр, олар қысым астында жұмыс жасап жүр: халықтың шамадан тыс талапшылдығы, жоғарыдан қойылатын үлкен талаптар мен бақылау, қағазбастылық пен есеп беру жұмыстарының үлкен көлемі, сондай-ақ, медицинадағы шегі жоқ жаңалық енгізулер. Бүгінде көп адамдардың АМСК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) мекемелерінде жұмыс жасағысы келмейді және олар басқа салаларға кетіп жатыр.

Денсаулық сақтаудың барлық сәтті жұмыс жасап жатқан салалары бірнеше факторлар есебінен осы нәтижелерге жетіп отыр. Біріншіден, бұл денсаулық сақтаудың алғашқы буынын мамандардың дайындық деңгейі бойынша отбасылық дәрігерлер мен отбасылық медбикелер қызметі негізінде нығайту. Екіншіден, АМСК-нің әлеуметтік бағытталған модельдерін дамыту. Үшіншіден, бұл адамның өзінің, отбасының, жұмыс берушінің, жеке және қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік денсаулық сақтау және алдын алу жүйелерінің өзара біртұтас жауапкершілігі. Бесіншіден, денсаулық сақтаудың алғашқы буыны деңгейінде кешенді көмек беру (медициналық-әлеуметтік-психологиялық қызметтер + тиімді алдын алу шаралары). Алтыншыдан, кіші медбике лауазымын енгізу.

Жалпы, медбикелерді даярлау бағдарламасын халықаралық тәжірибенің жаңа талаптарына сәйкес кері қарау керек. Жаңа түрдегі орта білім алған медбикеге өз бетінше бірқатар дәрігерлік қызметтерді орындай алатын кең құзырет беру қажет. Мәселен, балаларды тексеріп, вакцинациялауға жіберу, созылмалы ауруы бар науқастарды қамқорлығына алу, үйге шақырту бойынша бару, рецептер жазып беру, емханада немесе Отбасылық денсаулық орталығында науқастарды өз бетінше қабылдау, дені сау жүкті әйелдерді тексеріп отыру. Қазірдің өзінде АМСК деңгейінде орта медициналық қызметкердің атқаратын қызметін кері қарауға болады (тәжірибелі медбикелер мен фельдшерлер «жедел жәрдемде» жұмыс жасай алады, тұмауратқан науқастарды үйінен қарауға, диспансерлік есепте тұрған науқастармен жұмыс жасауға, балаларды тексеріп, вакцинациялауға жіберуге мүмкіндік беру). Әрине, бұл үдерістер жалақыларын көтеру арқылы жүруі керек.

 

АТЫ ЗАТЫНА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК

- Науқастар бұған дайын деп айта алмаймын. Қазірдің өзінде дәрігерлердің жетіспеушілігінен тұмауратқан адамдарға шақыртумен медбикелер барады, кейде, тіпті, гинекологтардың орнына жүкті әйелдерді медбикелер қарайды, яғни, анализ тапсыруға, УДЗ-ге жібереді. Көп адамдар бұған риза емес – барлығы да науқасты дәрігер қарау керек деп ойлайды. Дәрігер мамандарды даярлау сапасы да халық сынына ұшыраған, кейбір жағдайларда дәрігерлер науқастарды қате емдеп те жатады.

- Бұл, бір жағынан, адамдардың қалыптасқан діліне (менталитет) байланысты. Өкінішке орай, халқымыз тамыр ішіне дәрі жіберу тамызғыларын (капельница)ең керемет ем деп санайды. Мәселен, невропатологтар және т.б. тамырішілік дәрі жіберуді көп тағайындайды, ал бұл қауіпсіз емес және оны көп қолданбау керектігі медицинада дәлелденген. Алайда, қараңыздаршы, күндізгі стационарларда барлығы осы әдіспен емделеді. Сондықтан да болашақ дәрігерлер мен медбикелерді даярлауда науқастардың қауіпсіздігі стратегиясына ерекше көңіл бөлу керек деп есептеймін.

- Науқастар да тамызғы астына еріккеннен жатпайтын шығар. Кейде адамдар жылдар бойы дәрігерлерге барып, қымбат тексерулерден өтеді, алайда диагноздарын дұрыс айыра алмайды.

- Әрине, барлығы болуы мүмкін, себептері туралы да көп айтуға болады, алайда мен бір фактіні айтып өтейін: халықаралық тәжірибеде АМСК-ден медициналық көмек алуға келушілердің 35-40%-ы жүйкесі бұзылған адамдар екен. Елімізде одан да көп болуы мүмкін. Осыған байланысты мен, мүмкіндік болса, денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде психиатрия және наркология салаларының штаттан тыс мамандары мен АМСК-нің негізгі мамандары арасында кездесу ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Ол жерде өзара әріптестік пен мамандардың кейбір қызметін болашақта амбулаториялық деңгейде көрсету мүмкіндіктері қаралады. Сонымен қатар, АМСК дәрігерлері мен медбикелері жиі кездестіретін жүйке аурулары мен олардың белгілері бойынша білім беру модульдерін жасау керек. Олар қандай жағдайларда да бұл науқастың «өздерінікі еместігін» білулері керек.

Елімізде біраз уақыттан бері АМСК-нің әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың қатысуымен жасалатын әлеуметтік бағытталған моделі жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек деп атауды ұсынамын. Өмірлік тұрмыс-салттың өзгеруінен (урбанизация, техногендік және табиғи апаттар, экономикалық дағдарыстар және т.б.) аурулардың пайда болуы мен асқынуына әлеуметтік факторлардың рөлі артты. Қызмет өзгеріп жатыр – атауын да өзгерту қажет. Ол өзі көрсетіп отырған қызметтің мәнін ашуы керек.    

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.