Атырау, 26 қараша 20:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Б. Ізмұхамбетов: «Бізде бағаның өсуіне еш себеп жоқ»

2 025 просмотра

26 ақпанда «Атырау» мәдениет орталығында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ жергілікті «актив» алдында облыстың 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2014 жылға қойылған жоспарлар жөнінде баяндама оқыды.

БІР КҮНДЕ САУЫП АЛМАСАҢ, ҚОЛЫҢ ТАЛАДЫ

2013 жылы өңірде 32,2 млн тонна мұнай және 14,4 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштеріне қарағанда сәйкесінше 11% және 12%-ға жоғары. Индустриализациялау картасы аясында 1,4 трлн теңге сомаға 34 жоба жүзеге асырылады. 2012 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 20 есе артты. Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында «Первомайский» ЖШС өткен жылы салған сүт фермасындағы асыл тұқымды голландық сиырлар күніне 22 литр сүт береді.

Бұл шаруашылық күн сайын «Дина» базарына 2,5 тоннаға дейін сүт жібереді және төмендетілген бағамен сатылады. Махамбет ауданында өткен жылы салынған ешкі фермасы осы жылдың наурызынан бастап өнім бере бастайды.

Экономистердің есептеуінше, облыс тұрғындары жылына 53 мың тонна картоп тұтынады екен. Өткен жылы 13 мың тонна картоп жиналды, яғни, облыс өз қажеттілігінің төрттен бірін ған өзі қамтамасыз еткен. Биыл картоп егуді 1,5 мың гектарға артырамыз деп шештік, алайда мұның өзі жергілікті нарықты 40%-ға ғана қамтамасыз етуге жетеді. Облыс өзін картоппен толық қамтамасыз ету үшін егіс алқабын 3,5 мың гектарға жеткізуіміз керек.

- Бұл мәселе болашақта шешімін табады. Облыс бойынша картоптың шығымдылығы орта есеппен әр гектарға 11 тоннаны құрайды. Ал Махамбет ауданындағы «Райхан» шару қожалығы әр гектардан 40 тонна алған. Міне, нағыз диханшылар! – деп мақтады Б. Ізмұхамбетов.

 

ҚҰС КӨБЕЙЕДІ

- Облыс халқы жылына 19 мың тонна ет жейді. Бұл көлемнің тең жартысы – сиыр еті. Бұрын Алғабас ауылы мен Құрманғазы ауданында ірі шаруашылықтар болды, онда мыңдаған бас ірі қара болатын еді. Жалпы, мемлекет фермерлерге жақсы қолдау көрсетіп отыр. 400 бас малы бар шаруашылық 7 млн теңгеге жуық субсидия алады. Бұл ақшаға базардан 90 бұзау сатып алуға болады... Облыста сатылатын құс етінің барлығы шетелден келеді. Адам жылына 5 келі құс етін тұтынады екен. Яғни, облыс халқына жылына 2 816 тонна ет керек. Үстіміздегі жылы Атырауда жылына 2 600 бройлер балапанын шығаратын құс фабрикасының құрылысы басталды. Бұл нысан 2015 жылы іске қосылатын болады. Осылайша, құс етіне деген тұтынушылық сұраныс толығымен жабылатын болады, - деп жоспарларымен бөлісті Б. Ізмұхамбетов. – Жұмыртқаға келетін болсақ, облыс жылына 80 млн дана тұтынады. Биыл Атырауда қуаттылығы жылына 30 млн жұмыртқа өндіретін құс фабрикасының құрылысы басталды. Ол да 2015 жылы жұмысын бастайды. Сонымен қатар, Құлсары қаласында жұмыс жасап жатқан құс фабрикасының қуатын екі есеге арттыру, яғни, жылына 20 млн жұмыртқаға жеткізу жоспарымызда бар. Сол кезде облыс өзінің жұмыртқаға деген қажеттілігін 63%-ға жабады. Қазір тек 10 пайызын ғана өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз.

Б. Ізмұхамбетов девальвация туралы:

- Теңге девальвациясы болды, алайда бағаның өсуіне еш себеп жоқ – тұрақтандыру қорында азық-түлік бар, күн сайын нарыққа мориторинг жүргізіп отырмыз... Келесі жылы өнімдердің көпшілігін өзіміз өндіретін боламыз.

 

ҮКІМЕТТІҢ ПРОБЛЕМАСЫ

2013 жылы мемлекет қаржысына 1 444 пәтерлі 31 үй салынды. 2014 жылы 2 028 пәтерлі 34 үй тапсырылады. Сонымен қатар, биыл 4 аудан орталығында 60 пәтерлі үш қатарлы 9 үйдің (Құлсарыда – 5, Индерде – 2, Ганюшкино мен Аққыстауда бір-бірден) құрылысы басталмақ. Облыс әкімі пәтерлер тек тұрғын үй кезегі бойынша ғана беріледі деп баса айтты.

Бұрынғы әкімнен облыс бойынша елуге тарта құрылысы аяқталмаған нысан «мұраға» қалды. Олардың 29-ы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша салынуы керек еді. Жақында Атырауға келген сапарында президент өңірлік даму министрі Болат ЖӘМІШЕВКЕ аяқталмай қалған құрылыстарды қаржыландыру мүмкіндігін табу туралы тапсырма берді. Алайда, Бюджет кодексіне сәйкес, ақша аударылған құрылыс нысанындарын екінші рет қаржыландыруға болмайды. Қазір үкімет бұл проблемамен айналысып жатыр.

«Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асырудағы мәселелерге қарамастан, 2013 жылы халықты су құбыры суымен қамтамасыз ету 54%-дан 61%-ға жақсарды. 2014 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 54 су құбыры нысандарын салуға 4,3 млрд теңге бөлінді.

 

ЖОЛДАР МЕН БАЛАБАҚШАЛАР

Сарапшылардың пікірінше, жергілікті мәндегі автокөлік жолдарының тек 37%-ы ғана қанағаттанарлық жағдайда. 2014 жылы жолдарды дамытуға 14,5 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғы қаржыландырудан 0,5 пайыз көп. Қарабау-Миялы тасжолының 123 шақырымын қайта жаңғырту басталды. Республикалық бюджет есебінен ТҰрғызба, Бейбарыс ауылдарына кіретін жолдар, Ганюшкино – Приморье – Утеры – Котяевка – Шортанбай автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жалғасын таппақ. Атырау-Индер жолдарын жөндеу жалғасып, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында темір жолдан өтетін жүргіншілер өткелі салынады. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында Құлсары қаласындағы жолдар қайта жаңғыртылады. Тұщықұдық, Хамит Ерғалиев және Махамбет ауылдарында жол салынады.

Облыста балабақша орындары жетіспейді. Б. Ізмұхамбетовтың айтуынша, біз бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанда ең соңғы орындарда тұрмыз. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 52%-ды құрайды. Қазір бюджет қаражатына 11, демеушілік қаражатқа 15 балабақша салынып жатыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ   

27 ақпан 2014, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.